Басты ақпаратЖаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЖАСЫЛ АЙМАҚ ОРМАНЫ – ЕЛОРДАНЫҢ ҚОРҒАНЫ



Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының жасыл аймағын аралады.
Аталмыш шара аясында Президент «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты «Ақ қайың» орман тұқымбағының арборетумы мен ағаш тұқымының плантациясы жұмыстарымен танысты. Жыл сайын осы орманға арнайы соғып, жағдайын бақылауды дәстүрге айналдырған Елбасы бұл жолы да өсімтал мекеннің оң өзгерістерін жоғары бағалады.

зеленый пояс

Жел мен шаңнан мықты қалқан
– Біз 1998 жылы елорданы дүние жүзіне жарияладық. Содан бері 18 жыл өтті. Бұл уақытта жеткіншектер кәмелетке толып, азамат атанады. Әйткенмен, әлі де өрімдей жас. Бас шаһарымыз да тура сол секілді. Астана ауыстырылған алғашқы жылдан бастап осы төңірекке орман егуді тапсырдым. Ол кезді қа­зіргі жастар білмейді. Төрт жақтан ұйытқи соққан желдің кесірінен қа­ланы шаң басып, адамдарды әбден әбігерге түсіретін. Сондықтан ағаш отырғызуға кірістік. «Астананың маңайындағы жер – кілең тас пен құм. Орман өсіруге қолайлы емес» деп бұл бастамамызға қарсы тұрғандар да табылды. Алайда елорданың атырабы бос жатса, халық қайда демалады? Енді, міне, әлгі орманымыздың ауданы 73 мың гектарға жетті. Мұнда 60-тан астам ағаш сорты өседі. Тың игерген кезде трактордың дауысынан қашып кеткен жануарлар мен жәндіктердің бәрі қайтып келді.
«Орманы бардың қорғаны бар» деп қазақ тегін айтпаған ғой. Жасыл аймақ та Астанаға жел мен шаңнан қалқан болып, қала тазалығын қамтамасыз етеді, – деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшы­сының айтуынша, 18 жылдың ішін­де Астанадағы жасыл белдеудің көлемі Бурабай ұлттық паркімен теңесіпті. Әзірге орман Шортанды ауданына 100 шақырымдай жерге дейін созылған. Дәл осы қарқынмен өнсе, келер жылы Бурабайға дейін жалғасады. Одан әрі Павлодар, Қарағанды, Қос­танай өңірлеріне де бойлайды.
Орайы келгенде Елбасы осы орманның әр талын тер төге отырып баптаған жұмысшыларға зор алғысын білдірді.

ДЕРЕК

  • 1997-2016 жылдар аралығында Астананың жасыл аймағы алқабы 75,1 мың гектарға дейін ұлғайды. Оның ішінде қала шетінен құрылған 14,8 мың гектар аумақ елорда әкімдігінің теңгеріміне берілді. 

Аймаққа аң мен құс үйір

KBB_4299
Бүгінде елордадағы жасыл аймақ аумағына отырғызылатын көшет­тердің керекті мөлшерін өсіру үшін жыл сайын 30 тоннадан аса жеміс жиналады. Оны қайта өңдегеннен кейін 3 тоннадай тұқым алынады. Бұл жайт «Ақ қайың» тұқымбағы аумағына арнайы сызба бойынша егілген ағаштардың тұрақты плантациясын өсіру қажеттілігін туғызды. Қазіргі таңда осы плантацияда ауданы 155 гектар, ал саны 50 мың дана болатын ағашты-бұталы тұқымның 62 түрі бар. Олардың ерекшелігі сол, көшет­тердің күрделі табиғи-климаттық жағдайларға төзімді және жемісті болуына ықпал жасайды.
– Бұл тұқымдар шамамен 2020-2025 жылдарға қарай түгелдей дерлік жеміс бере бастайды. Өйт­кені, әр ағаштың жеміс беру жасы ерекше. Мәселен, еменді 18 жыл, қарағайды 15 жыл күтуіміз тиіс, – деп түсіндірді «Жасыл аймақ» мекемесінің директоры Жұматай Сүйіндіков.
Бұдан бөлек, 2002 жылы «Ақ қайың» орман тұқымбағының аумағында Астана қаласының жасыл аймағындағы ағашты және бұталы тұқымдарды сынап көру мен аудандастыру жұмыстарын кеңейту үшін арборетум құрылған болатын. Оған 115 түрлі ағаш пен бұтақтың тұқымы жиналған.
Елорданың жасыл белдеуін құру жабайы жануарлар мен құстардың көбеюіне де үлес қосуда. Осы күндері аймақ екпелерінде марал, бұлан, елік, суыр, дала қарсағы, ондатр, қоян және кішкентай тыш­қан мекендейді. Мұнымен қоса, балқарағай торғайы, сұр шіл, сұр сандуғаш, көк қарға, жасымық, ши­қылдақ, мәскеу торғайы тәрізді қанаттыларды да кездестіруге болады. Биыл олардың қатарын тағы 150 қырғауыл толықтырды.

ДӘЙЕК

  • Биыл орманға көшет отырғызудың бірінші кезеңі ықтырма жасау тәсілімен Астана қаласының ауданы 1410,8 гектарлық жеріне жүргізілді. Атап айтсақ, Батыс бағытында  1081 гектар, Шортанды ба­ғы­тында 329,8 гектар жерге ағаш егілді. Екін­ші кезең бойынша ық­тырмааралық ке­ңіс­тіктегі желектер ала­ңын­дағы 2683,7 гектар жерге, оның ішінде, Майбалық көлі айналасында 437,9 гектар, Қарағанды бағытында 540,4 гектар, Шортанды бағытында 1705,4 гектар аумаққа көшет отырғызылды.   

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button