Басты ақпаратСараптама

Үшінші іріктеудің ерекшелігі неде?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі кадрлардың әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды бастамасының бірі – Президенттік жастар кадр резерві. Президент талантты жастардың әлеуметтік жағынан өсуіне жол ашатын бұл бастамасын 2019 жылдан бері іске асырып келеді. Осы жылдар аралығында жоба өзінің өміршеңдігін, маңызын, тиімділігін көрсетті. Оған дәлел, бүгінгі таңда резервшілер мемлекеттік басқарудың әртүрлі саласында, ұлттық компанияларда және жекеменшік ұйымдарда табысты қызмет атқарып жүр.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктен алынған ресми дерекке сүйенсек, 2019 және 2021 жылдары өткен іріктеу нәтижесімен резервке алынған 350 адамның 268-і – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Яғни резервшілердің жалпы санының 77 пайызы әртүрлі лауазымды қызметке тағайындалды. Орталық мемлекеттік органдарға – 125, жергілікті атқарушы органдарға – 35, ұлттық компанияларға – 60, өзге ұйымдарға 48 резервші жұмысқа орналасты. Солардың ішінде 31 адам саяси лауазымдарға, 5 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, 1 резервші ҚР Парламенті Мәжілісінің және 2 резервші мәслихаттың депутаты болып қызмет атқаруда.

2667 үміткер екінші кезеңге өтті

1 қыркүйекте елімізде Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталғаны мәлім. 1-30 қыркүйек аралығында үміткерлер pkrezerv.gov.kz сайтына құжатын жіберді. Бір таңғаларлығы, өтінішті қабылдауға белгіленген 1 айдың ішінде жобаның ресми сайтында 30 мыңнан астам адам тіркеліп, соның ішінде 6404 қатысушы «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуі­не жіберілген. 1 қазанда өткен «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне 6404 үміткер тіркеліп, соның 5398-і қатысты. Үміткерлер мәтіндік ақпаратты талдау қабілетін анықтау сынағынан өтті.

Жуырда Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында тестілеудің келесі блогы – «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» жіберілген үміткерлердің тізімі жарияланды. Іріктеу тәртібіне сәйкес, келесі тестілеу – «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау­ға» қатысушылардың жалпы санының 50 пайызы жіберіледі. Бірнеше үміткердің нәтижесі бірдей болған жағдайда, келесі тестілеу блогына көбірек қатысушылар саны жіберілуі мүмкін. Осылайша, тестілеудің екінші блогы – «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» ең жақсы нәтиже көрсеткен 2967 үміткер жіберілді.

Тестілеудің екінші блогы 7 қазанда өтті. Ол үміткердің кесте, графика және диаграмма түріндегі сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған 25 тест тапсырмасынан тұрады. «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жіберілген барлық үміткер 6 қазан сағат 23:59-ға дейінгі мерзімде (Астана уақыты бойынша) өзінің жеке кабинетінде тест тапсыру уақытын таңдады. Оларға тесті­леудің тапсырмаларын орындауға 25 минут уақыт берілді. Нәтижесі алдағы уақытта pkrezerv.gov.kz сайтында жарияланады. Жоғарыдағы кезең-кезеңмен өткен сынақтарға қатысушылардың зор қызығушылығы бар екенін байқауға болады.

Биылғы жаңалық қандай?

Ендігі кезекте үшінші іріктеудің ерекшелігіне толығырақ тоқталайық. Басты ерекшелік – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу. Осылайша, кезекті іріктеу мынадай 6 негізгі сала бойынша жүзеге асады:

– инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;

– агроөнеркәсіп кешені және қоршаған ортаны қорғау;

– сыртқы саясат және ин­вестициялар;

– экономикалық және қар­жылық саясат;

– цифрландыру;

– әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;

Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде. Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес дәрежеде меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс. Енді осы кезеңдерге жеке-жеке тоқталайық.

Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысатын үміткерлердің құжатын қабылдау. Ол 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асты. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін үміткерлердің деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екені беймәлім болады.

Екінші кезең мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланады.

Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты си­туациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі. Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.

Төртінші кезең – ассесс­мент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы үміткерлердің бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған. Үміткерлердің мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылады. Өз кезегінде құзыреттер бойынша сұхбат блогы, кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өтеді. Сұхбат үміткерлердің ішкі уәждемесін және құндылық бағдарын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.

Бесінші кезең – сарапшылар комиссиясында үміткерлермен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Алтыншы, соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 үміткер қабылданады. Президенттік жастар кадр резерві талаптарына сәйкес, резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және «А» санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.

Агенттіктің жұмысы іріктеу­дің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Үміткерлерді бағалау нәтижесі олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азамат үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады. Бұған дәлел, қатысушылар үшін тәулік бойы pkrezerv.gov.kz сайтында Jivo чаты, сондай-ақ +7-708-096-70-70 нөмірі бойынша техникалық қолдау және әдіснамалық кеңес беру үшін ахуал орталығы жұмыс істейді.

Сарапшылар не дейді?

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттік жастар кадр резервін одан әрі іске асыру Президенттің сайлауалды бағдарламасы басымдығының бірі екенін айтады.

«Әлеуметтік желілердегі жазбаларға қарасақ, соңғы кездері жоғары лауазымды қызметтерге жас кадрларды ұсыну қоғамның зор қызығушылығын туғызуда. Жаңа министрлер Асхат Оралов пен Зульфия Сүлейменова Президенттік жастар кадр резервінде (ПМКР) тұрғанына назар аударғым келеді. Бұл жобаны Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы бастаған болатын. Бүгінгі таңда Үкіметтің үш мүшесі – ПМКР өкілі. Барлығы 350 резервшінің 258-і әртүрлі жауапты лауазымдарға тағайындалды, оның ішінде 34-і – «А» корпусының саяси және мемлекеттік қызметшілері (аппарат басшылары, комитет төрағалары). Осылайша, жас мамандарды басшылық лауазымдарға ұсыну бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда. ПМКР жобасын одан әрі іске асыру – Президенттің сайлауалды бағдарламасы басымдығының бірі» деп жазды Е.Қарин биыл 5 қаңтарда өзінің Telegram-арнасында.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың қоғаммен байланыс, әлеу­меттік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Президенттік жастар кадр резервіне қатысушыларды басқарушылық лауазымдарға белсенді тарту арқылы отандық мамандарды қолдау саясаты сәтімен іске асырылып жатқанын айтады.

«2022 жылдың ішінде 10 шетелдік менеджерді қазақстандықтар алмастырды. Олардың қатарында Qazaq Air және «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың бірінші басшылары, сондай-ақ Air Astana вице-президенті бар. Шетелдіктердің саны директорлар кеңестері мен бақылау кеңестерінде де азайып келеді. Бір жыл ішінде ол 23-тен 14 адамға дейін қысқарды (40%). Қазақстандық кадрларды ілгерілету – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан «Самұрық-Қазына» қорының мақсатты саясаты. Қор басқарушылар ретінде Президенттік жастар кадр резервіне қатысушыларды белсенді тартады. Қордың өзінде 5 басқарушы директордың 3-еуі – ПМКР жас түлегі» деп түсіндірді ол мәселенің мәнісін.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Жаңа Қазақ­станның құрылуына және Президенттің халыққа Жолдауында айтылған реформаларды іске асыруға Президенттік жастар кадр резервінің қатысушылары ерекше үлес қосуы тиіс деп санайды.

«Ұлттық компания Президенттік жастар кадр резервінде іріктелген жастардың әлеуетін жоғары бағалайды. Резервшілердің әрқайсысы кәсіби құзыреттіліктің жоғары деңгейін, қазіргі әлемнің тез өзгеріп жатқан жағда­йына тез бейімделу қабілетін көрсеткен тиімді көшбасшы екеніне сенімдіміз. Бұл ретте, азаматтық ұстанымына қарамастан, жастар компанияның даму процесіне өз үлесін қоса алады. Резервшілерде бірден басшылық лауазымға орналасуға деген ұмтылыс болмауы керек. Шынында да, теміржолдың ерекшелігіне тез бейімделу өте қиын. Сіз барлық өндіріс процесін білуіңіз керек, күрделі механизмді түсінуіңіз керек. Сондай-ақ логистиканың, жүк тасымалының, контейнерлеу­дің және тағы басқалардың барлық тенденцияларын түсіну қажет. Теміржол кездейсоқ адамдарды емес, тек тұрақты дамуға ұмтылатын және тиісті құзыреті мен білімі бар нағыз кәсіби мамандарды жұмысқа қабылдайды. Бұл жағдайда білім мен құзыреттілік амбициядан жоғары болуы керек» дейді ол.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру құзырлы агенттіктің стратегиялық міндетінің бірі екенін мәлім етті.

«Ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақырамын. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет. Жастарымыздың бо­йындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру – агенттіктің стратегиялық міндетінің бірі» дейді ол.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button