Музей мерейі
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында дауылпаз ақын, көрнекті қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин музейінің құрылғанына отыз жыл толуына арналған әдеби-музыкалық кеш өтті.
Сәкеннің өмірі мен шығармашылығы кешегі Ақмола, бүгінгі Астана тарихымен жымдасып өрілген. Осындағы үш сыныптық қалалық училищеде білім алды. Елордадан алыс емес Ахмет төре ауылында балаларға сабақ берді. 1917 жылы Ақмолаға көшіп келіп, «Жас қазақ» саяси және әлеуметтік-мәдени қоғамын құрды. Айта берсе, Ақмола топырағында арқалы ақынның басқан іздері толып жатыр. Алайда, қара басынан туған халқын биік қойған қайраткер қызыл империяның қақпанынан құтылмады. 1938 жылы жалған жаламен атылды. 1957 жылы жары Гүлбаһрамның өтінішімен ақталды. Арада біраз жылдар өткен соң, Қазақ КСР министрлер кеңесінің жарлығымен 1988 жылы 21 ақпанда Ақмолада Сәкен музейі ашылды. 1995 жылы 17 тамызда Елбасы Ақмолаға келген сапарында, ақын музейіне соғып, «Асыл бабамыз Сәкен Сейфуллиннің әруағы тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүрсін» деген тілегін жазып қалдырған.
Міне, содан бері де доптай домалап отыз жыл өтті. Мұражайдың алғашқы басшысы Роза Асылбекова ардақты азаматтың мұрасын жинақтауда көп еңбек сіңірді.
Кеш барысында музей директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы жиналғандарға құттықтау лебізін білдірді. Ұжымның бірінші басшысы Роза апай пен ақын мұрасының жанашыры, қайраткер Оралбай Әбдікәрімовке құрмет көрсетті. Қапаш Құлышева, Серік Оспанов, Қанат Жүнісов, Жанғали Жүзбай секілді танымал өнерпаздар әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй төкті. Сондай-ақ, жастар ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Сөйтіп, Сәкен музейінің мерейі бір биікке көтерілді.