Мәселе

Ойыннан от шықпасын



«Қарызға белшесінен батқан адамның өмірі өліммен бірдей емес пе?» дейді фильмдегі кейіпкер. Иә, қазан айында ең көп талқыланған тақырыптың бірі – Netflix ұсынған «Кальмар ойыны» сериалы. Туынды әлем жұртшылығын бірден баурап, үлкен резонанс тудырды. Соның ішінде балалардың фильмге құмартып, ондағы ойындарды қайталап жүрген видеолары TikTok желісінде қаптап кетті. Білім және ғылым министрлігі сериалды кәмелетке толмағандар көрмеуі керек деп дабыл қағып та үлгерді. Дегенмен баланың көрме дегенді көріп, істеме дегенді істейтін әдеті қалсын ба? Ата-аналар да шарасыз.

[smartslider3 slider=512]

Амалсыздық пен үміт, қатыгездік пен мейірім, қан мен тер. Фильмнің сюжеті қарапайым. Алған несиесін жаба алмай, екі қолға бір күрек таппай, туғандарына «ұят болады» деп бата алмай жүрген жандардың тағдыры – тек Кореяға емес, әлемге ортақ жағдай. Сондықтан да фильм шынайы өмірден еш алшақтамаған. Басты рөлдегі Сон Ги Хун ат жарысына ақша тігуге құмар болады. Кейін жалғыз қызы мен анасын қаржылық тұрғыда демеу үшін, басындағы қарызынан құтылу үшін өзі де сол құмар ойындарындағы құрбанға айналып кеткенін байқамай да қалады. Бәрі де ақша үшін. Ал «кедей бай болсам, бай Құдай болсам «деген замандағы шетелдік олигархтардың адам тағдырын келеке етіп, ақшаға саудалап, бәрінен бұрын олардың әр ойын сайын өлгендерінен ләззат алуы осы ғасырдың ең қатыгез көрінісі болды.
«Кальмар ойыны» – тағдыр ойыны
Сериалда 6 ойын беріледі, 6 ойынның барлығынан сәтті өткен қатысушы жеңімпаз атанып, миллиардтан астам ақшаға ие болады. Фильмнің басында қатысушылар ойыннан шықса немесе жеңілсе, өлетіндерін білмейді. Алғашында 456 қатысушы қатысып, соңында бір ғана қатысушы қалып, жеңіске жету керек. Бірінші ойында қатысушылар үлкен қуыршақты көреді. Диктор ойынның ережесін түсіндіргеннен кейін қуыршақ «Тыныш жүрсең – ұзақ жүресің» деп әндетеді. Сол сәтте қатысушылар қадамдай бастайды, ал қуыршақ тоқтаған кезде қатысушылар мүлдем қозғалмай тұруы керек. Егер қатысушы қозғалып қалса, ойыннан шығады, яғни жаңағы қуыршақ оны өлтіреді. Ойынның өліммен аяқталатынын білмеген қатысушылар шу көтеріп, ойын алаңынан қашуды көздейді. Дегенмен қашуға тырысқан барлық адам өледі. Келесі кезеңге өткендер ойыннан бас тартып, қалыпты өміріне оралады. Бірақ саналарында 38,5 млн АҚШ доллары тұр. Шынайы өмірлерінің ойын алаңынан еш айырмасы жоқ екенін түсінген қатысушылар қайтадан жұмбақ аралға оралады.
Балалық шақпен астасатын ойындар тобы барлық аймақта кездеседі. Тіпті кей мемлекеттердің балаларға арналған ойындары бір-біріне ұқсап жатады. Командалық ойын болсын, жеке ойын болсын – жеңілгені ойыннан шығады. Автор дәл осы идеяны негізге ала отырып, ересектерге арналған балалар ойынын ұйымдастырған. Көрерменге фильм сюжеті бастапқыда көп нәрседен хабар бермейді. Сол себепті қызыл комбинезондағы ұйымдастырушыларды «бір мектептің іші пысқан оқушылары ма?» деп ойлап қалуыңыз да мүмкін. Бірақ фильм біз ойлағаннан мүлдем басқа бағытта өрбиді. Фильм режиссері Хван Дон Хёктің айтуынша, фильм сценарийі 2008 жылы жазылыпты. «Осы фильмді бастамас бұрын қаржы жағынан қатты қиналдым. Сол кезде «Патша шайқасын», «Өтірікшілер ойынын» оқып күнімді өткізетінмін. Егер осындай ойынға өзім қатыссам, қандай күйде болар едім деген ой келді. Мен қазіргі капиталистік қоғамды суреттейтін аллегория жазуды көздедім. Біз өмір сүріп жатқан тым күшті бәсекелес қоғамды көрсеткім келді, ол үшін шын өмірде кездесетін кейіпкерлерді таңдап алдым» дейді режиссер. Капиталистік қоғамда кім көп – кредит алған, қарызға батқан жан көп. Фильмде «Оңтүстік Корея – халқының кредиті көп әлемдегі екінші ел» дейтін тұсы бар.
Бала психикасына қауіпті ме?
«Кальмар ойыны» телехикаясы баланың суицид жасауына себепші болуы мүмкін. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Психолог Диана Маратованың айтуынша, жауыздыққа толы фильмді көрген бала оны өзі жасауға ұмтылады. Себебі телехикая сюжеті өшпенділік пен өтірікке, қатыгездік пен сатқындыққа толы. Фильмнің соңы мейірімділік барлығын жеңеді деп көрсеткенмен, оған дейінгі қорқыныштар жүйкеге қатты әсер етеді. «Бұл жердегі фильмнің басты мақсаты – қателессең өлесің. Басқа мүмкіндік жоқ. Қателікке жол жоқ деген түсінік балада қалыптасатын болса, өте ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін» дейді психолог.
Ең өкініштісі, бұл үрдістен ішкі сүзгісі қалыптаспаған балалар аудиториясы да шет қалып отырған жоқ. Аталған фильм элементтері интернеттегі бүлдіршіндер контентін де жаулап үлгерген.
«Play market-те қазірдің өзінде 30-40 ойын бар және бұл көрсеткіш күн санап көбейе беретіні түсінікті. Көп ұзамай Қытайдан корейше ән айтатын кинодағы залым қуыршақтың неше атасы қаптайды. «Соқыр теке» мен «Ақсерек-көксеректі» білмейтін балаларымыз енді корейдің ойындарын тез-ақ меңгеріп алады. Міне, жұмсақ күштің (soft power) құдіреті – осы. Бұл енді балаларымызға жай ғана жақсы тәрбие беру жеткіліксіз деген сөз. Енді балаларымызға зұлымдыққа, қатыгездікке, жауыздыққа қарсы тұра алатын «мейірімді» дарыта беруіміз керек. Әйтпесе отбасында жақсылық, ізгілік туралы әңгіме естімейтін, бір сәт ата-анасының жылы мейірім-шуағына бөленбейтін баладан түбі қан-қасап қатыгездікке де сезімі селк етпейтін тасбауыр адам шығуы әбден мүмкін» деп жазды желіге журналист Рауан Сәбитұлы.
Корей феноменіәлем назарында
Осы ойынның әсерінен АҚШ-та корейше үйренетіндер саны бірден 40 пайызға артыпты. Жалпы корей киноларына деген әлемнің ықыласы «Оскар» сыйлығын иеленген «Паразиттер» киносынан кейін ерекше байқалды. Бүгінде корей халқының өмірі мен мәдениеті әлемдік өркениеттің көш басында тұр. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Қазір жасөспірімдердің арасында дорама көрмейтіні, корей косметикаларын тұтынбайтыны, корей асханаларынан тамақ ішіп, k-pop әндерін шырқамайтыны кемде-кем. Ендеше ғылымда Hallyu деп аталатын «корей толқыны» біздің өміріміздің айнымас бір бөлшегіне айналып үлгерді. Мысалы, биыл ағылшын тілінің Oxford сөздігіне 26 корей сөзі еніпті.
«Корей дорамаларында маркетингтік жарнамалар көп. Мысалы, бір ғана «Кальмар ойыны» арқылы олар өздерінің соңғы шыққан смартфондарын жарнамалаған. Оны көріп отырған адам ол телефонға міндетті түрде қызығады. Жалпы корей косметикалары, ұлттық тағамдары мен мәдениеті осы дорамалар арқылы тарап отыр. Қазір Кореяда пластикалық медицинаға деген сұраныс жоғары. 90-жылдары Кореяға тек 100 мыңдай турист барса, қазір миллиондаған турист барады. Олар пластикалық операция жасатқаннан бөлек, тек концерт көру үшін, дорамаларды түсірген жерлерді тамашалау үшін келеді. 2010 жылдан бері корей феномені бүкіл әлемді жаулай бастады. Оңтүстік Кореяның жүргізіп отырған саясаты – жұмсақ күш саясаты. Яғни өзінің сүйкімді, жағымды имиджін қалыптастыру арқылы жеке мүддесін басқаға тықпалайды. Ол саяси немесе экономикалық мүдде болуы мүмкін» дейді мәдениеттанушы Сәния Баженеева.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ, киносыншы:
– Корей мәдениеті глобалды феноменге айналды. K-pop, корей дорамалары немесе фильмдері заманауилықтың бір белгісі болып қалыптаса бастағандықтан, әлемдік форумдарда талқыланып, фан-база жинап жатқандықтан, тренд ретінде тартымды деп ойлаймын. Әрине, ондай атына заты да сай. Корей эстетикасы: перформанс, режиссура, драматургия, актерлік ойын, операторлық өнер, дыбыс режиссурасы, монтаж өнері, суретшілік, костюм мен мейкап, яғни креативті индустрияның барлық аспектісі сапалы жасалады. Сондықтан да визуалды тұрғыдан тартымды ғана емес, экспрессивті, әсерлі. Көтерілетін тақырыптарын қараңыз, ескі жүйемен күрескен батыр қыздар болсын, заманауи бай мен кедейдің арасындағы тартыс болсын, өзінің кім екенін білмей күмәндану, тамырына үңілу болсын, бірнеше буынға жалғасқан травмаларды игеру болсын – бәрі адамзатқа тән мәселелер. Ал дәстүрлі дорамаларында көрсетілетін кейіпкерлер арасындағы эмоционалды байланыстың күштілігіне қараңыз – әркім өзінің виртуалды әлеміне сүңгіген, фрагменттелген, адамдар арасы ажырай бастаған бүгінгі дәуірдің адамы өз өмірінде жетіспеген күшті эмоцияларды солардан алады. Тартымдылықтың бір сыры осында деп ойлаймын.
«Кальмар ойыны», өз жанрындағы тұңғыш сапалы туынды болмаса да, пандемия кезінде көбірек сұранысқа ие болған Netflix-тің арқасында дәл осындай халықаралық дәрежеде танымалдылыққа ие болған тұңғыш сериал. Жоғарыда айтылған корей әдібімен мұнда туындының қай аспектісі де сапалы. Тым қатыгез көріністері көп, 18+ деген рейтингті сол себепті де алғаны анық. Бірақ Қазақстанда ғана емес, Ұлыбританияда да, АҚШ-та да, жан-жақта мектеп оқушыларының сонда көрсетілген ойындарды ойнай бастауы, TikTok-тағы танымалдылығы – бәрі де мәдени өнімді жұқпалы вирус сияқты жаһандық деңгейде таратуға болатындығының мысалы. Бұл – креативті өнер менеджерлерінің қазіргі буынына үлкен сынақ. Көңіл көтеру не таза табыс үшін экрандағы қатыгездікті ақтауға бола ма, болмай ма, үлкен сұрақ, бірақ Корея поп-өнерді баяғыда коммодификациялап, әрі тауар, әрі брендке айналдырған және ол ешкімнің мораль оқуын көтермейді. Жеріңнің қойнауындағы мұнай мен алтын сатып шалқайып жатқанша, өзің өндірген шығармашылық өнімді сатып табыс табу анағұрлым абыройлы әрі жасампаз әрекет екені анық қой, сондықтан мораль оқитын біздің қандай қақымыз бар? Басқа сөзбен айтқанда, бұл сериал корей креативті индустриясының барлық өнімдері сияқты заманауи мәселе көтеріп қана қоймай, әлемдік нарыққа нарық тілімен сөйлеп отыр, сондықтан табысты.
Жандос ҚҰСАЙЫН, режиссер:
– Оңтүстік Корея әлемдегі тақыр кедейліктің рейтингісінде бесінші орында деген тақырыппен The Korea Herald басылымында материал шықты. Мұндай рейтингті салық төлеу картасына қарай отырып, орта кірістің мөлшері арқылы анықтайды екен. Ел тұрғындарының тең жартысы – қалыпты өмір сүру игіліктерінен қағылған 65 жастан асқан азаматтар. Яғни жеке мүлкі жоқ, айлығы аз. Жалпақ айтсам, «квартиранттар» мен базарда тәшкі итеріп жүргендер ғой. Инновациялық технология дамыған, медицинасы алдыңғы қатарлы елдермен иық теңестіріп тұр, шоу-бизнес, мәдениетінің әсері мен ықпалын білеміз. Онда неге бұл ел тақыр кедейліктің рейтингінде көш бастайды деген сұрақ туады ғой. Бұл парадокстың жауабы қарапайым – капитализм. Бай байыған үстіне байып жатыр, кедейдің жайы құрдымға кете береді.
2010 жылы кедей жігіт Хван Дон Хёк капитализм, кедейлік тақырыбына сценарий жазуды бастаған екен. Бірақ жеуге нан таппай қалғандықтан ноутбугын 675$ сатып жібереді де, нан емес, күріш алады. Арада он бір жыл өткенде, Netflix-тің 17 млн долларына жасалған 9 бөлімді «Кальмар ойыны» сериалы жарқ ете қалды. Әлеуметтік желіде #squidgame хештегімен 33 млрд-қа жуық клип боп тарап жатқан бұл туындының несі әулие? Қазақта «ойының осылғыр» дейтін қарғыс бар. «Кальмар ойыны» осы қарғыстың мағынасын толық ашып тұр. Алты кезеңнен тұратын сайыстың қай-қайсысы да адам дейтін жаратылыстың бет-пердесін сыпырып, кісінің қалқаны сынды моральдық ұстанымдарынан жалаңаштап тастағысы келеді. Өйткені жағдай сондай, кеңістік сондай, ойынға қатысушылар да лайық. Кейіпкерлері – капитализмнен теперіш көрген, әділетсіздіктен таяқ жеген борышкер, тығырыққа тірелген адамдар. Мұндай жандар адам дейтін жаратылыстың шын бейнесіне мысал бола алады. Өйткені бұл жаратылыс қалыпты, бейбіт өмірде адам. Ал өмір мен өлімнің ернеуіндегі биологиялық элементті біз танымайды екенбіз.
Соған қарамастан, ойындағы ең үлкен ереже – әділдік. Мұндағылардың бәрі тең. «Кальмар ойыны» – табиғи сұрыпталу. Мықты болсаң қаласың. Әлсіз болсаң, бір оқ – өлдің де қор болдың. Фильм авторларының түйіні қарапайым: әділдік дегеніміз де әркімнің материалдық жағдайына байланысты құбыла беретін универсалды түсінік. Мына жалғанда абсолютті теңдік болмаған. Болмайды да.
Сюжеттік бетбұрыстарды алдын ала дөп басып, тауып отыру қиын емес. Клише де бір кісідей. Бірақ тақырып жақсы. Көтерілген мәселе, қойылған сұрақ уытты. Өнімнің орындалуы да, визуал қатары, геометриялық кескіндер мен түстердің үйлесімі көздің жауын алады. Тарантиноның пайымындағы «жайдары музыканың фонындағы өлім» дегендей, әдемі декорацияның құрсауындағы өлім де соншалықты жантүршігерлік болады екен. Капитализм ғой енді. Қайтеміз…
Серік ХАСЕНОВ, журналист:
– Фильм сондай шедевр емес. Бұл – бұрыннан бар сюжет пен ойға құралған кино. Тек қазіргі тенденция оны әсірелеп көтеріп тұр. Сондай нашар да фильм емес. Фильм авторы Хван Дон Хёктің өзі де мойындайды. Бұл – бұрыннан бері бар сюжеттер жиынтығынан жасалған фильм. Сценарийдегі бір артықшылық, кино махаббаттан тыс. Көп кинода кезіге бермейтін ситуация. Бірақ адалдықты тым әспеттеп жіберген. Мысалы, әу баста ақша үшін ойынға қатысуға барған кейіпкер кейін ұтыс қаржысын жұмсамай жүреді. Өте жеңіл образға соңында күрделі адалдықты сыйдыру қиын. Бір ұнағаны, капиталистік жүйенің барлық былығы сыйып тұр! Неғұрлым адам көп өлген сайын саған тиесілі қаржының саны арта түседі. Сол жерде, қатысушыдан бөлек, жалшы табы бар. Оларға мән берсеңіз, олар да ақша үшін келген қатысушылармен тең жағдайдағы адамдар. Қазіргі барлық жүйенің тенденциясына сай қылық. Міндетті түрде қару мен тәртіп ұстаушы отряд болу керек. Сонда ғана адамның таңдауынан тыс әрекеттерге итеруге болады. Ал егер адамның таңдауынан тыс әрекеттер болмаса, үстем тап өкілдері деген түсінік жоғалады. Ол кейбір адамдарға тиімсіз, эгосына жат. Кейде біз ситуацияның жасап берген таңдауларын тағдыр деп түсінеміз. Кино соны жақсы жеткізген. Ситуация тағдырдан басым. Өз қажеттіліктеріңді өтеу үшін ұлы ойлардың немесе трагедия мен драманың қажеті шамалы. Әжетханаға бару – барлық адамға тең әрекет. Бірақ ішінде өзіңді ұстау мен әрекет ету мәдениеті сан қилы. Кинода осы жақсы қамтылған. Өмірге келуді таңдамайсың. Кинода ережесі жасалып қойған ойынға қатысуға бәрі келісті. Тағдыр ма, таңдау ма? Басымдық таңдауда. Көп адамның өлгені мен көп адамның адамға жат әрекеттері ғана киноны күрделендіріп тұр. Әйтпесе жай ғана ойын ғой. Біз оған күнде қатысамыз… Сондықтан туындыны киноматографияға ешқандай жаңашылдық әкелді дей алмаймын. Тек қоғамға жаңа культтық іс-әрекеттер әкелді. Капиталистерге жаңа табыс көзіне жол ашты. Кемшілігі фильм өзінің ойына өзі қарсы шықты. Нақты негізгі ойын соңына дейін жеткізе алмады. Көрермен феноменді басқа қырынан іздеп кетті… Жақсы жағы күнделікті байқай бермейтін қылықтарымызды ашып берді. Басты құндылық ақшада емес, ақшаның жай ғана цифр екенін, табыс көзінде біреулердің құмары жатқанын ұқтырғандай болды. Мен балаларға көрсетпеуге кеңес берер едім. Бірақ музыкасы мен сюжеттегі ойынның феномені менімен келіспейді. Бала психологиясына ойын мен әсер ету өте жеңіл. Музыкамен әсер ету одан да жеңіл. Бұл фильмде екеуі де бар. Мүмкін осындай фильмдер жерінуге де жақсы шығар?! Бірақ бала таңдау дегенді түсіне қоймайды. Ал жаман дүниені тез үйренеді. Балаларға көруге ерте…
 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button