Әлеумет

Менингит – қатерлі кесел



Үстіміздегі жылдың 29 мамырында түс кезінде Қалалық балалар инфекция­лық ауруханасына үш жарым жасар бала ауыр халде келіп түскен-ді. Баланың кеселі: «Менингококк инфекциясы, жайылған түрі, менингит+, менингококцемия ауыр түрі деп анықталған. Бактериологиялық зерттеудің нәтижесінде диагноз тағы да нақтыланады. Осы оқиғаға байланысты аурухана басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне түсініктеме берді.

«Сәби ата-анасымен 18 сә­уірден 23 мамыр аралығында Алматы қа­ласында болған. 27 мамырда баланың қызуы көтеріліп, жедел жәрдем ша­қыртқан. Ауруы асқынып, денесінің қызуы түспеген соң ауруханаға жеткізілген» деді бас дә­рігердің медициналық қызмет сапасын бақылау жөнін­дегі орынбасары Роза Өтегенова.
«Баланың қызуы көтерілген сәтінен неге ауруханаға жеткізілмеген?» деген журналистердің сұрағына дәрігер менин­гиттің белгісі кәдімгі ОРВИ, яғни тыныс жолдарының қабынуындай басталатынын айтты.
Тұмау сияқты баланың температурасы көтеріліп, тамағы қызарып, лоқси бастайды. Дерттің маусымдық ушығуы көктем мен күзге келетін
себепті де қатерлі белгісін бірден анықтау қиын екен. Егер аурудың жайылған түрі болса, онда терісі бөртіп кетеді. Ал дене қызуы 38 градустан әрі қарай көтеріліп, денесі жиырылып, қалшылдай бастайды. Бұл, әсіресе, ба­лалардың суық­тан ауыр­ған сәтте­рінің көбіне тән келеді.
Өткен жылдың өзінде бес адам осындай қауіппен тексеріліп, оның төртеуінде менингит вирусы табылып, бесіншісінің бұл ауруға шал­дықпағаны анық­талған. Ас­танада менингококк инфек­цияның таралуы ресми т­ір­­­келген жоқ.
Десе де, бұл – өте қатерлі ми ауруы. Мұнымен көбінесе балалар ауырады. Кесел ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Ең алғаш рет ауру 1805 жыл­дары анықталыпты. Оған қарсы емдiк препаратты 1887 жылы А.Вейксельбаум ойлап тапқан екен.
Аурухана дәрігерлері нау­қастың қаншалықты тез сауығып, қатарға қосылатыны туралы ақпарат берді. Ем қонып, сәбидің беті бері
қараса, он күндей терапия­лық ем-домын алады. Содан кейін бір жылдай диспансерлік есепте тұрып, дәрігерлер­дің қадағалауында болады. «Дер кезінде диагноз қойылып, дұрыс емін алса жақсы. Алайда уақыт жіберіп алып, дәрігерге кеш қаралса, жүйке жүйесіне әсері болады» дейді аурухана бас дәрігерінің орынбасары.




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button