Экономика

ОДАҚ ПЕН ҰЙЫМ БІР-БІРІНЕ КЕДЕРГІ ЕМЕС



Дэвид Шарк

VII Астана экономикалық форумы аясында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Экономикалық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Экономиканы жаңғырту жағдайларындағы экономикалық саясат» тақырыбында жиын өтті.

Сессияға қатысушылар инвестициялық және инновациялық дамудағы жаңа трендтер және заманауи интеграциялық үдерістер барысындағы мемлекеттердің өзара қимыл-әрекеті жөніндегі мәселелерді талқыға салды.

Биыл жылдың аяғына дейін Қазақ елі Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтауды жоспарлап отырғаны белгілі. Жиында осыған байланысты әңгіме өрбіткен Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорының орынбасары Дэвид Шарк елімізді ДСҰ-на кіру жөніндегі келіссөздері нәтижелі болып жатқанын атап өтті. Осы кезеңде еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуға да ниеттеніп отыр. Дэвид Шарк мырза одаққа кіру Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына ешқандай кедергі келтірмейтінін баса айтты. Оның пікірінше, ДСҰ құрамындағы мемлекеттердің қатарында интеграциялық бірлестіктерге қосылғандары жетерлік.Бұл ДСҰ-ның мақсаттары мен міндеттеріне қарсы келмейді. Бірақ екі үлкен ұйымға қатар қабылданған кезде мемлекетімізге артылатын жауапкершілік жүгі екі еселенбек. Қазақстан екеуін де абыроймен алып шығатынына сенім білдірген Дэвид Шарк кез келген мәселенің шешімін табуға болатынын жеткізді.

Жиында сөз сөйлеген ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев еліміз осы жылдың соңына дейін ДСҰ-ға кіретініне үлкен үміт артып отырғанын айта келе, оған кіруге Үкімет бар күш-жігерін салатынына екпін түсірді.

Министрдің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ Дүниежүзілік сауда ұйымы талаптары мен халықаралық сауда ережелерін ұстанатын болады. Себебі, бұл – өзара қатысушы мемлекеттер тікелей экономикалық ынтымақтастық мүдделері базасында құрылатын халықаралық экономикалық ұйым болғандықтан оның талаптары ДСҰ-ға қайшы келмейді. Ал, екі халықаралық ұйымның да талаптар үдесінен шығып, жоғары жауапкершілікті мойнына алуға еліміз жан-жақты әзірленіп отыр.

Дайындаған Қымбат ТОҚТАМҰРАТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button