Басты ақпарат

МЫҢ ТАҒЗЫМ САҒАН, МАЙДАНГЕР!



1

Ұлы Жеңістің 70 жылдығын барша қазақстандықтар салтанатпен атап өтті. Осы айтулы мерекеге орай елордамыз Астана қаласында да көптеген шаралар ұйымдастырылды. 9 мамыр – Жеңіс күні «Отан қорғаушылар» монументі алдындағы алаңға қала тұрғындары мен меймандар көп жиналды.
Елорда төрінде Жеңіс күнін тойлауға еліміздің барлық аймақтарынан 500-ге жуық қадірлі қариялар шақырылды. Олардың арасында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, сонымен қатар, еңбек майданында қажырлылық танытқан тыл еңбеккерлері болды. Соғыс жеңімпаздарына құрмет көрсетушілер қатарында жас­тар мен балалар да жүрді.

Жеңіс туын желбіреткен мерекелік шаралар аясында соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, алаңда әскери шатырлар тігіліп, майдангерлерге арналған дастарқан жайылды.
– Ұлы Отан соғысын бастан кешкен адам ретінде айтарым, Жеңіс күні баршамызға құтты болсын. Біздің елімізде, оның ішінде елордамыз Астанада ардагерлер үшін жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев игілікті істер атқарып отырғанын айтуға тиіспіз және шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Міне, қандай жақсы мереке болып жатыр. Халықтың қуанышы көрініп тұр. Біздің бүгінгі ұрпағымыз енді соғыс көрмесін деп тілеймін. Елімізде осындай бейбітшілік пен мереке бола берсін, – дейді «Отан қорғаушылар» алаңыңда жүрген қарт сарбаз Құтжанбай Ахметов марқайып.
Ардагерлерге құрмет көрсетушілер қатарында болған Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Әбуева да өзінің өзекжарды лебізін білдірді.
– Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу біз үшін өте маңызды әрі қуанышты шара болып отыр. Барша адамзатты фашизмнен құтқарған ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те жарасымды деп ойлаймын. Бүгінде Астана қаласында 206 ардагер тұрып жатыр. Қала әкімдігі тарапынан осы ардагерлерімізге тиісінше барлық жағдай жасалып отыр. Шын жүректен барша ардагерлерге зор денсаулық тілеймін. Жеңіс күні баршамызға құтты болсын, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Күні бойы қаланың әр ауданындағы көпшілік орындарда халықтық серуендерге қатысып, көңіл-күйі көтерілген астаналықтар мен қала меймандары кешке қарай Астана аспанын айшықтаған мерекелік отшашуды тамашалады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button