#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Ақиық ақынды еске алды

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония  ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Кешке аталмыш өнер ұжымының классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің (көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы) өнерпаздары, «Alem» эстрадалық би ансамблі және «Айналайын» балалар хоры қатысты.

Ақынның асыл мұраға айналған өлеңдері оқылып, жырларына жазылған әндер шырқалған концертте халық жүрегіне жол топқан шығармалар мен жаңа, тың туындылар ұсынылды.

Мұқағалимен бірге ең алғаш майталман музыкант Нұрғиса Тілендиев ән жаза бастаған еді. Екеуі 35 күн бірге жүріп, 31 ән жазды. Бұл қатарда «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Мен сендерді іздеймін», «Саржайлау» сынды әндерді атап өтуге болады. Ақиық ақынның өлеңдеріне ән жазып, туындылары елге кең таралған композиторлардың арасында Тұрсынғазы Рахимов, Гүлнәр Дәукенова, Елена Әбдіхалықова, Дүйсенхан Сыздықов, Тұрсынжан Шапай, Кентау Назарбек бар. Мұқағалидың жырларына әлі де көптеген ән туып жатыр. Сондай жаңа әндер қатарына «Жылап қайттым өмірдің базарынан», «Шәмші қайда?», «Мен деп ойла», «Оралыңдар» туындылары қосылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ұлықпан Жолдасов, Света Айтбаева, Алтынай Жорабаева, Арайлым Рахымқызы, халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары Сәулежан Тағзия, Зарина Омарова, Алтыншаш Мұқатаева, Ақбота Құснадин, Әкімхан Мәженов, Мұратбек Хайролда, Айдын Жұмабай, Әйгерім Ораз, Парасат Отан өнер көрсетті. Қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымның тұяғы Абыл Аяш кешке қатысып, әкесінің «Ұнатамын мен сені» әнін шырқады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button