Басты ақпаратСаясат

Қарабақтағы соғыс: Себеп пен салдар

Әзірбайжан мен армяндар арасында міне, 8-ші күн соғыс жүріп жатыр. Ұрыс даласында жаппай қырып-жоятын қарудан басқасының бәрі қолданылуда.

Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі Арменияның 230 танкісін және басқа да бронды техникасын, 250 артиллериялық қондырғыны, минометтерді, дүркіретіп ату жүйесін, 38 әуе қорғаныс құрылғысын, 10 командалық пункттерді, 7 қару-жарақ қоймасын және С-300 зымыран кешенін жойғанын хабарлады. Дегенмен БАҚ беттерінде екі тараптың нақты қандай шығынға ұшырағаны туралы бірізді ақпарат жоқ.
Ел президенті Ильхам Әлиев Twitterде 3 қазан күні алты ауылды азат еткендерін, ал 4 қазан күні ірі аудан орталығы Джебраил қаласын басып алғандарын қуана жеткізді.
Кезекті кескілескен ұрыс­тан кейін Мадагиз ауылы әзірбайжан қарамағына көшкен соң, Әлиев әдетінше Twitterде «Қарабақ – бұл Әзірбайжан!» деп жазды.

БІРІН-БІРІ АТҚЫЛАУДА

Армения Қорғаныс минис­трлігінің баспасөз хатшысы Степанянның айтуынша, 5 қазан күні әзірбайжан жағы оңтүстік бағытта шабуылды үдетіп, Степанакертті атқылаған. Әзірбайжандар болса армянның Тертер мен Горадиз бағытына шабуылға шыққанын айтады. Бір анығы, ұрыс қимылдары майдан даласының әртүрлі учаскелерінде әртүрлі қарқынмен жүргізіліп жатыр.
Әзірбайжанның бас прокуратурасы армяндар елдегі екінші ірі қала Гянджды атқылағанын мәлімдеді. Соның салдарынан 32 тұрғын жарақаттанған. Әзірбайжан Қорғаныс министрі Закир Гасанов ел қалаларының атқылануы «соғыс қимылдарының аумағын кеңейте түседі» деп мәлімдеді. Армения Қорғаныс министрі Овсисян оған ерегіскендей, Әзірбайжанның ірі қалаларында орналасқан әскери нысандары енді армян күштерінің нысанасына айналады деп мәлімдеді.
Ильхам Әлиев Армения Таулы Қарабақтан және оның маңайындағы аумақтардан әскерін шығармай, Әзірбайжан ұрыс қимылдарын тоқтатпайтынын ескертті.
ЕҚЫҰ Минск тобы өлгендердің мүрделерін алып шығу үшін тыныштық режимін сұрады.
Армения премьері ­Э.­Пашинян РФ қандай жағдайда әскери күшін пайдалануы мүмкін екенін айтты (BBC News):
«Арменияда 102-ресей әскери базасы орналасқан және біздің әуе қорғаныс құрылғысы жүйеміз бір. Екі ел арасында нақты қандай жағдайда Ресей әскери күштерін қолдануы мүмкін екендігі жөнінде келісім бар. Егер Армения қауіпсіздігін қорғау үшін ондай жағдай туса, Ресей өзінің мойнына алған міндеттемесін орындайды деп сенемін» деді.
Кремльде тек екі тарап келіскен жағдайда ғана бітімгерлерді енгізе алатынын мәлімдеді.

ТОВУЗГЕ НЕГЕ ТИІСТІ?

Саясат – экономиканың шоғырландырылған көрініс деп тегін айтылмаған. Ағымдағы жылы шілде айының ортасында армян-әзірбайжан арасында төрт күндік соғыс өрті бұрқ ете қалғаны белгілі. Және оның Әзірбайжанның аса маңызды стратегиялық Товуз ауданында тұтануы тегіннен-тегін емес. Товузда Әзірбайжанның барлық энергоресурстары шоғырланған. Армения мен Грузияның аралығында ені 35-40 шақырымнан аспайтын аумақтан Жейхан-Баку газ құбыры, Баку-Тбилиси-Ерзурум (Түркия) газ құбыры және Баку-Супса (Грузия) мұнай құбыры өтеді. Ол Грузияның Қара теңіз порттарына дейін жетеді. Сонымен қатар Баку-Тбилиси-Карс (Түркия) теміржолы, Баку-Тбилиси автожолы жатыр. Яғни Товуз дәлізі Әзірбайжанның бүкіл экономикасын қаржымен қамтамасыз етіп отыр.
Осы өмірлік маңызды коммуникация өтетін дәлізді бақылауға қолайлы биікті армяндардың басып алуы әзірбайжанның ашу-ызасын туғызғаны түсінікті. Сол биіктіктен дәлізді гаубицамен, минометпен немесе дүркін атқылау жүйесі арқылы атқылай алады. Бұл Әзірбайжанның тамағына пышақ тіреп тұрғанмен бірдей.

КІМ ҰТАДЫ, КІМ ҰТЫЛАДЫ?

Әзірбайжан газын Товуз дәлізі арқылы Түркия, сосын – Италияға, одан әрі ірі еуропалық хаб – Австрия, Баумгартенмен жалғау жоспарланған. «Солтүстік ағысты-2»-нің жағдайы әркі-тәркі болып тұрған кезде бұл Ресейге, әрине, тиімсіз. Мұндай жағдайда Ресей Түркия мен ЕО энергетикалық коммуникациясына кесірін тигізуге мүдделі. Егер Оңтүстік Кавказды соғыс өрті шарпып жатса, аталған жоба жүзеге асуы қиын. Сонда Еуропаны отын-энергетикамен қамтамасыз ету үшін «Солтүстік ағын-2» жобасын алға жылжытуға жағдай туады.
«Солтүстік ағын-2»-ні АҚШ экономикалық емес, саяси жоба деп тоқтатып тастауға әбден бекініп алған. Қазір о баста бұл жобаны қолдаушылардың өзі дүдәмал күйде. Оған көп уақыт Еуропадағы басты экономика – Германия қарсы болған, қазір оның өзі бейтарап күй танытуда.
Сондай-ақ Ресейдің Түркия арқылы Еуропаны газбен «жауып» тастаймыз деген үміті өшіп барады. 35 жылдан бері Түркия бірінші рет мамыр айында екі аптаға Ресейдің газын импорттауды тоқтатты. «Түрік ағысы» жөндеуге тұрды. «Көгілдір ағыстың» құбыры мамыр айынан бері бос тұр. Бұл – бір.
Екіншіден, Әзірбайжанның SOCAR компаниясы 2018 жылы Түркияда ең ірі STAR мұнай өңдеу зауытын салған еді. Зауыт басында Ресей мұнайын алып тұрған, бірақ тамыз айынан бастап оның орнын Ирак және Норвегия мұнайымен ауыстырды. Тәулігіне 210 мың баррель өңдейтін зауыттың Ресейден мұнай сатып алмауы солтүстіктегі көршіге аса үлкен соққы болып тиді. Енді Түркияның мұнай нарығының 23 пайызын Әзірбайжан қамтамасыз етіп отыр, одан кейінгі орында – иран мұнайы (14 пайыз). Бір кездері Түркияның ең ірі мұнаймен жабдықтаушысы болған Ресей бірден 5 сатыға сырғып түсті.
Оның үстіне Еуропа да Ресей мұнайын сатып алуды айтарлықтай азайтып жіберді. Urals маркалы Ресей мұнайы ЕО елдерінде тамыз­да сәуірге қарағанда 43% кем сатылды. 2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Ресей теңізбен 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20,9% аз мұнай экспорттады. Экономикасы мұнай мен газға тәуелді Ресей үшін ол қатты соққы.
Жоғарыдағы жайттардың бәрі бұл соғыс экономикалық жағынан Ресейге тиімді деген ойға итермелейді. Ал әзірбайжандар мен армяндар империя­лар мүддесі тоғысының осы саяси ойнының құрбанына айналмай ма?

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button