Басты ақпаратЕлорда тынысы

Байқоңырлықтарды не алаңдатады?

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесіп, халықты толғандырған көптеген сауалға жауап берді. 5 сағаттан аса уақытқа созылған кездесу барысында тұрғын үй кешендерін жаңғырту, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді (саябақ, гүлзар) абаттандыру, жолдар мен тротуарлар салу, жарықтандыру жүргізу, қосымша автобустарды іске қосу және басқа да проблемалар қозғалды.

Негізгі проблеманың бірі – апатты күйдегі тұрғын үйлерді бұзу.

«Қазіргі уақытта қалада мұндай 200-ден аса үй бар. Біз тізімді жаңартамыз, осылайша апатты үйлердің саны да артады. Оларды бұзу кестесін жасаймыз. Алдағы 3 жылда апатты, тозығы жеткен үйлердің тұрғындарына арнап 2,5-3 мың пәтер салуды жоспарлап отырмыз» деді Ж.Қасымбек.

Астана әкімдігі Кірпішті, Күлтегін, Асан қайғы көшелеріндегі ескі үйлерді сүріп тастауға 20 млрд теңгеден астам қаражат жұмсамақ. Кездесуде тұрғындар Ю.Малахов көшесінің көлік өткізу қабілетін көтеру туралы мәселе көтерді. Халықтың айтуынша, бұл көше теміржол өткелімен қиылысып жатқандықтан, өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдем көліктерінің өтуін қиындатқан.

«Бұл ауданда бұзуға жататын үйлер өте көп. Бүгін таңертең сағат 9.00-де Кірпішті, Күлтегін, Асан қайғы көшелерінде болдық. Бұл учаскеде биыл үйлерді сүру жұмыстары белсенді жүргізіледі. Биыл мүмкіндігінше бәрін аяқтауға тырысамыз. Сондықтан осы учаскелердегі жұмыстарды бітірмей, сіздер айтқан шағын айналма көпірге кіре алмаймыз. Әрі көп ақша қажет екенін түсіну керек. Жоба бұған дейін қолға алынған. Біз соны аяқтаған соң барып көпір мәселесіне кірісеміз» деп түсіндірді әкім.

Аудан тұрғынының қала автобустарының жетіспеушілігіне байланысты сауалына жауап берген қала басшысы Астананың автобус паркі 25-30 пайызға жаңаратынын жеткізді.

«Жазға қарай алғашқы автобустар келеді. Барлығы 300-500 аралығында жаңа автобус сатып аламыз. Бұл қазіргі автобус паркінің 25-30 пайызын құрайды» деді әкім.

Жаңа автобустар жеткізілген соң, автобус бағдарларының жеткіліксіз тармақтары мен жаңа бағыттарына пайдалануға беріледі.

Кездесуде қалаға әкелініп жатқан көмірдің сапасы нашар екені айтылды.

«Көпқабатты үйде тұратын халықтың ауа сапасы туралы шағымына жауап бергім келеді. Ауаны ластап жатқан біз емес, сапасыз көмір. Қашан бізге сапалы отын әкеледі? Бұрын Шұбаркөлдің көмірін әкелетін. Оны жаққанда, мұржадан шыққан түтін әрең көрінетін. Ал қазір қара түнек басып кетеді. Кейінгі үш жылда осындай мәселе пайда болды. Бізге әкелетін көмірді мазутпен майлап қоятындай тіпті. Жақсаң, жылуы жоқ. Онымен қоймай үйдің ауасын бұзады. Жақсы көмірдің бәрі экспортқа кетіп жатыр ма деген күдік туындайды» деді ауданның бір тұрғыны.

Жеңіс Қасымбек көмір ­сапасын тексеруге уәде берді.

«Шұбаркөл көмірі экспортқа жіберілмейді. Ал сіздер жағып отырған көмір сапасына келсек, тексереміз. Тұрғындар көмір сатып алып жүрген учаскені барып тексеріңіздер. Ондағы көмір талапқа сай ма, жоқ па, анықтау керек» деді қала әкімі.

«Есіл жағалауының Ақбұлақ өзенінен Триатлон паркке дейінгі учаскесі қорқынышты жағдайда тұр. Қашан көрсең сымдар қылтиып шығып жатады, жол жиегіне төселген тас төсеніштер қопарылып жатады. Вандализм өршіп тұр» деп шағымданды аудан тұрғыны.

Әкім бұл мәселе биыл ше­шімін табатынын айтты.

«Абаттандыру бюджеті туралы айтсақ, биыл көгалдандыруға, тротуарлар мен парк аймақтарына бөлінетін бюджет айтарлықтай артады. Оның ішінде Байқоңыр ауданы да бар. Есіл жағалауы туралы Мемлекет басшысының да тапсырмасы бар. Сіз айтып отырған учаске ғана емес, бүкіл жағалау абаттандырылады» деді Жеңіс Қасымбек.

Тағы бір маңызды мәселе – инженерлік инфрақұрылым салу.

«Қалада тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне арналған нысандар салып жатырмыз, олар қалаға жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, электр ­қуаты бойынша қосымша күш береді. Сол сияқты әлеуметтік нысандарды салуды жалғастырамыз: алдағы оқу жылында 13 мектеп саламыз, оның бір бөлігі Байқоңыр ауданында орналасады. Сондай-ақ жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй, медициналық орталықтар, спорт орталықтары және тағы басқа нысандар саламыз. Көтерілген мәселелерді орындау бойынша кесте жасаймыз: олардың бір бөлігі биыл шешіледі, ал өзгелерін келесі жылға жоспарлаймыз» деді қала басшысы.

Ол мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізілетінін, барлық аудандар мен елді мекендердің тұрғынымен кездесетінін айтты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button