Басты ақпаратЖаңалықтар

Астананың толғақты ақпараттар тоғысы

Шаһардағы барлық қызмет то­рап­тарын бір арна­ға тоғыстырған «109» қызметі елордаәкімі Әділбек Жақ­сы­беков­тің бас­тамасымен құрылған еді.Тұр­ғындардан түс­кен әрбір өтініш қа­ла­ның қалыпты өмі­рін қам­тамасыз етуге үлкен сеп­тігін тигізеді. Бұл Интеллектуалды байланыс орталығы бү­гін­де халық пен қала­­лық қызметтер арасын жалғайтын сенімді кө­пірге ай­нал­ды. Ком­му­налдық тұрмыстық сипаттағы қо­ңырауларды бір­ыңғай қа­былдайтын орынға арнайы ат ба­сын бұрғанымызда қала жұртын қандай жай мазалайтынына мән бердік.

ERM_4234

Бір мезетте 60 қоңырау қабыл­дауға қауқарлы

«Ақылды қалаға» айналып келе жатқан Астананың ұтымды жобасы деп осы орталықты айтуға болады. «Бір қоңырау» ұста­нымы бойынша жұмыс істейтін бұл мекемеде «бір терезе» арқылы қала­ның қай саласы болсын, тұрғындарды қандай мәселе толғандырғанын білуге болады. Бірыңғай байла­ныс орталығына бас сұққа­ны­мызда назарымызды бірден ау­дар­ған тұтас қабырғаны алып тұр­ған монитор болды. Міне, осы «ай­надан» қаланың қай же­рінде қандай олқылық орын алғаны көрініп тұрады. Бізді жылы ұшырай қарсы алған мекеме басшысының орынбасары
Ниязбек Хамзиннің айтуынша, үлкен экраннан қай опера­тор­дың қанша қоңырау қабыл­да­ғанын, өтінімдердің қандай сала­ларға бағытталғанын, қан­шасы шешімін тапқанын – бәрін-бәрін бақылауға болады екен.

– Коммуналдық-шаруашылық бағытындағы барлық сауалдар сұрыпталып, тақырыптарына қарай жеке-жеке топтастырылады. Сенім білдіріп хабарласқан азаматтардың талап-тілегі еш­қашан жауапсыз қалған емес. Біз құзырлы орындардың бәріне мәселенің мән-жайын түсін­діріп, орындалуын ұдайы қада­ғалаймыз. Халық пен мекемелер арасындағы дәнекер бол­ған­дықтан, әрбір қоңырауға ыжда­­һаттылықпен қарап, түйт­кілді сұрақтардың түйінін тар­қатуға септесеміз. Тұрғындар шағымынан-ақ жұрттың ПИК өкілдеріне деген өкпесі қара қазандай екенін байқаймыз. Сол себептен біз тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін қала­дағы 400-ге жуық мекеменің басым бөлігін ПИК-тер құрайды, – дейді Ниязбек Үкіметұлы.

Қала халқының игілігі үшін ашылған бұл қызметтің бүгінде аясы кеңейген. Орталық бір мезетте 60-қа жуық қоңырауды қабылдауға қауқарлы. Бір тәулікте 15 оператор жетілдірілген тех­нологияның арқасында барлық сұраққа үлгеріп жауап беріп, үдеден шығып жүр. Мысалы жыл басынан 18 ақпанға дейін «109» нөміріне 60 мыңнан аса қоңырау келіп түсіпті. Олардың ішінде, маңызды ақпаратты автоматты түрде ұсыну арқылы оператордың қатысуынсыз 37 мыңнан аса қоңырау өңделіпті. Ал бұл көрсеткіш – жалпы қо­ңыраулар санының 61 пайызы. Өтініштерді өңдеу уақытының үнемделгені орталықтың мүм­кіндігін артқанын байқатады.

Әлеуметтік желінің әлеуеті

Негізінен тұрғындар «109» тегін нөміріне қалалық және мобильді телефондары арқылы хабарлас­қа­ны­мен, сын-ес­керт­пелерін әлеу­меттік желілер ар­қылы да жолдайтындар баршылық екен. Астана әкі­мінің орынбасары Нұрәлі Әлиевтің тап­сыр­ма­сы­мен қолға алын­ған бұл бас­тама да оң нә­ти­жесін бе­ріп жатыр. Жыл басында «Facebook», «Instagram», «Twitter» желілерінде ашылған #astana109 хэштегі бойынша бір жарым айдың ішінде 105 өтінім қабылданып, өңделіпті. Сонымен қатар, «Astana 109» парақшаларында мектептерде сабақтың болмайтыны; трас­са­лардың жабылуы және ашылуы; Жұмыспен қамту орталығының жұмысы; мектепке дейінгі ұйымдарға іріктеп бөлу мерзімі туралы хабарламалар жарияланады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы астаналықтар азық-түлік бағаларының негізсіз қымбаттағаны жайында да арыздана алады. Жыл басынан бері бұл парақшалар 12 мыңға жуық жазылушы жинады.

Байланыс орталығы іске қосқан өтінім қабылдаудың тағы бір смарт-тәсілі – мобильді қосымша. Шыққанына көп бола қоймаған бұл қосымшаның қазірдің өзінде 40 мыңнан аса қолданушысы бар. Шағымын айтып жүгінушілер деректерін нақтылау үшін бұл қосымша арқылы суреттер де жолдай алады.

Халық тілегіне көбірек көңіл беру үшін орталық сұрақтарды 109@ain.kz электронды почтасы арқылы да қабылдап, жауап береді.

Күрелмеген қар – күнде дау

Байланыс орталығында бар­лығы төрт ауысым бойынша 60 оператор жұмыс істейді. Бір ауысымда тәулік бойы үзіліссіз тұтқаның түбінде отыратын 15 оператор жұмысын таңертең 8.45-тен бастайды екен.

Біз барған күнгі ауысымның жетекшісі Әсел Рахимжанованы әңгімеге тартқанымызда, ол халықпен жұмыс істеу қанша­лықты қиын болса да, осы салада бес жылдан бері табан аудармай істеп келе жатқанын айтты. Үш жарым жылдай оператор болып, «қара жұмыс» атқарған Әсел қазірдің өзінде қоңырауға жауап беріп, шаруаға бір кісідей кірісіп кетеді. Оның айтуынша, дәл бүгінгі таңда тұрғындар сауалда­рының денін қар тазалау мен кәріз құ­дықтары қақпақтарының ашылып қалғанына қатысты мә­селелер құрайды.

Айтып ауыз жиып болмай, 55-нөмірлі операторға бір кісі Кенесары көшесінде бір құдық­тың қақпағы ашық жат­қанын айтып, хабарласты. Өзін Лаура Үмбетова деп таныстырған қыздың жанына жетіп бардық. Оператор қыз дәл осындай мәселемен таңертең бір әйел­дің қоңырау шалғанын айтты. Ауысым жетекшісі мұндай мәселелердің бір күннің ішінде, ары кетсе 3 сағаттың көлемінде шешілетінін айтқанын ескеріп, Лау­радан «бұл құдықтың қақпағы ендіге дейін қалпына келтірілген шығар» деп сұрадық. Оператор дереу компьютерін ақтарып жіберіп, сағат 8.49-да түскен сұрақ «Астана су арнасына» жолда­нып, құдықтың аузы 10.46-да жабыл­­ғанын жеткізді. Жалпы тапсыр­малардың орындалуы туралы дерек дәлірек болуы үшін құзыр­лы мекемелер жұмыс біт­кен соң тез арада суретін де жолдайды екен.

Инновациялық жобаларды іске асыру департаменті дирек­торының орынбасары Азат Тештібаев жаңа жобалармен толысқан мекемеде жұмыс­шы­лардың саны көбеюімен орта­лықтың әлеуеті арта түскенін мәлімдеді. Бүгінде «109» қызметі күніне 500-ден аса қоңырауды қабылдап, олардың орындалуын да жіті бақылайды.

Біз барған бір тәуліктің ішінде «109» нөміріне 764 қоңырау шалынған. Оның ішінде ком­муналдық-тұрмыстық сипатта 103 хабарлама келіп түскен. Байланыс орталығына жүгінген тұрғындардың 20-сы қардың уақытында тазаланбайтынын айтып, шағымданған. Ал бұл күні ПИК жұмысына көңілі толмай хабарласқандар саны 15 болса, оның көбісі судың тоқтап қал­ғанына қынжылыс білдірген.

О. ӨТЕМҰРАТ, astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button