ӘлеуметЭкономика

МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУҒА НИЕТТІЛЕР ӘЛІ ДЕ КӨП



Ағымдағы жылдың 21 қазанындағы жағдай бойынша елорданың жергілікті атқарушы органдарындағы комиссияларға жалпы сомасы 109 млрд теңгені құрайтын барлығы 8 494 өтініш келіп түскен.

04

Арнайы комиссияның шеші­мімен бүгінге дейін түскен өті­ніштердің 3 545-і қанағат­тандырылып, 37,3 млрд тең­ге­нің 7 676 нысаны заңды түрде тіркеуге алынған. Заңдас­ты­рылған мүліктердің 3 973-і – тұрғын үйлер болса, қалғаны – коммерциялық және басқа мақсаттағы нысандар. Сонымен қатар, 5 заңды тұлғаның қатысу үлесі 457,9 млн теңгені құрайды.
Сондай-ақ, мүлікті заңдастыру науқаны бастау алғалы бері қаржыны жария ету бойынша 494,2 млн теңгеге 479 арнайы декларация тапсырылған. Тағы 8 млн 110 мың теңгенің құнды қағаздары жария етілді. Қабылданған декларациялар бойынша келіп түскен қар­жылар екінші деңгейлі банктерде ашылған ағымдық есепшот­тарға аударылып, заңдас­ты­рылып жатыр.
Келіп түскен өтініштердің басым бөлігі Алматы ауданының тұрғындарына тиесілі. Астана қалалық Қаржы басқармасының мәліметінше, мүлікті жария ету науқаны басталғалы бері осы ауданда жалпы сомасы 59,2 млрд теңгені құрайтын 3 939 өтініш келіп түскен. Ал Есіл ауданының әкімдігіне 31,3 млрд теңгенің 1 439 өтініші жолданса, Са­рыарқа аудандық комиссиясы да 18,5 млрд теңгенің 3 116 өтінішін қарап үлгерген. Ал жалпы ел аумағында жылжымайтын мүлік, ақша, бағалы қағаз – барлығын қосқанда 2,8 трлн теңгеден астам қаржы заңдастырылды. Оның 1 917,8 млрд теңгесі – қолма-қол ақша. Қалғаны – жылжымайтын мүлік, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесі және құнды қағаздар. «24 қазанға дейінгі есеп бойынша Мемлекеттік кірістер органдары мен Мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияға жалпы еліміз бойынша барлығы
3 170 642,6 млн теңге сомасында 119 487 өтініш (декларация­лар) түскен. Бұлардың 110 мыңнан астамы ел аумағында тіркелген мүліктерге қатысты болса, 200-ге жуығы – шет елде тіркелген нысандар. Барлығы 109 мыңнан астам мүлік заңды түрде тіркеуге алынды» де­лінген Қаржы ми­нистрлігінің мәліметінде.

Жылжымайтын мүлікті жария ету үшін салық органдарына (жеке тұлғалар тіркелген жері бойынша, заңды тұлғалар мемлекеттік тіркелуі бойынша) екі дана өтініш, алымның төленгенін растайтын және жеке басын куәландыратын құжат өткізесіз. Ал заңды тұлғаның өкілдері үшін заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелу туралы куәлігі, салық төлеуші куәлігінің нотариатпен куәландырған көшірмелерін және олардың өкілеттігін растайтын құжаттар қажет. Шет тілде ресімделген құжаттар мем­лекеттік тілге немесе орыс тіліне нота­риат куәландырған аудармасымен табыс етілуге тиіс.

1796557_615906585124521_252282870_nАстана қалалық Кіріс департа­ментінің бөлім басшысы:
– Бұл – азаматтарға да, мемлекетке де тиімді шара. Акцияның негізгі мақсаты кіріс көздерін жасырып, заңды экономика айналымынан тыс, яғни көлеңкелі жолмен айналымда жүрген мүлікті заңдастыру болып табылады. 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі уақыт аралығында заңсыз жолмен келген барлық түсімдерден
пайда тапқан болсаңыз, ағымдағы жылдың соңына дейін оны еш алаңсыз заңдастырып алуға мүмкіншілігіңіз бар. Тағы бір айта кетерлігі, заңдастырылған мүлік пен ақша салық алу мақсатында кіріс болып есептелмегендіктен, табыс салығы салынбайды. Тек Қазақстаннан тыс жер­лердегі мүлікті жария ету үшін 10 пайыздық алым алынады. Оның үстіне құзырлы органдар мүлкін заңдастырушы азамат жайлы ақпараттардың құпиялығын қамтамасыз етуге де кепілдік береді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button