Жаңалықтар

НЕСИЕ КЕРЕК ПЕ, КӘСІПКЕР?



Елімізде «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша қаржыландыруға өтініштер қабылдана бастады. Бағдарлама аясында қаржылай қолдаудың негізгі бағыты ретінде шағын кәсіпкерлікке несие беру тетіктері қарастырылған.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алмас Таубаевтың айтуынша, бұл несиелеу бағдарламасы Қазақстанның барлық облыстарында жүзеге асырылады. Бөлінген қаржы моноқалалар, шағын қалалар, ауылдық елді-мекендердегі шағын қаржы ұйымдарын несиелеуге бағытталады. «Несиелеу бағдарламасының талаптарына сәйкес, қарыздар бизнес жобаларын жүзеге асырып жатқан немесе асыруды жоспарлаған кәсіпкерлерге бағытталады. Бағдарламаның мақсаты – аймақтық кәсіпкерліктің тұрақты өсуін және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету. Бұл бағытта бюджеттен 2 млрд 647 млн теңге бөлінді. 2017-2018 жылдары да осы көлемде қаржыландыру жоспарланған» дейді ол. Түпкі қарыз алушыларға берілетін шағын несиелер – өз ісін ұйымдастыру немесе кеңейту және айналымдағы капиталды салалық шектеусіз толықтыруға жұмсалмақ.
Несиенің ең жоғары сомасы – 350 млн теңге. Шағын қаржы ұйымы үшін бекітілген сыйақы үстемесі – 4 пайыз. Ал түпкі қарыз алушылар үшін номиналды үстеме көрсеткіші 12 пайыздан аспайды. Несиені өтеу мерзімі 54 айға дейінгі уақытты қамтитын болады.
Жалпы, 2006 жылдан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ шағын несие (шағын қаржы) ұйымдарын қолдауға 10 млрд 226 млн теңге бөлді. Бұл қаржыдан түпкі қарыз алушы­ларға 23 мыңға жуық шағын несие берілді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button