Білім

Оқушы тiлi ойлантады



Қазақ мектебiнiң негiзi де, арқауы да – ана тiлi. Ана тiлi мектепте тек пән ретiнде оқытылып қоймайды, өзге пәндердiң бәрiнен де бiлiм беруге және ондағы бүкiл тәлiм-тәрбие қоғам жұмыстарын жүргiзуге негiзгi құрал есебiнде қызмет етедi.
Қазiргi мектеп бағдарламасындағы тiл дамыту деп аталатын жұмысқа ерекше назар аударылып отыр. Бұл – өмiр талабынан, тұрмыс қалауынан туындаған мәселе. Қоғамның, оның мүшелерiнiң жалпы мәдениетi көтерiлген сайын өмiрдiң сан-саласында қолданылатын тiлдiң мәдениетi де көтерiлiп, сөйлейтiн немесе жазатын ойды әрi айқын, әрi жатық, әрi мәнерлi етiп құрауды қалайды. Бұл үшiн оқушының тiлiн ауызша да, жазбаша да дамыту қажет. Оқу үрдiсiнiң екi жағы болады: оқу техникасы және мәтiндi түсiну. Мәтiндi түсiну оқудың мақсаты болып табылады, ал оқу техникасы осы мақсатқа жету құралы ретiнде қолданылады. Оқу техникасы дегенiмiз – айтылған, естiген немесе көрген, болмаса оқыған мәтiн байланысының механизмi. Мектептегi қазақ тiлi бағдарламасы монологтық сөйлеуге үйрету, тiл дамыту бағытында нақты талап қоймайды. Тек игеруге тиiстi бiлiм мен дағдыларды айтып берудi ғана талап етедi. Ауызекi сөйлеуге үйретуде әдебиет пәнi белгiлi шығармалардың мазмұнын игерiп, қайта түсiнiгiн айтып беруде ғана назар аударады. Оқушылардың ауызекi тiлiн дамытуда көркем шығарманы мәнерлеп оқытудың алатын орны айрықша. Мұғалiм бұл салада бәрiн тиiмдiлiкпен басқарып, оқушының ықыласын шығарма мазмұнын меңгеруге ғана аударып қоймай, зейiнiн тiл ұстарту жұмысына бағыттап отыруға тиiс. Сол үшiн де оқулық пен хрестоматияны пайдалануда мәнерлеп оқу мәселесiне көңiл аудару қажеттiлiгi туады. Өйткенi, мәнерлеп оқу – ауызша тiл дамыту жұмысын жетiлдiрудiң кепiлi.

Гүлнұр ОСПАНБЕКОВА,
мұғалiм


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button