Басты ақпарат

«NURLY ERTIS» бағдарламасы: ұттық па, ұтылдық па?



Былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Nurly Ertis пилоттық бағдарламасы аясында Екібастұз қаласындағы Мәметова көшесі, 54/1, 54/2, 54/3, 54/4 үйлерге Нұр-Сұлтан қаласынан 243 отбасы қоныс аударды, соның ішінде: 1 бала тәрбиелеп отырған – 6 отбасы, 2 балалы – 37 отбасы, 3 балалы – 58 отбасы, 4 балалы – 94 отбасы, 5 балалы – 33 отбасы, 6 балалы – 13 отбасы, 7 балалы – 1 отбасы, 8 балалы – 1 отбасы. Жалпы, 243 отбасының мүшесі 1340 адамды құрайды: еңбекке жарамдысы – 453 (оның 224 – әйел, 209 – ер адам), 887-і – бала. 89-ы – жоғары білімді. 250 адамда орта арнаулы білімі бар. 64 адамда бастапқы кәсіби білім болса, 50 адамда кәсіби білім жоқ. Әр отбасына 88 375 мың теңгеден бір реттік жәрдемақы берілді.
Айта кетерлігі, бүгінде бұл отбасылардың қатары 19 бөбекпен толықты, тағы да 3 отбасы іңгәлаған сәбидің дауысын күтіп отыр. Екібастұзда жарық дүниеге келген сәбилердің бәрі дін аман.Екібастұзда жағдайымыз түзелді

Екібастұз қаласындағы №33 мектептің география пәні мұғалімі Толқынай Оспанова – көпбалалы ана. Осы шаһарға былтыр мау­сым айында Nurly Ertis бағдарламасымен көшіп келді. Ері Нұрлыбек асабалықпен айналысады. Бұл отбасында Айару, Балауса, Айкөркем, Айбек есімді балалар өсіп келеді.
Осы бір жылдың ішінде Толқынай мен балалары Екібастұзға кәдімгідей үйреніп қалды.
«Мен Қызылорда облысында атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың ауылында туып-өстім. Жерлесім Нұрлыбекпен көңіліміз жарасып, отбасын құрдық. Бала сүйіп, алды қарақанаттанғанда Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аудардық. 2014 жылы астанадағы мектептердің біріне мұғалімдік жұмысқа орналастым. Төртінші перзентімді дүниеге әкелгенімде, баспанамыздың жоқтығы жанымызға батты. Пәтерді жалға берушілер көпбалалы отбасы деп бізді жолатқысы келмеді. Осылай торығып жүргенде, бірде ата-аналар чатынан көпбалалы отбасыларға Екібастұз қаласынан пәтер беріп жатқанын оқып қалдым. Астанада тұрғылықты жерде тіркеуде болмағандықтан бізді жергілікті әкімдік пәтердің кезегіне қоймаған еді. Ата-аналардан сұрастырып, Қошқарбаев көшесі, 30-үйге барсам, Екібастұздың жұмыспен қамту орталығының мамандары ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр екен. Мені де жылы қарсы алып, қажет құжаттардың тізбесін қолыма ұстатты. Белгілі мерзімге дейін құжаттарды жинап, кеңсеге тапсырдым. Көп ұзамай арнайы автобуспен жолға шықтық. Бізге Мәметова көшесіндегі бес қабатты үйден 3 бөлмелі пәтер берді. Жалпы алаңы – 74 шаршы метр. 1 жыл бойы коммуналдық төлемдер мен аренда ақысын мемлекет төлеп берді. Қыркүйек айынан бастап пәтердің құнына байланысты 9300 теңге аренда ақысын және коммуналдық төлемдерді өзіміз төлеп келеміз. Шынымды айтсам, жағдайымыз едәуір түзелді. Әрі балаларымыз мектепте тегін аспен, киім-кешекпен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілген. Балаларға және көпбалалы ана ретінде маған да қоғамдық көліктерде жолақы тегін» дейді Толқынай Оспанова.

276 адам жұмыспен қамтылды

Қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Алтыншаш Әбенованың айтуынша, 2019 жылы Екібастұзда 318 пәтерден тұратын 5 қабатты төрт үй пайдалануға беріліпті. Соның ішінде 2 үй (Мәметова көшесі, 54/1, Мәметова көшесі, 54/2) облигациялық займмен, қалған екі үй «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ арқылы (Мәметова көшесі 54/3, Мәметова көшесі, 54/4) «7-20-25» бағдарламасымен салынған.
2 көпбалалы отбасына «Гидропром» және «Қуатбасқармасы» ЖШС «7-20-25» бағдарламасымен бастапқы жарнаны төлеу үшін 2 млн теңгеге тұрғын үй сертификатын табыс етті.
Алтыншаш Әбенованың айтуына қарағанда, қазіргі уақытта Екібастұзға қоныс аударған отбасылардан 276 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Олардың көпшілігі «Болат Нұржанов атындағы 1-МАЭС», «Горэлектросеть», «Богатырь Көмір», «Greenhouse-Qaztomat», «KBI Energy», «Екібастұзжылу­энерго» мекемелерінде, білім және денсаулық сақтау саласында еңбек етеді.2 кәсіпкер грант ұтты

4 адам грант алу үшін кәсіпкерлік курста оқыса, сертификатқа ие болған Әтрехан Жақай мен Мария Қазанбаева өткен жылдың аяғында грантқа қол жеткізді.
500 мың теңгені жеңіп алған Әтрехан Жақай ағаш бұйымдарын жасайтын шағын цех ашқан. «Бұл қаржыға станок сатып алдым. Атамнан қонған ұсталықтың арқасында кәсібімнің нәсібін теріп жүрмін. Дөңгелек үстел, корпустық жиһаздарға тапсырыс көп түседі. Қолдағы ескі жиһаздарын жаңартқысы келетіндердің де бетін қайтармаймыз. Қажет болса, тапсырыс берушілердің өтінішімен үйлеріндегі тауарларды «Газельге» өзіміз артып, цехта жөндеп береміз. Қарекет түбі – берекет» деген осы» дейді Әтрехан Жақай.
Екібастұзға алғашқы лекпен көшіп келгендердің бірі Мария Қазанбаева – бір емес, екі гранттың жеңімпазы. Нұр-Сұлтан қаласында аяқ киім жөндейтін орында тәжірибе жинақтаған ол кейін «SAMHAT» аяқ киім фабрикасында еңбек етіпті. Аяқ киім тігудің қыр-сырын меңгерген Мария Екібастұзға көшіп келгенде, бірден кәсіпкерлікке бет бұрыпты.
«Біздің бизнесіміз шағын. Таэквандо, бокс және басқа да спорттық аяқ киімдерді тапсырыспен тігеміз. Әзірге күніне 10 жұп аяқ киім тігуге қауқарымыз жетеді. 5 млн теңге жақында ғана қолымызға тиді. Осы қаржыға құрал-жабдықтар сатып алмақпыз. Екібастұзда аяқ киім тігетін маман жоқтың қасы. Жұмыскерді өзімізге үйретуге тура келеді. Егер бұл жоба сәтті жүзеге асырылса, кәсібімізді кеңейтіп, күніне 50-ден 100 жұп аяқ киім тігуді межелеп отырмыз, – дейді ол.

Мардымсыз жалақыға қалай күнелтеміз?

Жасыратыны жоқ, мегаполистерде тұратын адамдарда мүмкіндік те көп. Екібастұздай шағын қалада қомақты жалақыға әркімнің қолы жете бермейді. Мақаланы дайындау барысында Nurly Ertis бағдарламасы аясында көшіп келгенімен, қазіргі жағдайына көңілі толмайтын бірқатар азаматты кездестірдік. Солардың бірі – «Өнер» мәдениет орталығында қызмет істейтін көпбалалы ана Зоя Иванченко-Чембарева. Зоя Валерьевна осы қалада екінші рет отбасын құрыпты. 3 бөлмелі пәтері өзі үшін хан сарайына бергісіз. Балалары көпбалалы отбасына тиесілі жеңілдіктердің бәрін пайдаланып отыр. Әйтсе де оны алаңдататыны – жалақысының мардымсыздығы. «Азық-түлік бағасы күн сайын шарықтап барады. Ал біздің мәселемізге ешкім бас қатырғысы келмейді» дейді ол күйініп. Осы өнер ошағында қызмет етіп жүрген Айгүл Жыңғылбаева да мәдениет ошағында аз еңбекақы табатынына наразы. «Нұр-Сұлтанда жалақым 120-130 мың теңге көлемінде болатын. Екібастұзда соның жартысын ғана аламын. Күз келді. Мынадай еңбекке балаларды асырап-жеткізу де мүмкін емес» дейді ол. Қаржыдан тарыққан екі ана да қосымша жұмыс іздеп жүр екен.

Пәтердің құны сапасына сәйкес келмейді

Жоғарыда нұр-сұлтандықтарды Мәметова көшесіндегі төрт 5 қабатты үйге көшіргенін атап өттік. 2-корпустың тұрғындары көпқабатты үйдің сапасыз салынғанын айтып, дабыл қағып отыр. Осы үйдің екінші қабатында тұратын Ғабитжан Қайдаров әлі күнге дейін жұмыссыз. «Екібастұзда жұмыс күші жетіспейді» деп жазады басылымдарда, ал мен әлі күнге дейін жұмыссыздар қатарындамын. Маған Жұмыспен қамту бөлімі жалақысы төмен жұмыстарды ұсынды. Мен бас тарттым. Қазір «Регион» автопаркіне жалданып, кісі тасимын. Нұр-Сұлтанда 10 жыл пәтер кезегінде тұрған едім. Екібастұзда маған сапасыз салынған баспана бұйырды. 5 жылдан кейін үйді өзіміздің атымызға аударып алуға болады. Бірақ бұл үйдің нарықтағы бағасы қымбат. Егер біз 5 жылдың ішінде қайтадан астанаға көшуге қамдансақ, осы уақытқа дейін алған әлеуметтік жеңілдіктерді қайтаруымыз керек» деп налыды.
Бізді көріп, осы үйдің өзге де тұрғындары жиналды. Фотосуретші Рымбек Егінбайұлын 54/1-үй тұрғыны Амангелді Көшеров деген азамат «Біздің подъезд үнемі дымқыл тартып тұратындықтан баспалдақтары жарылып жатыр, ар жағынан бекітпе ағаштар көрінеді. Кафельдер де түсіп қалды. Менің пәтерімдегі балконды көріңізші» деп өзімен бірге ертіп кетті. 54/3-үйдің тұрғыны Ғабиден Беримов те Ғабитжанның пікірін құптады: «2 бөлмелі пәтердің құны – 7 млн теңге. 3 бөлмелі пәтердікі – 9 млн теңге көлемінде. Екібастұздай шағын қалаға пәтердің құны жоғары. Әрі мына үйді жөндеп, қалыпқа келтіру үшін қыруар қаржы қажет. Аз жалақыны қайда жеткіземіз?» дейді сұраулы жүзбен.

Сапасыз суағарларды ауыстыру керек

Тұрғындар шағымданған Мәметова 54/2-үйден ПИК сантехнигі Сергей Дичко бізге келіп жолықты, онымен бірге жертөлеге түстік.
Жертөленің іші құрғақ екен. ПИК жұмыскерлері мердігердің олқылықтарын өз қолдарымен жөндепті. Құрғату жұмыстарын жүргізіп, құбырларды дәнекерлеген. Бұрандаларды ауыстырған. «Тұрғындар шағымданған соң, 2-3 күн бұрын мердігерлер суағарды пластикпен жалғап, ұзартып кетті. Алайда сапасыз пластиктен жасалған суағар көпке бармайды. Шатырдан су саулап ақса, жертөле қайта суға толады» дей келе С.Дичко бұл үйлердің жертөлесіне желдеткіш те орнатылмағанын жеткізді. Біз 2-үйдің алдындағы суағарды екібастұздық құрылыс фирмасы «Гидропром» ЖШС салған 4-үйдікімен салыстырдық. 4-үйдегі суағардың сапасы жақсы. Темірден жасалған. Әрі жерден едәуір көтеріп бекітіпті. Өз көзімізбен көрген соң, павлодарлық құрылыс фирмасы салған Мәметова көшесі, 54/1, 54/2-үй тұрғындарының жанайқайын түсіндік.

Екібастұзда қанша көпбалалы ана кезекте тұр?

Нұр-Сұлтандық көпбалалы отбасылардың мәселесі екібастұздықтардың есебінен шешілгені жергілікті тұрғындарды қуантты деуге келмес. Бұл қалада да басыбайлы баспанасы болмай, пәтер жағалап жүрген көпбалалы отбасылар жетерлік еді. Ресми мәліметке жүгінсек, бүгінде Екібастұз қаласында 1700-ге жуық көпбалалы отбасы тұрады. Осы қаланың тұрғыны, көпбалалы ана Нұржамал Баймұқашеваның пәтер кезегінде тұрғанына 10 жылдан асыпты. «Кезекте 245-ші болып тұрмын. Жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің бірінен баспана бұйырып қалар» дейді үмітін үкілеп.
Нұр-Сұлтаннан көпбалалы отбасылардың алғашқы легі келгенде, бір топ көпбалалы ана наразылық білдіріп, әкімдіктен пәтер беруді талап еткен-ді. Әлеуметтік желі қолданушылары да «алдымен екібастұздықтарды баспанамен қамту керек», «кезекте тұрғаныма 10 жылдан асты, нұр-сұлтандықтар неге кезексіз үй алып жатыр?» дегендей жазба қалдырды. Осы жағдай әсер етті ме, Нұр-Сұлтаннан қоныс аударған 6 отбасы (33 адам) Екібастұзды жерсінбей, қайта көшіп кетті.
Екібастұздық көпбалалы аналардың талабына құлақ асқан жергілікті билік арнайы жұмыс тобын құрып, басыбайлы баспанасы жоқ, пәтер жалдап жүрген 34 отбасына пәтер беруді ұйғарды. Бұл үйлер коммуналдық меншікке сот шешімімен қайтарылған, кезінде жекешелендірілмеген пәтерлер болатын. Бос қалған пәтерлерге жергілікті бюджеттен жөндеу жұмыс­тары жүргізілді.

P.S. Nurly Ertis бағдарламасы өкінішке қарай, бір жылға жетер-жетпес уақытта тоқтатылды. Енді осы жобаның ерекшелігі неде десек, қаланың шетіндегі осы 4 үй бізге жеке әлем секілді көрінеді. Мұнда қаймағы бұзылмаған қазақылықтың иісі аңқып тұр. Ойын алаңдарындағы балалардың да қарасы едәуір. Бәрі қазақша сөйлейді. Қалалық білім бөлімінің бас маманы Сұлушаш Ибраеваның мәліметіне жүгінсек, Нұр-Сұлтаннан қоныс аударған 392 бала қазақ мектебінде оқыса, 160 бүлдіршін балабақшалардың қазақ тобына барған. Бұл бағдарламаның өз кезегінде Екібастұзды қазақыландыруға қосқан үлесі зор. Ал енді үйдің сапасына және жалақының аздығына наразы тұрғындар Екібастұзды тұрақтап қала ма, жоқ па, ол енді уақыт еншісіндегі дүние…  

Дария ЕРҒАЗИНА,
арнайы «Астана
ақшамы» үшін
Екібастұз қаласынан




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button