Жаңалықтар

Өңірлік штабтың отырысы



Жақында елорда әкімдігінде техникалық реттеу  мәселелері  жөніндегі өңірлік штаб­тың кезекті отырысы өтті. 

ERM_7552

Жиынға Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин, ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасарлары Ғалымжан Дұғалов және Ержан Қарасаев, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» мен «Қазақстан метрология институты» РМК, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС басшылары, Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан мұнай және газ институты, Мұнай және газ ақпаратты-талдамалық орталығы, Қазақстан жанармай ассоциациясы, қаладағы жанармай құю стансалары, мұнай базалары, мұнай және мұнай өнімдерін сату және өңдеу саласындағы ірі компаниялар, сонымен қатар, қалалық бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Алдымен сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин техникалық реттеу саласында жаңа стандарттардың енгізілуі – Қазақстанның нарығын сапасыз өнімдерден қорғауға, отандық өн­дірушілердің бәсекеге қабілеттігін арттыруға үлкен қолдау болатынына айрықша тоқталды.

– Үкімет бұдан екі жыл бұрын техникалық реттеу және метрология жүйесін жетілдіру жөніндегі 2020 жылға дейінгі кешенді жоспар бекіткен болатын. Осы жоспар республикамыздағы техникалық реттеу жү­йесінің қолданыстағы тәсілін түбегейлі жетіл­діреді және отан­дық өндірушілер мен сыртқы экономикалық қаты­наста жұмыс жасай­тын компаниялардың әлемдік на­рықта бәсекеге қабілеттілігін арт­­тыруға септеседі. Біз өз кезе­гімізде техникалық реттеу саласында мемлекеттік-жеке меншік серік­тестікті дамыту бойынша мүдделі тараптардың өзара әре­кетін қамтамасыз етуге тиіспіз. Индус­трияландыру картасына, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына сәйкес елордада техникалық реттеу саласында бірыңғай техникалық саясат қажет, – деді А.Лукин.

Қала әкімінің орынбасары өз баяндамасында техникалық реттеу саласында мемлекеттік ұйым­дардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің, салалық бизнес-қауымдастықтардың, тұты­нушылардың құқығын қорғау қо­ғамының және басқа да қоғамдық бірлестіктердің әрекеттері жан-жақты үйлестірілетінін, «Техникалық реттеу туралы» Заңды іске асыруда мемлекеттік және корпоративтік секторларға жәрдем беру мәселесін егжей-тегжей әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, тәртіпке кел­тірілген жұмыс отандық нарықты қауіпті және сапасыз өнімнен қор­ғауға, әлемдік стандарттарға сәйкес өнім шығаруға қажетті жағдайлар жасауға, менеджмент жүйесін енгізуге, сондай-ақ, ішкі нарықтың ин­фрақұрылымын жасап, индустрияландыру картасы аясында жобаларды сәтті іске асыруға мүмкіндік бермек.

Жиында сала мамандары тасы­малдауға және қолдануға дайындалған мұнайға қауіпсіздік талаптарын орнататын ЕЭО тех­никалық регламентін де талқыға салды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау. Регламентте барлық тиісті талаптар бар және ол 2017 жылғы 1 наурызға қарай енгізілмек.

Бұдан соң Техникалық реттеу және метрология комитеті төр­ағасының орынбасары Ғалымжан Дұғалов өткізіліп жатқан іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, күн тәртібіндегі келесі мәселелерді тізбектеп шықты.

– Тасымалдауға және қолдануға дайындалған мұнайға қауіпсіздік талаптарын орнататын ЕЭО тех­никалық регламенті жобасын, жанармай сапасына өтпелі бақылау жүйесін, сонымен қатар «Мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінің, мұнай өнімдері ба­заларының және жанармай құю стансалары резервуарларын есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру бойынша қағидалар мен талаптар» жобасын қарастыруымыз қажет, – деді Ғалымжан Тілектесұлы.

Шара аясында Астана қаласы­ның өңірлік штаб мүшелері «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС мұнай өнімдерін іріктеу және сынау жө­ніндегі аккредиттелген сынақ зертханасына барып, жанармайды өтпелі бақылау жүйесімен және жаңа сынақ жабдықтарымен танысты.

М. ШАМҰРАТОВ, astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button