#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Орын санаулы, үміткер көп



Алдағы сайлауда 7 партиядан 283 үміткер бәсекеге түседі. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысында ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді. Ол 9 ақпанда барлық өңірде Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына үміткерлерді ұсыну аяқталғанын айтты. ОСК сайлауға барлық 7 саяси партияны жіберген. Олар Мәжіліс сайлауына қатысу үшін 283 үміткерден тұратын партиялық тізімін комиссияға берген

Константин Петров Мәжіліске саяси партиялар тізімі тұрғысынан статистика былайша түзілгенін келтірді: Қазақстан халық партиясы – 52 үміткер, «Ақ жол» Қазақстан демократия­лық партиясы – 54 , Жалпыұлттық социал-демократиялық партия­сы – 19, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 18, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриот­тық партиясы – 25, Respublica партиясы – 25, Amanat партиясы – 90 үміткер.

Әрбір партиялық тізімде үш санаттағы өкілдер саны: әйелдер, жастар, ерекше қажеттілігі бар адамдар – жиынтығы бойынша оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрайды.

ОСК партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкестігін белгілеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау жолдаған. Әрбір партиялық тізімді тіркеу мәселесі ОСК отырыстарында мемлекеттік органдардың жауаптарының түсуіне қарай егжей-тегжейлі қаралады. Сондай-ақ К.Петров Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша 29 бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 609 үміткер немесе орта есеппен бір мандатқа 21 адам ұсынылғанын, 79 үміткерді 7 саяси партия ұсынғанын, 5 үміткерді төрт қоғамдық бірлестік ұсынғанын, 525 немесе 86,21 пайызы өзін-өзі ұсынғанын хабарлады.

Ағымдағы сайлау науқанында республика бойынша 223 мәслихатқа 3415 депутат сайланады, оның ішінде 668-і – облыстық мәслихатқа, 617-сі – қалалық мәслихатқа, 2130-ы – аудандық мәслихатқа. Партиялар бөлінісінде мәслихатқа тізімдер статистикасы мынадай: «Ақ жол» Қазақстан демократия­лық партиясы – 200 (20 өңір), Amanat партиясы – 699 (20 өңір), «Ауыл» халықтық-демократиялық патриот­тық партиясы – 136 (20 өңір), Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 93 (Қос­танайдан басқа 19 өңір), Жалпы­ұлттық социал-демократиялық партия – ұсынылмаған (20 өңір), Қазақстан халық партиясы – 182 (20 өңір), Respubliсa партиясы – 161 үміткер (20 өңір).

Бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 1720 үміткер, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша 10124 үміткер ұсынылды.

Константин Петров ұсыну қорытындылары туралы барлық ақпарат тиісті аумақтық сайлау комиссияларының сайттарында, сондай-ақ жиынтық ақпарат Орталық сайлау комиссиясының сайтында сілтемелер орналас­қанын атап өтті.

Сондай-ақ өңірлерде мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну қорытындылары туралы аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары есеп берді, олар ағымдағы науқанның барысы, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну нәтижелері және сайлау науқанын өткізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Үміткерлерді ұсыну науқанын қорытындылаған ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров, ұсынылған ақпаратқа сәйкес, тіркелген 7 саяси партияның барлығы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша 29 бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің 69 мандаты үшін саяси жарысқа қатысатынын немесе орта есеппен бір мандатқа 21 адам ұсынылғанын атап өтті.

Ең үлкен бәсекелестік – Астана қаласының 2 округінде 63 адамнан, ең азы – Ұлытау облысының округінде 8 адам.

«Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерлер арасында 119 партиялық тізім ұсынылған. Бұл тізімдерде 1471 үміткер бар. Мажоритарлық жүйе бойынша – 11844 үміткер. Жалпы, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына 14207 үміткер ұсынылуда» деп сөзін түйіндеді Нұрлан Әбдіров.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button