Руханият

Нұртөренің нұрлы әлемі



«Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жастарының сүйіктісіне айналғалы қашан. Тау тұлғалы зиялылармен кездесіп, еркін пікір алмасуға, байланыс орнатуға зор мүмкіндік беріп отырған ұйым бізге ерекше ыстық.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Нұртөре Жүсіп білім ордамыздың кезекті қонағы болды. Баспасөздің тынымсыз сарбазының еңбек жолы, ұлттық публицистикадағы өзіндік тілінің өткірлігі – қалам ұстаған жастарға керемет үлгі. Нұртөре ағаның есімі өзі басшылық еткен «Жас Алаш» және бүгінгі «Айқыннан» ажырамас ұғымдай болып кетті.
Кездесу, әдеттегідей, бас кейіпкердің төл туындыларынан басталды. Орақ тілді Нұртөре ағаның «Біз бәріне сенеміз!», «Бет-бейнесіз ұлт бола ма?», «Бір минутымызды неге қимаймыз?», «Бұл шағала – қай шағала?», «Желіге байланған жұлын», «Қайран, Ыбырай-ай!» секілді бірқатар көсемсөздері оқылды. «Мақаланы бір оқып шығуға үйренгенбіз ғой. Тыңдаған мүлде бөлек екен. Мұны мен жазғанмын ба?» деп әзілмен жалғады кештің қонағы.
Нұртөре Байтілесұлы дамыған елдердің қатарына қосылу жоспары, жаңа технологиялардың зияны мен артықшылықтары жайында тұшымды ойлар айтты. «Байлықтан өз еркімізбен бас тартып, миғұлалыққа қарай ұмтылып бара жатырмыз. Ұлт ретінде алаңдайтын уақыт жетті» деп азаматтық пікірін ортаға салды.
«Айқынның» кейінгі бір санында «Құндылықтардың төрт тағанын айқындап берген Абайға, сүрлеуі мен күрмеуі көп заманда алдағы бағыт-бағдарды белгілеп берген Елбасыға неге құлақ аспаймыз?» деп үн қатып еді. Осы кездесуде де ағамыз біраз толғандырар ойларымен бөлісті.
Нұртөре Байтілесұлы өзінің еңбек жолында әрдайым ел мүддесін бірінші орынға қойып келеді. Мемлекет саясатын қолдап, халыққа түсіндіру миссиясын абыройлы атқаруда. Осы кездесуде ол «Рухани жаңғыруда меже, мезгіл деген жоқ. Рухани жаңғыру – күн сайын жүреді. Рухани жаңғыру қазақ барда жүре береді. Ол концерт беріп, кеш жасап, жаңғырып кеттік деп қоя салатын нәрсе емес. Рухани жаңғыру – қазақ баласының намысын бермеуі» деп баса айтты.
Кеш барысында Нұртөре ағамыздың елеулі еңбегі мен айрықша талантына жоғары баға беріп, ойын білдірген, қазақ телевизиясының негізін қалаушылардың бірі, теледраматург, публицист-жазушы Сұлтан Оразалы: «Менің «Айқынды» жаздырып алғызуымның бір-ақ себебі бар. Ол – мына жігіттің көсемсөздері. Аптасына төрт рет шығатын газеттің үш санына Нұртөре мақала жазады. Бір жылда 365 күн бар десек, бұл інім жылына 150 мақала жазады деген сөз ғой» деп публицистика шеберінің мерейін арттырып жіберді. Тіпті Сұлтан аға кеш кейіпкерінің жазған мақалаларын қысқаша талдап, тақырыптық ерекшеліктерін айқындап, өте салмақты әрі құнды ойлар айтты.
Кездесу барысында «Кәусар» бірлестігінің жетекшісі, өнертану профессоры әрі кештің тізгіншісі Кенжеғали Мыр­жықбай өзінің ән шашуын да арнады. Кездесу күні Нұртөре ағаның егіз қыздарының туған күнімен сәйкес келіп қалғаны да бар. Осылайша халық әні «Дудар-аймен» Кенжеғали ағамыз тағылымы мол кештің көркін аша түсті.
Кеш соңында университетіміздің ректоры Ерлан Бәтташұлы басты қонағымыз – Нұртөре Жүсіпке дәстүрлі түрде «Күлтегін» медалін тапсырды.

Сағыныш ЕРТАЙ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университеті «Журналистика»
мамандығының магистранты




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button