ӘлеуметЭкономика

СОЛТҮСТІКТІҢ СЫЙЫ

Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» бағдарламасының аясында Солтүстік Қазақстан облысының күндері өтті. Өткен демалыстарда «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы алаңында Қызылжар аймағынан елордаға жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы қызу жүргізілді. Саудамен қатар, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қызылжарлық өнерпаздар салған әсем әндер халықтың құлақ құрышын қандырды.

????????????????????????????????????

ЖЕРЛЕСТЕРМЕН ҚАУЫШТЫРҒАН ЖӘРМЕҢКЕ

Солтүстік Қазақстан облы­­сының сауда сөрелерін ара­лағанымызда, азық-түліктің қай ауданнан әкелінгенін анық­тайтын баннерлердің өзі көз сүйсінтті. Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атаулары тәуелсіздік жылдары өңірдің біраз қазақыланғанынан хабар берді.
Қызылжарлықтар Астанаға 700 тоннадан астам өнім жеткізіпті. Соның ішінде 95 тонна ет, 10 тонна шұжық өнімдері, 24 тонна сүт өнімдері, 450 тонна картоп пен басқа да көкөніс, 20 тонна балық, 10 тонна макарон өнімдері, 16 тонна бал, 100 тонна ұн және басқа да азық-түлік түрлері саудаға шығарылды. Жалпы алғанда, жәрмеңкеге өңірден 100-ден астам шаруашылық пен өңдеуші кәсіпорындар қатысты.
– Астана тұрғындары Сол­түстік Қазақстан облысының жәрмеңкесін жыл сайын асыға күтеді. Осы өңір жәрмең­кені жоғары деңгейде ұйым­дас­тыруды дәстүрге айналдырды. Оны өздеріңіз де көріп тұр­сыздар, қызылжарлықтар сау­дамен қатар концерттік бағ­дарламаны да қызықты етіп құрып, қонақжайлылығын танытып, халықты дәммен де сыйлауда. Бұдан соң кезек Ақмола облысына келеді. Астанамен көршілес аймақ биылғы жәрмеңкелерді түйіндейді. Бұл шараларда азық-түлік нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен саудалануымен қатар, мұндағы атмосфера да көңілге жағымды болады. Астанаға еліміздің әр өңірінен халық жиналғанын білесіздер. Осы күндері астаналық атанған олар әдетте осындай жәрмең­келерге жерлестерімен қауы­шуға келеді, – дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.

АУДАНДАР ҚОНАҚЖАЙЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Қала басшысы орынбасарының сөзінің дәлеліндей, Тайынша ауданы тіккен киіз үйдің маңайына барғанымызда халыққа ыстық палау мен бауырсақ үлестіріліп жатқанын көрдік. Осылайша әр аудан бір-бір қызық шара ұйымдастырыпты. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының Гүлмайда Манақбаева атты тұрғыны зейнеткерлікке шық­қаннан соң моншақтарды өру өнерімен айналыса бастапты. Әлия Рыспаева болса көрпе, жастық сияқты ұлттық қолөнер бұйымдарын тігеді екен. Дмитрий Нападов темірден түйін түйген шебер болып шықты.

????????????????????????????????????
????????????????????????????????????

Ғабит Мүсірепов ауданының қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан үй құстарының мүсін­дері бізге тірі сияқты болып көрінді. Айыртау ауданының қуыршақтары да көзді қы­зықтырды.
Солтүстік өңірі елордаға етті молынан жеткізіпті. Жылқы еті – 1250 теңгеден, сиыр еті – 1100 теңгеден, қой еті 1050 теңгеден саудаланды. Бұған қоса, қаз бен үйрек етінің бағасы 1200-1500 теңге аралығында болды. Ет қойылған сөрелердің жанында: «Ет тамаша екен, қап, мұздатқышым толып қалып еді» немесе «Семіз ет екен, бірақ анам ондай етті жемейді» деген сөздерді естіп қалдық. Бұдан соң дорбасын етке толтырып, сәл әрірек тұрған ағамыздың жанына барып, жәрмеңкеден алған әсерін білдік.
«Әр апта сайын жәрмеңкеге келемін. Әсіресе, қызылжар­лықтар жәрмеңкені жақсы ұйымдастырыпты. Мұндағы азық-түлік бағасы қала базарла­рындағы бағаға қарағанда арзан. Өзім жылқының да, сиырдың да, қойдың етін де сатып алдым. Қазаққа семіз ет керек қой, мені сол қызықтырды. Арасында жеңіл ет болсын деп бір тауықты да қостым» дейді Астананың байырғы тұрғыны Сайлаубек Айдарханұлы.

ТҰЛҒАЛАРДЫ ТІРІЛТКЕН ҚОЙЫЛЫМДАР

Астана қаласындағы Солтүстiк Қазақстан облысының күндері 18 қазанда басталғанын айта кетейік. Сол күні М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры сахнасында Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры «Мағжанның соты» спектаклін қойды.
Аталмыш қойылымның авторы әрі қоюшы режиссері, ҚР еңбек сіңірген әртісі Виктор Шалаев пьесаны осыдан сегіз жыл бұрын, ақынның туғанына 115 жыл толуына орай сахналаған. Көп зерттеушілердің пікірінше, Абайдан кейін қазақ поэзиясын биікке осы Мағжан шығарды. Спектакльде тұлғаның трагедиялы тағдыры жан-жақты ашылған. Мағжанның бала кезінен бастап ақын болып қалыптасу кезеңдерін баяндайтын қойылым өткен ғасырдың қасіретке толы отызыншы жылдарына жетелейді. Ал драманың астарында тұлғаға тағзым ету идеясы жатыр.
Қызылжарлықтар елордаға осы бір спектакльді ғана әкелген жоқ. Өңірдің қуыршақ театры кішкентай көрермендерді үш күн бойы «Әуеле, домбыра» қойылымымен сусындатты. Сондай-ақ, қайырымдылық мақ­сатында балалар үйінде «Менің досым – бағдаршам»
атты танымдық, тәрбиелік қойылымды көрсетті.

????????????????????????????????????

Ал С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театры «Елім-ай» тарихи дастанының желісімен қойылған «Дауылпаз баба – Қожаберген» спектаклін астаналықтарға ұсынды. Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып қойылған қойылымның режиссері – Батырбек Шамбетов. Зар заман оқиғаларын тірілткен спек­такльдің бас кейіпкері Қожа­берген жырау болса, онымен қатар қойылымда Әз Тәуке, Бөгенбай батыр, жоңғар қоң­тай­шысы Сыбан Рабданның бейнелері көрінеді.
Театрларға қоса, өңірдің өзге мәдени ошақтары да аймақтың бас қаладағы күндеріне үлес қосты. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағаты Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында «Солтүстіктің байлығы: бірегей мұрағат құжаттарындағы тарих» көр­месін ұйымдастырды. Бей­біт­шілік және келісім сарайын­да С.Мұқанов атындағы об­лыстық кітапхана және Сол­түстік Қазақстан облысының мұражай бірлестігінің ұйым­дастыруымен «Туған жердің тартылысы» көрмесі мен жер­гілікті суретшілердің «Өңір маржаны» көрме экспозициясы ұйымдастырылды. Сол жерде бірқатар қолөнер шеберлері қолданбалы өнер түрлерінен шеберлік сабақтарын өткізді. Ал өңірдің үздік өнер ұжымдары «Мағжан елінен – елорда төріне» атты гала-концертте ән-күйді шалқытты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button