Әлеумет

АРМАН АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

немесе қайсар рухты қыз Гүлхая жайлы хикая

Автобустың іші ығы-жығы. Иін тірескен ортада ине шаншар жер жоқ. «Әй, қыз, былай тұрсаңшы, өтіп кетейік те!» деп, етжеңді келген әйел оң қапталымдағы бойжеткенді итеріп қалды. Мұндай дөрекілікті күтпеген әлгі ару алға ұмсынып барып бойын тіктеді. «Апай, кешіріңіз. Менің көзім көрмейтін еді…» деді әлден соң кібіртіктеп. Жалт қарадым. Айналасындағылардың аянышын тудырғысы келмегендей, жанарын көлегейлеп, бетін бұрып алыпты. Екі-үш аялдамадан кейін жан-жағын қарманып, есікке қарай жақындады. Мен де соңынан ілестім. 

Гүлхаямен таныстығымыз осылай өрбіді. Жиырма алты жастағы қыз Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында дүниеге келіпті. Сәбидің су қараңғы екенін әке мен шеше жарты жылдан соң аңғарған. Сергелдең мен сабылыс осы кезде басталады. Алтыға толғанша бүлдіршін аурухананың темір төсегіне таңылып, алты рет пышаққа түседі. Алайда отаның ешқайсысы қаршадай қыздың жанарына саңылаудай сәуле сыйлай алмады.

Әйткенмен, шарасыздыққа шырмағысы келген тағдырына Гүлхаяның бойындағы ерік пен жігер бағынбады. Орта мектептің табалдырығын жұрт қатарлы аттаған балдырған өзіне артылған жауапкершіліктің жүгін жан-тәнімен сезінсе керек. Ұстаздың үйреткенін құлағына құйып, әр сабақты мұқият тыңдауға тырысты. «Елмен бірге оқыдың, енді ұятқа қалдырма» деген анасының ақылын санасына сақтаған Гүлхая ерекше алғырлығымен мұғалімдерін де таңғалдырды.

Аттестат алар уақытта құрбылары қай мамандықты таңдағанын мақтана айтып, өзара талқыласқанда, біздің кейіпкер терең ойға шоматын. Бейтаныс қалада бұның кімі бар? Қайда тұрады? Қалай жүреді? Үйдегілер де оның білімімді жалғастырам деген талабын хош көрмейді. Уайымдайды ғой. «Әлденеге ұрынып қаларсың, қасымызда бол» дескен әке мен ананың кеңесін құп алады.

Еңбекқор қыз енді қарап отырсын ба?! Ауруханада жатқанында сондағы мейірбикелерден массаж жасаудың қыр-сырын қағып алған-ды. Сол қабілетін пайдаланып, ауылдағы науқас кісілерді айықтыруға кіріседі. Маңдай терімен тапқан аз-маз ақшаны жинайды. Жыл жылжып өткенде, құжаттарын арқалап, қалаға аттанады. Бойжеткеннің бұл жоспарынан отбасы мүшелерінің бірде бірі бейхабар еді. «Анау түрімен қайтіп оқымақшы?!» деп, әке ашуға булығады. «Балапаным бөтенге жем болады-ау» деп, шеше күйзеледі.

– Тырмысып жүріп, оқуға түстім ақыры, – деп жымияды Гүлхая сол шақты еске алып. – Университеттегі алғашқы күнімді ұмытпаспын, сірә. Кіре берісте күзетші тұр екен. Таяққа сүйеніп келе жатқан мені көріп, миығынан күлген. «Сен түгілі, сау адамның өзі мұнда әрең оқиды. Әліңе қарамайсың ба?» деп кекетті. Төрт жылдан соң, қызыл дипломымды құшақтап, сол жігіттің алдынан әдейі өттім. Қызарақтап, кешірім сұрады…

Иә, Гүлхая Шымкенттегі Оңтүстік Қазақ­стан мемлекеттік университетін педагог-ұйымдастырушы мамандығы бойынша үздік тәмамдап шыққан.

Айтпақшы, бұл батыр қыз ән салады. Студент кезінде Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық дәстүрлі «Менің Қазақстаным» байқауына қатысып, үшінші орынды иеленіпті. «Қазақстан дауысы» телевизиялық шоуында бағын сынаған. «Әдемі қыз» әнін орындағанда экран алдындағы көрерменнің төбе құйқасын шымырлатып, көздеріне жас алдыртқан. Талантты бойжеткен талай рет шетел асты. Әсіресе, Чехияның Прага қаласында өткен «Вива созвездие» атты халықаралық жарыс – сағынышпен әңгімелейтін әсерлі сапарларының бірі.

Ақжарқын арудың Астанаға келгеніне бір жылға жуықтапты. Бүгінде ол кәсіпкерлерге арналған компанияның операторы. Ешкімге алақан жаймай, өз нанын өзі тауып, тәп-тәуір тұрмыс кешуде. Жұмысынан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігін ашып алған. Қолы қалт етсе, сонда барып сабақ береді, тренинг ұйымдастырады. Өмірден күдерін үзген кембағал кісілерге дем беріп, мінездерін қайрайды, намыстарын жаниды.

– Мен кей мүгедектердің пиғылын түсін­беймін. Жарымжан екенін міндет­сінетіндер бар. Елге титтей де болса пайдам тисін, жеп отырған асыма еңбегім сіңсін деудің орнына мемлекеттен көмек күтеді. Әр сәтсіздігіне үкіметті кінәлайды, қоғамды жек көреді. Қоғамның кінәсі қайсы?! – деген бойжеткен аз-кем үнсіз қалды.

Өзінің арманы ұшан-теңіз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жаңа телебағдарлама ашқысы келеді. Сол арқылы олардың әне-міне үзілгелі тұрған үміттерін жалғап, сенім ұялатпақшы. Астанаға келген мақсаты да осы. Елорданы өзіне тірек санайды…

Қоштасар мезгіл таяп, аялдамаға аяңдадық. «Ботақан, сен шаруаңнан қалма. Қырқыншы автобус қазір-ақ келеді. Еш алаңдама» деп қоярда-қоймай, мені шығарып салды. Кетіп бара жатып, артыма бұрылғанмын. Әлдекімдерден жөн сұрап жатыр екен. Жоғалмайды Гүлхая. Амандық болса, әлі-ақ арманына жетеді. Болашағын Астанамен байланыстыратын аруға іштей сәттілік тіледім.

Б. МАРАТҚЫЗЫ, astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button