Басты ақпаратҚала мен Сала

Не қала емес, не дала емес…



Елордамызда қала төңірегіндегі Қосшы, Қоянды, Қараөткел, Үркер, ­Талапкер, Жібек жолы, Қызылсуат сынды қала, ауылдардан келіп жұмыс істейтін азаматтар аз емес. Кейбір деректерде жарты миллионға жуық адам қала төңірегіндегі елді мекендерден Астанаға келіп жұмыс істейді деген ақпарат та айтылады. Тек Қоянды ауылының өзінен күніне 20 мың адам қалаға келіп-кетіп жұмыс істейді.

Қордаланған мәселе көп

Қоянды – Астана қаласына ең жақын ауылдың бірі. Ресми дерек бойынша 22400 тұрғын тіркелгенмен, шын мәнінде, 40 мыңнан астам адам тұрады. Қаладан он-ақ шақырым жерге орналасқан бұл ауыл да төрт тұрманы түгенделмей келе жатқан ауылдың бірі. Соңғы жылдары мұнда ауыз су, жол, жарық, мектеп мәселесін шешуге баса назар аударылса да, тұрғындар санының жыл сайын артуына байланысты бұл мәселелер әлі өзекті түйін болып тұр.

2022 жылы қыркүйек айынан бастап халықтың сайлауымен әкім болған Бақытхан Солтанбай – Қояндының қалай үлкейіп, қалай өзгергенін көзімен көрген азаматтың бірі.

– Қояндыға көшіп келгеніме биыл 17 жыл болды. Мен келгенде бұл аумақта 68 үй бар еді, қазір 6000-ға жетті. Демек, бұл – еліміз бойынша халқы жылдам өсіп келе жатқан ауылдың бірі. Қазақстанның көптеген ауылы сияқты бізде де ауыз су, жол, жарық, мектеп мәселесі өзекті. Дегенмен соңғы кездері бұл мәселелер де біртіндеп шешіліп жатыр, – деп сөз бастаған Бақытхан мырза ең алдымен балалардың білім алу мәселесін ауызға алды.

2 мектепте екі ауысыммен оқиды

Қоянды ауылында 2 мектеп бар. Ауылдың №1 жалпы білім беретін мектебі 900 орындық, алайда онда 1919 оқушы екі ауысыммен оқиды. Ал №2 жалпы білім беретін мектеп 1200 орындық болса, онда 2253 оқушы оқиды. Екі мектепте де бала саны межеден екі есеге көп болып, мектеп жетіспеу мәселесін түбегейлі шеше алмағандықтан, Қоянды тұрғындарының біраз баласы қаладан оқуға мәжбүр. Оның үстіне, бұл ауылда жылына 500-600 бала мектеп табалдырығын аттайды. Осы мәселені шешіп, балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау үшін мемлекет тарапынан алдағы уақытта 2000 бала білім алатын «комфорт» мектеп салу жоспарланып отыр.

«Мемлекеттік акт шығып, жобалау жұмысы жасалып жатыр. Бұйырса, құрылыс жұмысы биыл басталмақ. Бұл біздің ауыл үшін дер кезінде жасалған үлкен қамқорлық болды» дейді ауыл әкімі.

Қоянды ауылынан күніне 20 мыңнан астам адам Астанаға барып жұмыс істейді. Сонымен қатар, қалада оқитын студенттер мен оқушылар да аз емес. Олар №307 автобуспен барып, орталық базардан автобус ауыстыруға мәжбүр. Автопарк­терге бұл мәселе айтылды, қоғамдық көліктің маршрутын өзгертуді сұрадық. Тым құрыса №307 автобустың соңғы аялдамасы «Әлем», «Шапағат» базары болса, халыққа өте қолайлы болар еді. Алайда бұл мәселе бүгінге дейін шешімін таппай келеді

Қазір ауылда 280 орындық мемлекеттік балабақша жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, тағы бір балабақшаның құрылысы бітіп, жақында пайдалануға берілмек. Жеке балабақшалар да бар.

Қоянды ауылында клуб қана бар. Бірақ мәдениет үйі жоқ. 40 мың халық тұратын ауылда тұрғындарға рухани нәр беретін мәдениет үйінің болмауы – үлкен кемшілік.

«Ауылда мәдениет үйі, кітап­хана, сондай-ақ балалардың көңіл көтеруіне қажетті орталықтар жоқ. Сосын да көптеген ата-ана сенбі, жексенбі күні балаларын қалаға сүйреуге мәжбүр. Біз алдағы уақытта осы мәселелерді шешсек дейміз. Мәдениет үйін ашудың жоба-жоспарын жасап, қатысты орындарға өтініш те айтып жатырмыз. Алдағы уақытта бұл талабымыз да орындалады деп ойлаймын» дейді әкім өз жоспарымен бөлісіп.

Аралықта қалған «Анклав»

Астана іргесіндегі қоқыс зауытының қоңсыған иісі барады демесең, Қоянды ауылының орналасқан жері өте керемет. Төңірегінде ат шаптырым жазық, ақ қайыңмен көмкерілген саялы алқаптар аз емес. Ауылдың іргесінде ғана аққу ұшып, қаз қонған Қоянды көлі жатыр. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ауыл қала іргесінің туризмін дамытуға сұранып тұр. Бірақ аралықта қалған «анклавқа» айналған бұл ауылдың қазір ондай мүмкіндігі жоқ. Себебі ауылдың төңірегі – көлі де, шөлі де түгелімен Байқоңыр ауданына тәуелді. Ал ауыл әкімшілік аумақ бойынша 70 шақырым қашықтықтағы Целиноград ауданына қарайды. Осы арада төңірегіндегі ауылдың дамуына қажетті жердің бәрін (керек десеңіз, Қояндының дачасына дейін) Байқоңыр ауданына бергенде, ауылды да неге Астанаға қоса салмаған деген сұрақ туады. Қаланың ауасымен тыныстап, ауылдың күнін кешкен тұрғындар да ауылды қалаға қосқан дұрыс деп санайды.

– Жұмыс шыға қалса, 70 шақырым жердегі аудан орталығына баруға мәжбүрміз. Бұл халыққа аса тиімсіз болып тұр. Ауылда жалғыз жедел жәрдем көлігі бар. 40 мың халық тұратын ауылға жеткілікті ме?! Адам өмірі бәрінен маңызды ғой. Оның үстіне, халық саны жыл сайын өсіп барады, халық осылай өсе берсе, қазірдің өзінде толық шешіліп болмаған жарық, су, жол, мектеп мәселесі ұлғая береді. Ауылда сейіл-серуен құратын тынымбақтар да жоқ. Арқаның апай төсінен артық жер де бұйырмаған бұл ауылдың тұрғындары қала мәдениетінен игіліктенгісі келеді. Баламызды қалаға сүйреп оқытып жүргенімізге де 5-6 жыл болды. Сондықтан Қоянды ауылын Байқоңыр ауданына қосқан жөн деп санаймын,– дейді ауыл тұрғыны Еркінжан Сламхан.

Қоянды астанаға тиіп тұрғанмен, оның кәріз жүйесі де Астанаға қосылмаған, қоқысты да қала шетіндегі қоқыс өңдеу зауытына апара алмайды. Бұл, айналып келгенде, Астананы ластайды. Тым құрыса ауылдың кәріз жүйесі қалаға тікелей жалғануы керек еді. Қаланың болашақ дамуына қатысты бұл мәселені қала басшылары да ойласуы керек деп санаймыз.

Этноауыл ашылса…

Қоянды көлі – астаналықтардың жазда ең көп баратын қала іргесіндегі демалыс орнының бірі. Осы көлдің бойын ретке келтіріп, жазда шомылатын жағажай жасап қойса, жұрттың көбі демалыс күнін сонда өткізетін еді. Бірақ Қояндының іргесінде жатқан бұл көлде қазір ол мүмкіндік жоқ. Байқоңыр ауданы қаладағы жұмыспен қарбалас болғандықтан, даладағы көлге көңіл аударар дейсіз бе…

Ал Қоянды төңірегіндегі жердің көбі жекеменшікке, дәлірек айтсақ, арқасын Астанаға сүйеп, аяғы ауылға қарай көсілген дөкейлердің меншігіне өтіп кеткен. Сосын да ауыл тұрғындары мал бағатын, үй салатын жер таппай қиналып отыр. Әкімдіктің дерегінше, қазір Қоянды ауылынан жер теліміне өтініш берген 10 мыңға жуық адам кезекте тұр.

«Ауылдың инфрақұрылымы кеңейтілмей, әзірге ешкімге жер телімі берілмейді. Оның үстіне, ауылдың көлемі ұлғайып, құрылысы жайылып кете берсе, бұл артық шығын болады, ал оған инфрақұрылым жеткізу оңай шаруа емес. Қазірдің өзінде біраз отбасыға жеке отбасылар арқылы электр жарығы жеткізіліп отыр. Яғни бұрынғы мәселе шешім тауып болғанша, жаңа мәселе жамала береді. Сондықтан ауылға көпқабатты тұрғын үйлер салу керек. Құрылыс салатын компаниялар Астананы тарылтып, бірінің үстіне бірін мінгестіріп ғимарат сала бергенше, біздің ауылдан да салса дұрыс болар еді» дейді әкім Бақытхан Солтанбай.

Қоянды ауылында туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Бір шеті қаламен, екінші жағы даламен ұштасып жатқан ауылда сүт, май, құрт сияқты мал өнімдерін, әсіресе тірі мал сататын үлкен мал базары ашылса, Астананы етпен қамтамасыз ету ісіне үлкен серпін берер еді. Одан да маңыздысы, Қояндыдан этноауыл ашып, қазақтың қыз қуу, көкпар, аударыспақ сияқты ат ойындарын көрсетіп, киіз үй тігіп, қазақ мәдениетін дәріптесек, елордаға келген қонақтар Қояндыға ат басын бұрмай кетпес еді.

«Этноауыл құруға біздің ауылдың мүмкіндігі зор. Қазір арман бар, дәрмен жоқ боп, қаржы мәселесі қол байлап отыр. Мұны республикалық деңгейде ойластыру керек деп санаймын» дейді әкім.

Жалғыз автобус жарытпайды

Қояндыны қаламен жалғап тұрған жалғыз автобус (№307) бар. Бұл қоғамдық көлік Қоян­дыдан шығып, айдаладағы «Алай» базарына дейін ғана барады. Астана қаласының ішіне толық қатынайтын бірде-бір автобус маршруты жоқ.

– Қоянды ауылынан күніне 20 мыңнан астам адам Астанаға барып жұмыс істейді. Сонымен қатар, қалада оқитын студенттер мен оқушылар да аз емес. Олар №307 автобуспен барып, орталық базардан автобус ауыс­тыруға мәжбүр. Автопарктерге бұл мәселе айтылды, қоғамдық көліктің маршрутын өзгертуді сұрадық. Тым құрыса №307 автобустың соңғы аялдамасы «Әлем», «Шапағат» базары болса, халыққа өте қолайлы болар еді. Алайда бұл мәселе бүгінге дейін шешімін таппай келеді, – деп ауыл әкімі де кейістік білдірді. Ал қаланың автопарктері «қаланың қоғамдық көлік тапшылығын шеше алмай отырғанда, Қояндыны қоя тұр» деген сыңай танытты.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button