Басты ақпаратЕл тынысы

Өңірлік жәрмеңкеде өнім көп



Астанада демалыс күндері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің кезекті өңірлік жәрмеңкесі өтті. Елордалықтар таңсәріден тұрып, Қазақ ұлттық өнер университетінің алдындағы алаңды бетке алды. Дәл осы жерде сағат 09:00-де өңірлік жәрмеңке басталды.

Бұл жолы бас қалаға өз өнімдерін алып келгендер – Павлодар мен Абай облыстарының шаруалары. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағамен сату арқылы олар қала тұрғындарына уақыт пен ақшаны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылар осы жәрмеңкеге Қазақстанның екі өңірінен 40 түрлі жалпы салмағы 700 тоннаға жуық өнім жеткізілгенін атап өтті. Олардың арасында ет-сүт, шұжық, балық өнімдері, қант, ұн, жарма, өсімдік және ­жануар майы, жеміс-көкөніс, жеміс-жидек, бал, ұлттық сусындар, тағамдар және ­т. б. болды.

Павлодар облысының атынан Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен облыс­тың 10 ауыл-ауданынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатысты. Олар жалпы сомасы 350 млн теңгені құрайтын 560 тонна азық-түлік әкелді.

– Мұндай жәрмеңкелер өңірлердегі ауыл шаруа­шылығы өндірушілеріне өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатуға мүмкіндік береді, нәтижесінде өнім бағасы көбіне нарықтағы бағадан төмен болады. Жәрмеңкеге арналған ассортиментті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз қалауымен таңдайды. Астанада өңірлік жәрмеңкелер жыл сайын өтеді. Оған қатысуға ниет білдірген шаруалар саны артып келеді, – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.

Сенбі-жексенбі күндері елордада өткен өңірлік жәрмеңкеге павлодарлықтармен бірге Абай облысынан Семей қаласы, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті, Ақсуат, Үржар және Жарма аудандарының шаруалары да келіп, 120 тоннадан астам өнімді елордалықтарға ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Абай облысы әкелген өнімдердің ішінде 47 тонна ет, 40 тоннаға жуық көкөніс, 10 тонна бау-бақша өнімдері, 8 тонна бал, 5 тонна сүт өнімдері, 2 тонна құрт, бауырсақ, өсімдік майы, шұжық өнімдері және балық түрлері әрқайсысынан 1 тоннадан, ал кондитерлік өнімдер 0,5 тонна болды.

Өткен жылдары осы өңірлерден келген ауыл шаруа­шылығы өнімдері елорда тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болған және жәрмеңке кезінде тауарлар толықтай сатылып кеткен. Биыл да жәрмеңкеге халық көп жиналды. Олар әсіресе ет және сүт өнімдерімен бірге бал, картоп және көкөністі көптеп сатып алып жатты.

Павлодар облысынан келген сатушы Сапура Берікқызы мұндай жәрмеңкеге бірінші рет қатысып тұрғанын жасырмады.

– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңірлік жәрмеңкесі өтеді дегенді естігенде бірден елең еттім. Жәрмеңкеге экологиялық таза, сапалы және дәмді өнімдерді ала келдік. Бұрын қатысып көрмегендіктен, қобалжығаным рас. Дегенмен таңсәріден жиналған халықты көріп қуанып қалдым. Тауарларым өтпей қалса қайтемін деп уайымдағаным бекер болды. Жәрмеңкенің алғашқы күнінде-ақ, тіпті күннің бірінші жартысында әкелген өнімімнің жартысына жуығы өтіп кетті. Алдағы жылы осындай жәрмеңкеге тағы қатысамын деген ниеттемін, – деді сатушы.

Өндірушілер мұнда өз тауарын делдалсыз сатуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде жәрмеңкеде сатылған азық-түліктің бағасы нарықтағы құнынан едәуір төмен болды. Қала тұрғындары таңертең келіп, базарға бармай-ақ, үйінің жанынан керек-жарақ азық-түлігін арзан бағаға сатып алып жатты. Көңіл күйі көтеріңкі тұрғындар өңірлік өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік туғызған ұйымдастырушыларға дән риза. Жәрмеңкеде тауар сатып алып жүрген елордалықтардың бірін тоқтатып, әңгімеге тарттым.

– Өзім осы маңда тұрамын. Жеміс-жидек пен көкөніс сатып алу үшін енді орталық базарға бармайтыныма қуанып тұрмын. Жәрмеңкеде азық-түліктің барлық түрі бар әрі мұнда баға да көңілге қонымды, үйдің қасындағы дүкендерге қарағанда әлдеқайда арзан. Ақшаммен қоса уақытымды да үнемдеуге мүмкіндік туғызып, осындай жәрмеңкелер ұйымдастырған әкімдікке алғыс айтамын. Мұндай шаралар жалғаса беруі керек, – деді елорда тұрғыны Марат Бейсенбаев.

Иә, осы маңдағы дүкендерде азық-түліктің бағасы қымбат. Сол себепті ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің өтуі, әрине, халыққа өте тиімді.

Көкөніс, жеміс-жидектің пісетін уақытында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған биылғы жәрмеңке қыркүйектің 2-сі күні басталған-ды. Алғашқы болып өз өнімдерін алып келген Түркістан облысының 70-ке жуық ауыл шаруашылығы өндірушілері 556 тонна өнім әкелсе, келесі сенбі-жексенбіде Атырау мен Жамбыл облыстарының аграршылары елордалықтарға 300 тоннаға жуық өнімдерін ұсынды. Одан соң Батыс Қазақстан облысы мен Қызылорда облысының тауар өндірушілері келіп, елордалықтарға азық-түліктің кеңейтілген ассортиментін ұсынды. Алматы облысының тауар өндірушілері Қонаев қаласы мен облыстың 9 ауданының атынан қатысып, жалпы сомасы 205,7 млн теңгеге 186,4 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкелсе, Жетісу облысының Талдықорған және Текелі қалаларынан, сондай-ақ 8 ауданнан келген шаруалар 500 млн теңгеге 214 тоннадан астам тауар әкелді. Олардың айтуынша, өнімдер экологиялық таза ғана емес, сонымен қатар дәмі де ерекше.

Астанада осындай өңірлік жәрмеңкелерді өткізу дәстүрге айналып келеді. Әр облыс елордаға өздері өсіретін немесе өндіретін өнімдерін әкеледі. Бұл ретте оңтүстік аймақтар бақша дақылдарымен, ал батыс өңірлері балық және ет өнімдерімен танымал екені белгілі. Өндірушілер жәрмеңкеге арналған ассортиментті өз еркімен таңдайды. Іс-шараға қатысқысы келетін шаруалар саны да жыл өткен сайын артуда.

Өңірлік жәрмеңкелер мау­сымын 28 және 29 қазанда Ақмола облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері аяқтайды.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button