Жаңалықтар

ОДАҚТАС ЕЛДЕР – ОРТАҚ МҮДДЕЛЕР



Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Жұмыс сапарымен Мәскеуге барған Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді.

Күн тәртібінде Ауғанстандағы жағдайға қатысты өңірлік қауіпсіздік, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық және интеграциялық байланыстар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы Ресей ­Президентіне Мәскеуге шақырғаны үшін алғыс білдірді.
Шын мәнінде, біздің байланыстарымыз ешқашан тоқтаған жоқ. Пандемия кезінде де онлайн жүйесінде және телефон арқылы байланысып тұрдық. Дегенмен, жүз рет естігеннен бір рет көрген жақсы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы барлық бағыттағы өзара ынтымақтастыққа жоғары баға берді.

– Қазақстан мен Ресей – одақтас елдер. Біз үнемі халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, қауіпсіздікті, әсіресе екіжақты ынтымақтастықты үнемі пысықтап отырамыз. Елдеріміз арасындағы қатынастарымыз стратегиялық әріптестік бағытында дамып отыр­ғаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы.

Владимир Путин екі ел арасындағы тығыз байланыстарды атап өтті.

– Біздің байланыстарымыз үзілген жоқ. Қатынастарымызды тұрақты, өте жоғары деңгейде және барлық бағыттар бойынша жүргізіп келеміз. Бұл – парламентаралық және үкіметаралық байланыстар. Жақында ғана біздің Үкіметіміздің басшысы Қазақстанда жұмыс сапарымен болып, ауқымды шаруалар атқарды және барлық кездесулер бойынша маған баяндап отырды. Пандемияға қарамастан бірінші жарты жылдықтағы тауар айналымы 33 пайызға артты. Халықаралық ұйымдарда, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ арқылы да байланыс орнаттық. Барлық бағыттар бойынша ілгерілеушілік бар. Одақтастық байланыстарымыз нығайып, жаңа сапада тың мүмкіндіктерге жол ашылуда, – деді Ресей Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда-экономикалық байланыстар мен өңіраралық қатынастарды нығайтуды қолдады.

Ресей Президенті өз кезегінде жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелеріне ерекше мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев туындап отырған сын-тегеуріндерге байланысты екі ел арасындағы өзара іс-қимылдардың маңызды екенін атап өтті.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button