Қоғам

Міржақып мектебіндегі кездесу



Қала әкімдігі мен «Elorda Aqparat» медиакомпаниясының «Мектеп және медиасауаттылық» атты жобасы аясындағы кезекті кездесу Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназияда жалғасын тапты. Астана қаласы білім басқармасымен бірге ұйымдастырып жатқан жоба шеңберінде алтыншы мектепте өткен бұл кездесу де оқушылардың белсенділігімен риза етті. Оқу орнының сырт келбеті ғана көрікті емес, іші балалардың білімі мен шығармашылығын дамытуға арналған залдар мен орталықтарға толы екеніне куә болдық.

Көктал тұрғын алабындағы аталған мектептің директоры Лаура Сарсембекова алдымен оқу ғимаратының жаңа залдарын аралатып көрсетті. 2011 ашылған білім ошағында бүгінде 2594 бала екі ауысымда таза қазақ тілінде білім алады. Мектеп-гимназияда олардың рухани дамуына ерекше көңіл бөлінетіні бірден аңғарылады. Мектепке 2020 жылы Алаш қайраткерінің есімі берілгеннен кейін мұнда Міржақып мәдени-ақпараттық орталығы ашылған. Бұл орталықта Қазақстанның картасы қабырғаға арнайы салынып, оған Міржақыптың жүріп өткен жолдары, Алаш зиялыларының ішінде кіммен қандай байланыста болғаны, еңбектері бедерленген. Картаны QR код арқылы сөйлеткенде ақын туралы барлық деректермен танысуға болады. Сонымен қатар орталықтың екінші қабырғасындағы сәнді сөрелерге оның барлық кітаптары мен ол туралы жазылған еңбектер қойылған. Бұл жерде мектеп оқушыларына «Міржақыптану» сабағы өткізіледі екен.

Мектепте сондай-ақ 2018 жылы ашылған «Алаш жолы» музейі бар. Бұл тарихи-субъективті музейге қойылған дүниелер қолдан жасалған, музей тарихи 4 кезеңді қамтитын бөлімдерден тұрады. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасының элементі ретінде жаңа кітап­хана жасақталып жатыр. Үшінші қабаттағы дәліздер «Ұлттық құндылықтар» мекені деп аталады. Мұнда оқушылардың қатысуымен ұлт аспаптық ансамбльге арналған бұрыш, Қазақ үй, үзіліс кезінде демалуға арналған жайлы аймақтар, дебат залдары ашылған.

Мәжіліс залындағы жиынға болашақта тіл маманы, журналист боламын деген оқушылар жиналып, олар келген қонақтарға журналистикаға қатысты көкейдегі сұрақтарын қойды. Кеш қонақтарын бастап келген «Elorda Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары Рауан Сәбитұлы оқушыларға ақпарат деген не, оны қалай іздеу керек, әр адамның медиасауаттылыққа дұрыс назар аударуы, әлеуметтік желілерден ақпарат алып, оны пайдалану сияқты сұрақтарға тұшымды жауап берді.

– Шығармашылыққа бейімі бар балаларды осы бастан баулып, газеттерге мақалаларын жариялауға, жалпы өздеріңізбен байланыс орнатуға келдік. Дарынды балалардың талантын ұштап, қолдау көрсетуге қашан да дайынбыз, – деді Р.Сәбитұлы.

Сонымен қатар кездесуге келген «Astana aqshamy» газетінің тілшілері – Аманғали Қалжан, Райхан Рахметова және Индира Бержанова журналистикадағы өз тәжірибесімен бөлісті. Еркін форматта өрбіген кездесуде әлеуметтік медиада ақпарат алмасу мен тарату, қарым-қатынас орнату жолдары туралы ойлар ортаға салынды. Журналист болам деп алдына мақсат қойып отырған мектеп шәкірттерінің салаға қызығушылығы сұрақтарынан да аңғарылды. Олар басылымға материал дайындау барысындағы қиындықтар мен кедергілер, журналистің жеке басына қауіп төнген жағдайда оларды қорғау, танымал тұлғалармен сұхбат алуға дайындық жүргізу, журналистік қабілетті дамыту жолдары, белді журналист болу үшін қажет машықтар мен қосымша білім қандай деген сұрақтардан бөлек, келген қонақтардың әрқайсысына жеке сауалдарын қойды. Жылы жүздесу соңында журналис­тер қауымы жастарды медиахолдинг ұйымдастырып жатқан «Ел жүрегі – елорда» атты оқушылар арасындағы шығармашылық байқауына қатысуға шақырды. Оған 15 қазанға дейін елордадағы білім ордаларының  7-11-сынып оқушылары өз шығармасын ұсына алады.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button