ДенсаулықЖаңалықтарҚала тіршілігі

Оңалту орталығының оңтайлы істері

quanysh

Жақында екі жасар Қуаныш өміріндегі алғашқы қадамдарын жасады. Осыдан бірнеше ай бұрын бүлдіршін аяғынан тік тұра алмайтын да еді. Астана қаласының Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мамандарының арқасында бала денсаулығы жақсарып келеді. Сөйлескенімізде Қуаныштың әке-шешесі бұл жаңалықты ғажайыпқа теңейтінін жасырмады.

Орталықтың ашылғанына небәрі сегіз ай өтті, ал нәти­желері қуантарлық: төрт бала өздігінен жүріп-тұра алатын болды.
Олардың ішінде кішкентай Вероника да бар. Анасы Яна Груздева баласының жеткен жетістіктерімен бөлісті. «Біз оңалту орталығынан бөлек, «ерекше» балаларға арналған мекемеге барып тұрамыз. Осында жасайтын жаттығулар мен емдік дене тәрбиесінің арқасында қызымның ден­саулығы айтарлықтай жақсарды. Сөйлеу қабілеті, қозғалыс икемі дамыды. 2 жас 9 айлық баланың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын бақылап, барлығы таңғалады. Әлеуметтік көмек көрсету орталығында балам тәй-тәй басып жүріп кетті. Біз бірден емдік дене шынықтырудың үш курсын қабылдадық. Мекеменің қызмет көрсету сапасы өте жоғары: атшабар мен бассейн бар, ойын-сауықтыру шаралары жиі өткізіледі. Бәріне барып үлгермейсің де» деді ол.
Бала саулығы үшін бір емес, бірнеше маман атсалысады, кешенді емдеу жүргізіледі. Қазіргі таңда орталыққа 320 бала келіп жүр. Дәрігерлер қойылған диагнозына, қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне байланысты әрқайсысымен жеке жұмыс істейді.
Сауықтыру сабақтарының сапасы мамандардан бөлек, бөлмелердің жабдықталуына байланысты. Мәселен, пси­хо­логтың бөлмесі жарық баға­насы мен жарық тізбектерге толы. Олар балалардың зейі­нін да­мытуға көмектесіп, дем­алуға жағдай жасайды. Бұл туралы психолог Әсел Сма­ғұлованың өзі былай дейді: «Ерекше» балаларға ло­го­педпен жұмыс істеу – өзін жеңумен тең. Са­бақтан келе сала көбінесе ашу­лы болады. Ал мұнда бала­лардың еркін ойнауына және тынығуына мүмкіндік бар. Бізден шығып, олар массажға, одан кейін жаттығу жасауға кетеді».
Емдік дене шынықтыру бөл­месі ең озық медициналық құ­рал-жабдықтармен жасақ­талған. Бүлдіршіндердің алғаш­қы қадамын жасауға септігін тигізетін арнаулы бағдарлама ұсынылады. Грос аспалы конструкциясы, вертикализатор атты құрылғы, «Атлант» кос­тюмдері – бәрі тірек-қимыл жүйесі бұзылған баланың қоз­ғалыс қызметін дамытуға оң әсер етеді.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, Астана қаласының әкімдігі бөлген 12 миллион теңге қаражат емдік дене-шы­нықтыру бөлмесін жабдық­тауға үлкен демеу болды.
Дәрігер үшін ең жоғары марапат – баланың өздігінен жүріп, қадам басуы. Ардақ Чойбекова және Күлназия Жомартова есімді массаж жасау­шылар балаларды аяғынан тік тұрғызуға бар күштерін салуда. Кешенді емдеуде тағы бір маңызды рөл атқаратын маман иесі – музыкалық терапевт. Құлаққа таңсық естіледі. Алайда еліміздің бірінші музыкалық терапевті Алтын Тақауова ән арқылы жарымжан жанды емдеу­ге болатынына сенімді. Әуезді әнді естігеннен кейін балалар біраз уақыттан соң өздері әндете бастайды. Тіпті, сахнада өнер көрсетуге құлшыныстары оянады.
Балалармен қатар орталық­тың қызметтерін 320-ға жуық жалғызбасты ардагер пайдаланады. Оларды әлеуметтік жұ­мыскерлер үйлеріне барып тегін емдейді.
– Мемлекет тарапынан жүр­гізіліп жатқан сауықтыру шаралары әзірге жалғыз. Балаларды оңалтумен айналысатын басқа мекемелер – жеке кәсіпкерлер мен қорлар. Сол себепті, бүгінде әкімдік бүкіл қаланы қамтуды жоспарлап отыр, – дейді мекеме басшысы Ырысты Баймағамбетова.
«Бала саулығы – ұлт бола­шағы» дейміз. Арбаға таңыл­ған балалардың тағдыры орта­лықтың оңтайлы жұмысы мен білікті мамандарының арқа­сында өзгеріп жатыр. Бұл – қалалық денсаулық жүйесінің дамып келе жат­қанына дәлел.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button