Рухани жаңғыру

Фариза феномені

Ұлттық академиялық кітапханада Қа­зақ­стан­ның халық жазушысы, Мемле­кет­тік сый­лықтың лауреаты Фариза Оңғар­сынова туралы «Білмейсіңдер, мені әлі білмейсіңдер» атты естелік кітаптың таныстырылымы болды. Әдеби шараға елор­дадағы зиялы қауым мен Атырау мен Маң­ғыстаудан келген делегация өкілдері қатысты.

Бұл жинақ «Фариза Оңғар­сынова» атындағы қайы­рым­дылық қордың қолдауымен жарық көрді. Кітапты құрас­тырған – журналист Гүлсім Оразалықызы. Айтулы еңбекке Әбділда Тәжібаев, Әбіш Кекілбаев, Серік Қирабаев секілді әдебиет алыптарынан бастап, өмірде ардақты ақынмен жақын сый­лас­қан, шығармашылығын қа­дір тұтқан замандастары мен қаламдастарының естеліктері топтасқан.
Басқосуды Мәжіліс депутаты, белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахманов жүргізіп, ­ арғы-бергі дәуір­де ғұмыр кешкен жақсы­лардан тартып, солардың өнегелі жолын жалғаған асыл ақын туралы ақтарылып сөйледі.

«Өткен ғасыр ортасында ха­лық «қарағайға қарсы біт­кен бұтақтай» тұлғалардың төңі­регінде топтасып, соларды құр­меттеу арқылы өз мінезін көр­сеткісі келді. Билікке иілмеген сайын Баукеңді жұрт жақсы көрді. Сол жылдарда осындай фенемон құбылысты әйел баласынан жасаған адам – Фариза Оңғарсынова. Біз Фаризаны қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, жырымыздың топтан озған жүйрігі деп қана ба­ғалаймыз. Оның феноменін ұғу үшін бабаларымыздың қыз баланы қонақ деп қадірлейтін ерекше қасиетін түсіну қажет. Оңғарсынова арқылы қазақ қоғамында қыз бала қадірлірек бола түсті. Әйел адамның абыройы артты. Өйткені Фаризаның ықпалы әдебиет пен мәдениеттің маңайынан асып, құбылысқа айналды» деп парасатты ой қозғады. Одан кейін сөз кезегі тиген белгілі қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді мен Оралбай Әбдікәрімов талантты тұлғаның адами болмысы жайында әсерлі естелік айтты. Жарық дүниеде аяу­лы кісімен жақын бауыры болып араласқан, бүгінгі Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Фариза есімін дін жолын берік ұстаған атасы қойғандығын әңгімеледі. Ал белгілі қайраткер Равил Шырдабаев: «Ол ерекше адам болды. Қайраткерлік қыры да бөлек. Тәуелсіздік алғаннан кейін екі әйел ғана жазушы халық қалаулысы атанды. Соның бірі – Фариза. Біздің өңірдің табиғатын оның шығармаларынан білу­ге болады. Мәселен, одан Каспий­дің ерке толқынын, Нарын құмының гүлін немесе жусан мен адыраспанның иісін сезінесіз» дей келіп, Атырау облысының әкімі болып тұрғанда Жұмакен мен Фаризаға еңселі ескерткіш тұрғызған Б.Ізмұхамбетовке ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, шара барысында Бірғаным Әйтімова, Оразкүл Асанғазы ақынның қайраткерлік қырларына тоқталды. Көрнекті тұлға Қаратай Тұрысовтың зайыбы Әскергүл апа дарынды жанның қайсар мінезін дәріптеді. Халқымыздың тағы бір қайраткер қызы Зәуре Қадырова оның сырқаттанып жүргендегі соңғы сәттерінен сыр шертті. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек Фариза апамызбен Түркіменстанға барған сапарындағы бір оқиғаны айтып, жиналғандарды ду күлдірді.
Қысқасы, ойымызды Сауытбек ағаның «бұл кітап тұтастай дерлік адам Фаризаны ашуға арналған» деген сөзімен түйіндесек болады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button