Мәдениет

Жанар АЙЖАНОВА, әнші: Бұл этноконцерт болғалы тұр

Ж.Айжанова-фото-2

Елін жиырма бес жылдан бері әсем әніне бөлеп келе жатқан Жанар Айжанова Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап Астанада «Тарихы тасқа жазылған» атты жеке концертін қоймақ. Осыған орай біз белгілі әншімен тілдескен едік.

Жанар, сіз Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап концерт өткізгелі
жатыр екенсіз. Қазақ ғалымдары мен саясаткерлер, ұлт күрескерлері ерекше мән беріп отырған мерекеге әншінің өз ықтиярымен шашу шашуы жаңалық болып отырғаны рас. Бұл бастама қалай туды?

– Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары Астана әкімдігі, қалалық мәдениет басқармасы қазақтың маңдайына біткен елеулі өнер жұлдыздарының жеке концерттерін өткізуге қолдау көрсетіп отыр. Өткен мерекелердің бірінде талантты әнші Сәкен Майғазиев, одан бергіде Айгүл Қосанова шығармашылық кешін өткізді. «Концерт қоясыз ба?» деп өтініш жасалғанда менің де қуана қабылдағаным рас.

Концерттік кештің тақырыбы ерекше болып тұрғанын өзіңіз де сезетін боларсыз?

– Ол рас. Мен осы концертімді қандай айдардың аясында өткізсем екен деп, «тоғыз ай толғаттым». (Күледі.) Әуелде «Әсем әнім – сіздерге» деп атағым келген. Бірақ, байқасам, оным тым қарапайым, жеңіл болып кетеді екен. Сосын ойлана келе, «Тарихы тасқа жазылған» деген тақырыппен ерекше концерт өткізгім келді. Ол ойымды Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа айтып едім, қоштай кетті. Бұл атау біздің биылғы жылы тойлағалы жатқан мерекелік даталарымызбен, әсіресе Қазақ хандығының 550 жылдығымен үндес келіп отыр. Өзіңіз білесіз, қазақ хандығы туралы айтқанда «мен қазақпын» деген азаматтардың бәрі елең етпей қоймайды ғой. Бұл – біз үшін өте маңызды, қызықты әрі мазмұнды мереке. Сондықтан, мен де өз бағдарламамды осы талаптарға сай жасауға тырысып жатырмын.

Құпия болмаса, бағдар­ла­маңызға репертуа­рыңыздағы қандай әндерді енгіздіңіз?

– Менің репертуарым өте бай. Ондағы шығармалардың бәрін жақсы көремін. Бір әнді таңдап алсам, екіншісі жәудіреп тұратын сияқты… Жалпы, барлық әндерімді орындау үшін маған кемі үш-төрт концерт беру керек шығар. Сол себепті, концерттік тақырыбымның салмақтылығына сай, әндерімді іріктеп, ең маңыздыларын алуға тырысып бақтым.

Бәлкім, өзіңіз де естіп жүрген боларсыз, соңғы жылдары маған  «домбырамен ән айтпай кетті» деп өкпелеп жүргендер көп. Алғашқы жылдары сахнаға домбырамен халық әндерін, теремелер орындап шыққаннан кейін, көпшіліктің менен сол мәнерде ән күтетіні де қисынды. Сондықтан, осы жолы концертімді үш бөлімге бөліп отырмын. Бірінші бөлімде ылғи оркестрмен ән айтатын боламын. Екінші бөлімде домбырамен шығамын. Үшінші бөлімде эстрадамен әрленген әндерді ұсынбақпын.

– Мереке қарсаңында қойылатын концерттер көп қой. Дегенмен, сіз шашу шашқалы отырған той – бөлек той. Сондықтан, өзгеше, бөлек бір жаңалық күтетініміз рас.

– Ақыры сұрап қалдыңыз ғой, айтайын, бұл концертке мен бастан-аяқ этнокостюммен шыққалы отырмын. Тіпті, эстрадамен әрленген әндерді орындағанда да ұлттық киімде боламын. Оның өзінде, айтқан әнім де, киімім де тақырыпқа сай болуы үшін, қазақтың қолданыста қалып бара жатқан ұлттық киім үлгісімен, мысалы, қасабамен шықпақпын. Бір сөзбен айтқанда, бұл концерт, этнобағдарламамен
өткелі отыр.

Сосын тағы бір жаңалығым, мен өзімнің ән шығаратынымды бұған дейін жасырып келгенмін.
Осы жолы сол өнерімді жария­лап, өзімнің үш-төрт әнімді орындамақпын. Олардың біреуі кеше ғана дүниеден өткен қазақтың теңдессіз әншісі Батырхан Шүкеновке арналған ән –
Сәкен Сейфуллиннің «Зарлы ана» өлеңіне жазылған жаңа туынды.

Әңгімелескен:
Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button