Sport

Олжалы оралды



Ресейдің Белоярский қаласында Социалистік еңбек ері Фарман Салмановқа арналған Мұнайлы мемлекеттердің XV Әлем кубогы аяқталды. Бұл біріншілікте бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына алты медаль түсті. Оның екеуі – алтын, екеуі – күміс, екеуі – қола жүлде.

Турнирге 17 мемлекеттен 100 спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде елдің атын қыздардың арасынан Римма Волосенко мен Алина Тұрлыбаева шығарды. 60 кг салмақта алтыннан алқа таққан Римма – Астана қаласы әкімдігіне қарасты Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы. Ал Алина 52 кг дәрежеде күміс жүлдегер атанды.
Спортшының жаттықтырушысы, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев мұнай мемлекеттерінің Әлем кубогында біздің елден бұған де­йін тек Марина Вольнова ғана чемпион болғанын, осы жылы Римма Волосенко сол жеңісті жолды жалғағанын айтты.
Ал жігіттердің арасынан Ержан Ордабаев (60 кг) чемпион атанды. 56 кг салмақта Абылай Сайлаубеков екінші тұғырға көтерілді. Ал қолаға қол жеткізгендер – Рашит Салауатов (52 кг) пен Шаймұрат Құсайынов (81 кг).

Орынбек ӨТЕМҰРАТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button