Мәдениет

Қадірі бөлек Қожықовтар

Саяси қуғын-cүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай бас қаладағы Ұлттық музейде қазақ руханиятында өз орны бар текті әулет – ағайынды Қожықовтардың жеке қорындағы құнды мұраларды қамтыған «Қасіретті жылдар тағылымы» атты көрме өтті.

Көрмеге Қожықовтар қолынан шыққан 77 жәдігер қойылды. Әсіресе, топтаманың көп бөлігін еліміздегі алғашқы театр және киносуретшісі Құлахмет Қожы­қов­тың дүниелері құрады. Бұл кісі кезінде кеңестік кино өне­рінде айшықты іздері қалған – С.Эй­зен­штейн, Г.Рошаль, М.Левин­дермен қатар жүріп еңбек еткен тұлға.
Қылқалам шеберінің көрмедегі біраз шығармаларынан өткен жылдардың бедерін көре алдық. «Домбыра үнімен» атты кинотуындысы, «Алып туралы аңыз» кино новелласы және «Жамбыл», «Менің атым Қожа», «Алдар көсе» көркем фильмдерді түсіру кезінде жасаған эскиздік фото нұсқалары келушілерді бейжай қалдырмады. «Саябақ күзі», «Клиндегі орман» дейтін акварельдік шығар­масы мен «Сырдария кеші» ком­позициялық картинасы көңіл­дің нәзік пернесін қозғады. «Ақ­табан шұбырынды жылдары» топтамасының графика­лық па­рақшалары композициялық құр­лымымен тартымды өрілген. Сонымен қатар, суретші «Жұт», «Жа­пан даладағы күрке» аталған эскиздерінде ашаршылықты бастан кешкен жұртымыздың күйзелген көрінісін шынайы бейнелеген. Сондай-ақ, атақты режиссер Сұлтанахметтің «Қыз Жібек» фильмін түсірудегі оқиға-этюдтердің орындалу барысы таспаланған бейнелі деректері мен түсірілім кезіндегі фотосуреттері де өз ерекшелігімен көркем.
Шараның ашылуында Құлахмет Қожықовтың қызы Сәуле апа айтулы көрменің еске алу күнімен сабақтасып өтіп отырғандығын сөз етті. Өйткені қуғын-сүргін нау­қаны бұл әулетті айналып өтпеген. Киелі шаңырақтың тірегі, белгілі қоғам қайраткері, өткен ғасыр басында Ташкент мұғалімдер семинариясын бітірген, 1912 жылы Орынборда алғашқы «Әліппе» оқулығын шығарысқан ардақты азамат Қоңырқожа Қожықов жа­зықсыз тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Ал оның жары Ләтипа апа да осал адам болмаған. Қолынан бал тамған шебер болған. Сол кезде сахналанған «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Шұға», «Ер Тарғын», «Жалбыр» секілді қазақ операларында өнер көрсеткен әртістердің костюмдерін тіккен.
«Атам Қоңырқожаның төрт ұлы болды. Үлкені Қожахмет қазақ бей­нелеу өнеріне жаңа бағыт әкелген кәсіби суретші болса, екіншісі Құлахмет – халқымыздың алғашқы театр және кино өнері­нің дизайнер-бейнелеушісі. Үшін­шісі – Нұрахмет болса танымал мүсінші-монументалист, төртіншісі – Сұлтанахмет қазақ кине­матографиясының асылы «Қыз Жібек» фильмін өмірге әкел­ген режиссер» деді тектінің тұяғы.
Бір сөзбен айтқанда, қасіретті жылдардың өрті шарпыса да, өнегесінен таймаған іргелі әулет­тің өнері бүгінгі жас ұрпаққа үлгі екендігін таныдық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button