Басты ақпаратБілім

«ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» ЖАМПОЗДАРЫ

Астанадағы «Нұр Орда» қазақ-түрiк лицейiнде «Жарқын болашақ» атты мемлекеттiк тiл аясын кеңейтуге бағытталған оқушылар арасындағы төртiншi бiлiм олимпиадасы өттi. Кең байтақ Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен 7-11 сыныптарды қамтитын 260 оқушы осы олимпиаданың ақтық сайысына жиналды. Биылғы бәйгеге бiр мың мектеп пен бес мың оқушы қатысуға мүмкiндiк алған екен. Олимпиаданың негiзгi ұйымдастырушысы – түрiктiң атақты «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры.

Балалар «Тiлшi-әдебиетшiлер», «Әншi-бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Сөз шеберлерi» және «Жазушылар» сынды байқаулар бойынша мәнерлеп өлең оқудан, шығарма жазудан, ән салудан, ғылыми жұмыс қорғаудан бәсекеге түсiп, бақ сынасты.
Мұндай байқау бұрын тек қазақ-түрiк лицейлерi арасында ғана өтетiн. Қазiргi таңда бұл олимпиада өзiнiң өткiзiлу аумағын кеңейттi. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қолдауымен бүкiл Қазақстанның мектептерi арасында өтiп тұратын болды. «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының вице-президентi Әбдiрахман Селдiң айтуынша, олимпиада мақсаты – балалардың ана тiлге деген махаббатын ояту. Тiлдiң қуатын байқатып, оның көркемдiгiне көз жеткiзу. «Бiз қазақ тiлiнiң дамуына барынша үлес қосқымыз келедi. Өйткенi, ол – Қазақстанның мемлекеттiк тiлi. Барша қазақтың ана тiлi. Ал, ана тiлiн бiлмеген жерде келешектi болжау қиын. Қазақ-түрiк лицейлерi 4 тiлде бiлiм бередi. Бiрақ, қазақ тiлi айрықша басымдыққа ие. Осы олимпиадада өзге ұлт пен ұлыстың бала-лары көп қатысқаны бiздi қуантып отыр», – дедi өз сөзiнде Әбдiрахман Сел.
Аталмыш бiлiм байқауына қатысқан 16 жеңiмпазға Сүлеймен Демирель атындағы университеттiң гранты берiлдi. Олар филология мен жур-налистика факультеттерiнде бiлiм нәрiмен сусындайтын болады. Айта кетерлiгi, бұл гранттардың құны – 1,5 млн теңгеге бағаланып отыр. Екiншi, үшiншi орын алған жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен атаулы марапаттар жасалды.
«KATEV» халықаралық қоғамдық қорының бас маманы Ақзира Ғұмарованың пiкiрiнше, бұл олимпиада қазақ тiлiн тереңдете зерделеуге, оның қолданыс аясын кеңейтуге септiгiн тигiзедi. «Қазақ тiлiн бiлуге тек қазақ мектептерiнiң түлектерi ғана емес, өзге тiлдегi мектеп оқушылары да үлкен қызығушылық танытты», – дейдi бас маман. Оның үстiне әр жылғы олимпиада жаңа дарындар мен таланттардың есiмiн әйгiлеуде тыңнан түрен салып жүр. Ал, ауыл баласы үшiн республикалық олимпиадаға қа-тысу – арман қала Астананы өз көзiмен көрiп қайтудың бiр мүмкiншiлiгi екенi де рас.

Шынар ӘБIЛДА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button