Әлеумет

Еңбек нарығы өзгеріп, білім гранты көбейеді

Оқушылар сарайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев пен қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова түлектермен кездесіп, білім гранттарына кімдер іліге алатынын, еңбек нарығында қандай мамандар сұранысқа сай екенін айтып берді.

Вице-министр АҚШ-тың Бостон қаласында толықтай роботталған мейрамхананы мысалға келтіріп, еңбек на­ры­­ғы айтулы өзгерістерге ұшы­рағанын алға тартты. «Бұрын­дары танымал болған маман­дықтарға сұраныс азайып, кейбі­реулері мүлдем жойылып кетті. Оның орнын әмбебап мамандар басты. Мәселен, мұржа тазалау­шы деген мамандықты тек ертегілерде кездестіресіз» деген Нұржан Әлтаев техноло­гияның қарыштап дамып келе жатқанын сөз етті. «Бірнеше жыл бойы көбісі заңгер болуға ұмтылатын. Ал қазір оның қа­жеттілігі төмендеді. Айталық, Ресейдің «Сбербанкі» толы­ғы­мен корпоративтік заңгерлерден бас тартты. Себебі банкте заңгер сияқты кез келген норма­тивті-құқықтық құжатты тез тауып беретін компьютерлік бағдарлама орнатылған» деді ол.
Бұл пікірді әкім орынбасары Малика Бектұрова қостады. Оның айтуынша, кез келген мамандыққа «web» деген қосымшаны жалғасақ, заманауи талапқа сай маман иесі атануға болады. Ол «Картографтың жұмысын мысалға алайықшы. Бүгінде барлық карталар Digital-форматында жасалады. Yandex-карталар, Google-карталар сөзіме дәлел. Картограф болғысы келетіндер веб-картограф болуға ұмтылуы тиіс. Уақыт талабын ескеріп, әкімдік мемлекеттік тапсырысқа осындай өзгерістер енгізді» деп жаңалықпен бөлісті.
Биылғы оқу жылынан бастап қала әкімдігі елордалық жоғары оқу орындары мен техникумдарға берілетін гранттар тізімін өзгерткені рас.
– Әкімдік әзірлеген қолжетімді білім бағ­дар­­ламасы ту­ра­лы баян­дап бер­­гім келеді. Бұл жайлы 31 мамыр күні шаһар басшысы Әсет Исекешев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін жиында кеңірек айтып береді. Әкімдікте Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіндегідей еңбек нарығын зерттейтін
инс­титут жоқ. Деген­мен тенденцияларды ауқымды мәлі­мет­терді сұрыптай алатын «BIG DATA» жобасы арқылы анық­тау­ға мүмкіндігіміз бар. Талдау нәтижесі жоғары оқу орындары мен өзге білім ордаларын бітіріп шыққан мамандар еңбек нарығының сұранысына сай келмейтінін көрсетті, – деді Малика Бектұрова.

«Негізінде, OLX пен hh.kz сайт­тарында ұсынылатын бос жұмыс орындарын қарап отырсақ, мамандарға бұл заманда ескірген талаптар қойылады. Сол себепті мемлекеттік тапсырыстар тізімі түзетіліп, биыл жергілікті бюджеттің есебінен кеңейтілді. Қосымша 1102 грант заманауи мамандықтарға бөлінеді» деп жария еткен әкім орынбасары қай кәсіпке басымдылық берілетініне тоқталды. – Техникумдар мен ТжКБ ұйымдарында гранттардың саны 4547-ге көбейді. Техникумға түскісі келетін, болмаса 9-сыныптан кейін маман иесі атанғысы келетіндер біздің мемлекеттік тапсырыстар бойынша грант жеңіп ала алады. Талдау нәтижесінде тізімнен кассир жұмысын алып тастадық. Өйткені кез келген супермаркетке жұмысқа орналассаңыз, кассирге қажетті дағдыны 20 минуттың ішінде үйренуге болады, – дейді ол.
Жиынға келген жеткіншектер ІТ-технологияларға байланысты жаңа жұмыс орындары пайда болып жатқанын ұғынды. 2025 жылға қарай туризм, білім беру, сауда-саттық, көлік және логистика салаларында автоматтандырылған жүйе енгізіліп, 900 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Себебі елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аса қарқынмен жүзеге асырылуда.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button