Жаңалықтар

Өмір сүру сапасын жақсартады



Астананың мемлекеттік және атқарушы органдары мен Қазақстанның телекоммуникациялық компания­сы өкілдерінің қатысуымен «IoT Networking Day» конференциясы өтті.

«Заттар ғаламторы» бойынша бастамаларды іске асыруда қажетті коммуникациялық ортаны қамтамасыз ету мақсатында өткен конференцияда мәліметтерді қашықтықтан сымсыз жеткізудің өзекті мәселелері талқыға салынды.
Айта кету керек, қалалық ведомстволардың түрлі үдеріс­терінің тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынған «Заттар ғаламторы» бастамаларын енгізумен Астана қаласында «Astana Innovations» АҚ жанынан құрылған Смарт технологиялар саласындағы құзырет орталығы айналысады. Жиында Астананың «Заттар ғаламторын» белсенді енгізе бастағанын, бұл тұрғыда құрылғылардың бір-бірімен коммуникациялауына жәрдемдесетін мәліметтерді жеткізу желілері туралы маңызды мәселе тұрғанын айтқан «Astana Innovations» АҚ Смарт технологиялар саласындағы құзырет орталығының директоры Әсел Байтасова «Заттар ғаламторы» – көптеген сенсорлардың бір-бірімен тілдесіп, қажетсіз және қосымша командалар мен операцияларсыз коммуникациялар жіберуі екенін атап өтті.
Конференцияның бірінші бөлімінде Астана, Алматы, Ақтөбе қалалары әкімдіктерінің өкілдері ТКШ, көлік, денсаулық сақтау және қауіпсіздік салаларындағы «зат­тар ғаламторы» шешімдерінің алғашқы нәтижеле­ріне тоқталды. Сондай-ақ, аталмыш саладағы жобаларды жетілдіру жоспарымен де бөлісті. Ал екінші және үшінші бөлімдерде коммуникация­лық компаниялар еліміздің ұлттық компанияларымен бірлесіп, қолжетімді LPWAN технология­ларға шолу жасады. Сонымен қатар, өнер­кәсіп нысандары мен ғимараттарын автоматтандыруға байланыс­ты міндеттерді шешу үшін LoRaWAN және NBIoT сынды шешімдерді енгізу тәжірибесінің алғашқы жетістіктері ортаға салынды.
– Біз алдын ала сараптама
жасап, технологияларды таң­дадық. Бүгінде оның екеуі Астана, Қарағанды және Ақ­төбе қалалары мен «ҚТЖ», «ҚазМұнайГаз» сынды ин­дустриалды сектор өкілдерімен талқыланды. Аталмыш жобалар бірінші кезекте жолаушының жол жүру уақытын қысқарту, өлім-жітімді азайтуға, түптеп келгенде ел­орда тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді «Astana Innovations» компаниясының баспасөз хатшысы Жанна Жүрекенова.
Мамандардың айтуынша, LPWAN және LoRaWAN технологиялары еліміздің барлық қалаларында енгізілуде.
Әсіресе, жаңашылдықты ен­­­гізуде «Қазақстан темір жолы» көш бастап тұрған кө­рі­неді. Сонымен қатар, сымсыз мәлімет тарату желісіне «Қазақтеле­ком» АҚ мен Kcell, Beeline, Tele2 байланыс операторлары қызы­ғушылық танытып отыр екен.
– Болашақта датчиктер
өзара коммуникацияға түс­кен кезде, біздің айналамыз­дағылар шарасыз күйге енеді. Мысалы, қазір біз автокөліктеріміздегі арнайы бей­нере­гис­траторларға таңғалмаймыз, – деген Астана қаласы Инвес­тиция және даму бас­қармасының басшысы Әлішер Әбдікәрімов жуырда ғана елордада «Заттар ғаламторының» бір бөлшегі «Сергек» фото-бейне құрылғысының енгізілгенін тілге тиек етті.

Нұрдәулет Кәкішев




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button