Мәдениет

ТАТУЛЫҚ ТОЙЫ

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Алғыс айту күніне арналған «Шаттыққа толы шаңырақ» атты мәдени шара өтті.

IMG_5608

Алдымен жиналғандарға мерейлі мерекеге орай ел бірлігін бедерлеген шағын бейнебаян көрсетілді. Одан кейін университет ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева сөз алды.

– Біз бүгін еліміз тарихында тұңғыш рет Алғыс айту күні мерекесін атап өтіп отырмыз. Бұл – елімізді мекендеген сан түрлі ұлт өкілдерін мемлекет құраушы қазақ халқының жанына топтастыра түсетін күн. Қазақ халқының даладай кең пейілі, дариядай шалқыған көңілі, теңіздей терең даналығы, бәйтеректей саялы құшағының арқасында сан түрлі этнос өкілдері бүгінде бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір кешіп келеді. Дана жұртымызда: «Ырыс қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген қанатты сөз бар. Бірлігі мен татулығы жарасқан Қазақстан халқының алар асуы мен жетер жеңістері мол болғай, – деді ол ақжарма көңілін білдіріп.

Айтулы шара соңы әсем концертке ұласты. «Айгөлек» скрипкашылар ансамблі тамаша сазды шығарма орындады. Музыкалық колледждің 2-курс студенттері «Джотто» атты грузин биін келістіре биледі. Әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Туған жер» әнін «Илигай» хоры тамылжытып шырқады. Аталған оқу ордасының өнерпаздары Жандос Иманбай Балуан Шолақтың әні «Ғалияны» Майра Жалғасова халық әні «Сметті» орындағанда тыңдармандардың делебесі қозды. Хореография факуль­тетінің студенттері «Достық» биін билеп, бірлік пен татулықтың әдемі көрінісін көрсетті. Қысқасы, мерекеге жиналған қауым әдемі әсерге бөленіп, ерекше көңіл-күйде болды.

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button