Әлеумет

Көңілге көктем сыйлайтын сұлу

Күнтізбе парақшасында 3 наурыз болса да, Астанаға көктем кеш келетіні баршаға мәлім. Дегенмен, биылғы көктемнің жылдағыдан ерте келгені көпшіліктің көңілін жайландырды. Бұл мезгілдің жаршысы болып есептелетін гүлдер әлі бүр жара бастаған жоқ. Ал олардың тіршілігін ұзарту әдісін кейіпкеріміз Александра біледі. Астаналық ару тірі гүлдерді әдемі нақышталған әшекейлеріне енгізеді.

девушка

Тірі гүлден әшекей бұйымдар жасау – әлемде зор танымал­ды­­лыққа ие. Шеберлер әуес­теніп жүрген бұл жаңа бағыт біздің елге енді танылып жатыр. Осы идеясы алғаш қалай туындағанын Алек­сандраның өзінен сұрадық. «Үзілген гүлді ешқашан ұнат­пайтынмын. Болашақ күйеуіммен кездесіп жүргенде де, оған гүл шоғын сатып алма деп ескертетінмін. Бір-екі күн ғана әдемі болып, біраздан кейін солып қа­лады. Оларды тірі ағза ретінде қабыл­даймын, жаным ашиды. Сондықтан да, әр қыздың ажарын ашатын бұйымдарды жасауға бел будым» деді ол ағынан жарылып.

Александра осыдан үш жыл бұрын полимерлік қыштан жасалатын әшекейлерге қызығушылық танытты. Тірі гүлдерді кептіріп, оның бетін қаптау үшін эпоксидті шайырмен жұмыс істей бастады. Бұл істің де өзіндік техникасы мен қиындықтары бар болып шықты. Шайыр химиялық қоспа болғандықтан, алғашында гүлдер тотығу реакциясына ұшырап, табиғи түсінің қанықтығынан айырылатын. Тіпті, гүл дайын бұйымда іштей шіріп кететін. Ұзақ ізденістерден кейін материалды Ресейден тапты. Сапа мен баға жағынан ең оңтайлысы сол. Гүлдер қаз-қалпында сақталатын болды. Тек қанық түсі кептіру барысында біраз жоғалады. Өсімдікті дұрыс кептіру аса маңызды. Кітаптың арасына салып қойсаңыз, жапырақшалар жалпақ болып қалады. Ал ісмерге керегі, олардың табиғи көлемінің сақталуы. Бұл іс төзімділікті қажет етеді, себебі гүл кептіру бір айдай уақытты алады.

Кептірілген гүлдердің барлығы өз түсін жоғалтпайды деп айту қиын. Бұрын-соңды жұмыста қолданылмаған гүлдер алдын ала тексеріледі. Майды құйғаннан кейін өзгеріске ұшырамаса, жарамды деген сөз. Александраның айтуынша, раушан гүлі, түймедақ, бақбақ, шығыс клематисінің күлте жапырақшалары кептіруге ыңғайлы. Бұл тұрғыдан келгенде, мінез танытатын гүлдер аз емес. Мәселен, ирис гүлі мүлдем кептірілмейді. Шегіргүл сияқты кішкентай нәзік гүлді кессең, лезде жиырылып қалады. Сондықтан, оларға аса ұқыптылықпен қарау керек. Ал дүкендегі экзотикалық гүлдер солмайды. Себебі, өсімдіктің сөлі химиялық құраммен алмастырылған.

Александра – мамандығы бойынша интерьер дизайнері. Шаң-тозаңға толы құрылыс нысандарын бақылаудан, жөндеу жұмыстарынан жалыққан кезде, осы ермегіне оралады.

– Бұл анамнан дарыған өнер деп білем. Ол кісі – инженер-құры­лыс­шы, алайда іс тігіп, тоқыма тоқи­ды.

Балалықпен жасаған бас­тама­ла­рым­ды отбасым әрдайым қол­дай­тын. Кішкентай кезімнен түрлі үйір­ме­лерге қатыстым. Махамбет Өтеміс­ұлы атындағы Оқушылар сара­йында мені барлық оқытушылар танитын. Қыштан мүсіндеу, макраме, экибана, бисермен тоқу, киім пішу мен тігуді спортпен бірге қоса алып жүрдім. 9-сыныпта қандай іспен шұғылданғым келетінін түсіндім. Мектепті тәмамдап, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сәулет-құрылыс факультетіне бардым, – дейді А.Шевченко.

Александра жасаған бұйымдар көздің жауын алады. Әшекейлер әрбір қыздың жеке даралығын танытады. Ең бастысы, көктемнің бір бөлшегі қыраулатқан қыста да Сізбен бірге болады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ, astana-akshamy.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button