Руханият

Алаш арыстары әлі де әдеби кейіпкерге айнала алмай келеді

– Қазір мінбеге шыққан екінің бірі «Алаш» деген сөзді айналып өтпейді. Алаш идеясы ғалымдардың ғана емес, қаламгерлердің, тіпті саясаткерлер мен киногерлердің де ұранына айналып келеді… Шын мәнінде, тарихты, шындықты насихаттау жолдарының бірі кино тақырыбына айналдыру ғой. Алаш мұратының кинода қамтылуы көңіліңізден шыға ма?

– Кез келген тақырыптың дұрыс ашылуы, қалай берілуі – ол шығарма авторына байланысты. Қандай тақырыпты болса да, кім қалай шығарамын десе, солай шығарады. Яғни ол автордың өзінің идеясына, ұстанымына байланысты.
– Мысалы, соңғы түсі­рілген сериал – «Тар заман» туралы пікіріңіз қандай?
– «Тар заман» телесериалы түсірілетін кезде сценаридің алғашқы нұсқасын оқып, талқылағандардың қатарында болдым. Жақсы басқосулар өтті, маңызды пікірлер айтылды. Сол алғашқы беталыс бойынша Алаш қозғалысы, ондағы тарихи оқиғалар кезең-
кезеңімен жалғасып, баяндалуы керек болатын. Мен кейін киноның алғашқы бірнеше сериясын ғана көрдім. Соңына дейін тамашалауға уақытым болмады. Өйткені өзім үлкен бір шаруамен айналысып жаттым. Әлі де әр минутым аса қымбат болып отыр. Сонда да, өзім көрген серия­лар бойынша, пікірімді айтатын болсам, «Тар заман» киносын түсірерде алға қандай мақсат қойылған болса, сол мақсат үдесінен шықты деп ойлаймын. Оның оқи­ғаларында өзара байланыс бар, ондағы кейіпкерлердің болмысы, мінезі, басынан кешкендері – бәрі дерлік тарихи шындыққа жақын. Әрине, аз уақытқа көп нәрсе сыйдыру оңай емес. Сондықтан бір серия мен екінші серия­ны жалғау үшін кейбір эпизодтар ойдан құрастырылған, сөздер қосылған. Бірақ ол көркем туындының талаптарына жат емес. Мысалы, 1919 жылғы оқиғалар, кеңес өкіметі туралы талас-тартыс, пікір қайшылықтары жақсы баяндалған. Сондықтан бұл сериал өзінің алға қойған міндетін ақ­таған деп есептеймін. Бүгінге дейінгі Алаш қоз­ғалысы, Алаш үкіметі, Алаш қайраткерлері туралы түсірілген фильмдердің арасындағы ең көркем шындық бейнеленген туынды «Тар заман» сериалы деп айта аламын.
– Ал «Аманат» фильмін көрдіңіз бе?
– Жалпы, Алаштың ама­наты – қазақтың азаттығы, тәуелсіздігі, еркіндігі ғой. Алаш аманаты – азаттық­ты баянды ету. Ал «Аманат» фильмінің алдына қойылған мақсаты, аманаты бөлек. Ол да өз атын ақтады деп ойлаймын.
– «Мұстафа Шоқай» фильмі жайлы не айтасыз?
– Мұстафа Шоқайдың Түркістан идеясы туралы да, Алаш қайраткерлерімен арақатынасы, ұс­танған бағыты мен жолы жайлы менің өз пікірім бар. Сондықтан бұл кино туралы ойымды айтпаймын.
– Кинодан бөлек, Алаш тақырыбы көркем әдебиетте қамтылуы қажет-ақ. Осы жөнінде не дейсіз?
– Алаш тақырыбында қазір көп еңбектер жа­рия­ланып жатыр. Бірақ архивке барып, түбегейлі зерттеумен айналысып жүрген азаматтар бірен-саран. Мысалы, мен Берік Әбдіғалиұлының «Алаш әскері» еңбегін, Сұлтанхан Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан» атты қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жазылған ғылыми-зерттеу еңбегін, Мәмбет Қойгелдінің «Алаш қозғалысы», «Сталинизм және Қазақ­стандағы репрессия» сынды кітаптарын, осы секілді архивте отырып көз майын тауысып, тарихи шындықты түп негізінен алып шығып жариялап жүрген қалам­герлердің еңбектерін өте құнды дүниелер деп бағалаймын. Басқа журналистер, кейбір ғылым кандидаттығын қорғау үшін диссертация жазып жүргендер, кітап шы­ғарып жүргендер көп жағдайда осындай жанкешті еңбекпен ізденген ғалымдардың жариялаған мәліметтерін пайдаланып жүр. Көп жағдайда уақытша бір мүддемен Алаш тақырыбына барып жатқандар да бар. Өткен жылы «Ұлт болмысы» жур­налы «Алаш жолы» әдеби шығармашылық бәй­гесін жариялады. «Алаш­­орданың» құрылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырған ғой. Сонда поэзия, проза, жур­налистика және драма­тургия салалары бойын­ша Алаш тақырыбын ар­қау еткен шығармалар көп ұсынылыпты. Бірақ ма­ған олардың көбі аса ұнаған жоқ. Тақырыпты жете сезінбей жазылғандай көрінді. Тек бас жүлдені жеңіп алған Талғат Кеңесбаевтың «Түнде ұш­қан қаршыға» повесі ғана көңілге қонымды болды. Жалпы, негізінде, Ілияс Есенберлиннің шығармаларында Алаш идеясы, Алаш рухы өте жақсы берілген ғой. Алаш тақырыбында көркем шығарма жазғысы келетіндер сол деңгейден түспесе екен деймін.
– Дүкенбай Досжанның да Алаш тұлғалары жөнінде жазған кітабы, шағын әңгімесі бар.
– Иә, Дүкенбай Досжан сот құжаттары желісімен «Абақты» деген дерекнама кітабын шығарған. Кейін сол негізде әңгімелер де жазып жүрді. Мен осылар­дан басқа Алаш қайраткерлерін арқау еткен әдеби шығарма оқыған жоқпын.
– Сіздің «архив материалдарымен жұмыс істегенде қиын, аянышты тағдарлар жайлы оқып отырып, өзіңізді ұстай алмай, қаламыңызды тас­тай салып жылап алған кездерім болды» дегеніңіз бар еді… Сіз де жазушысыз ғой. Жан дүниеңізге әсер еткен, жүрегіңізді ауыр сезімдерге бөлеген сол деректер бойынша көркем шығарма жазу ойыңызда жоқ па?
– Алла жазса, көрерміз. Бүгінге дейін Алаш тақырыбында жазған еңбектерім Алаш мұратын бүгінгі ұрпаққа жеткізсем, тарихи шындықты жария­ласам деген ниетке негізделген. «Ұраным – Алаш» кітабымда да сол түрмедегі жағдайлар архив деректері бойынша жарияланды. Бірақ бұл тақырып бір сәт те менің ойымнан кеткен емес. Әсіресе, Алаш қайраткерлері әйелде­рінің тағдыры, олардың қуғындалуы, еріне деген адалдығы, қайсарлығы үнемі көкейімде тұрады. 1989 жылы осы тақырыпта «Қасірет» деген шығарма жазамын деп оқталғанмын. Бірақ, аяқсыз қалып кетті… Енді, бұйыртса, алда осы тақырыпқа жазушы көзқарасымен қайта ораламын ба, оны уақыт көрсетеді.

Сұхбаттасқан
Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button