Жаңалықтар

«МҮМКІНДІКТІҢ» МЕЙІРІМІ



07

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай «Шанс» («Мүмкіндік») әлеуметтік-құқықтық қолдау орталығында жұртшылыққа тегін шаш қию акциясы өткізілді. 

Акция барысында тек шаш қию ғана емес, сонымен қатар қыз-келіншектерге маникюр, педикюр жасау қызметтері де тегін ұсынылды. Бұл игілікті іске арнайы курста оқитын бірнеше шаштаразшы мен маникюр және педикюр жасау шеберлері жұмылдырылған болатын. Келушілер де осындай акцияның өткізіліп жатқанына дән риза болды. Солардың бірі – Несібелі есімді бойжеткен.

– Мен мұнда акция аясында шашымды тегін әрлеп, маникюр жасаттым. Қызмет көрсету сапасы ұнады. Шеберлерге көп рақмет. Сол сияқты, акцияны ұйымдастырушыларға да алғысымды білдіргім келеді, – дейді Несібелі.

«Шанс» әлеуметтік-құқықтық қолдау орталығының директоры Ольга Рыль тілшілер тобына Құрбан айт мерекесіне арналып жайылған дастарқан басында сұхбат берді. Әңгіме барысында Ольга Владимировна жалпы «Шанс» орталығы жайлы айтып өтті.

– «Шанс» орталығы балалықпен қандай да бір бұзақылық немесе заңға қарсы әрекеттер жасап, заң алдында жауапқа тартылған жасөспірімдерге түзу жол бағыттап, олардың болашақта екінші қайтара қателікке бой алдырмай, еңбек етіп, ел қатарлы өмір сүруіне қолдау көрсету мақсатында 2010 жылы құрылған. Орталық қалалық әкімдікпен, Білім басқармасымен және құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары бағыттаған 9-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді қарамағына алып отыр, – дейді О. Рыль.

Ольга Владимировнаның айтуынша, аталмыш орталық ашылған күннен бастап мыңдаған жасөспірімге қолдау көрсеткен. Ал қазіргі уақытта орталық базасында 630 бала мен жасөспірім тіркелген екен.

Бұл мекемеде әлеуметтік мамандар мен психологтар және заңгерлер – барлығы 19 маман қызмет етеді. Сол сияқты орталықта тіркеуде тұрған балалар бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін домбыра, гитара, жол жүру ережелерін үйрету сияқты үйірмелер де қарастырылған. Айта кету керек, мұндағы барлық қызмет түрлері – тегін. Әлбетте, тек тіркеуде тұрған балалар үшін ғана. Сондай-ақ, орталықта балалар қонақүйі де қарастырылған. Мәселен,түрлі себептермен үйінен кетіп қалған балалардың қандай да бір жаманшылыққа ұрынып қалмауы үшін біраз уақытқа осы қонақүйді паналауға мүмкіндіктері бар.

Жұмыс орындарын аралата жүріп таныстырған Ольга Рыль қалалық әкімдіктің қолдауымен аталмыш ұйымның базасында тіркеуде тұрған балалар үшін мекеменің жанындағы бос орынға футбол алаңының да салынғанын жеткізді. Айтуынша, қазіргі уақытта бұл алаңда ықшам аудан тұрғындары да спортпен айналысатын көрінеді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button