Рухани жаңғыруТағзым

Отызыншы жылдар ойраны



Өткен ғасырдың 30-жылдары кеңес әдебиетінің, оның ішінде қазақ әдебиетінің де дамуы, жаңа шығармалардың да туу кезеңі болумен қатар, тоталитарлы мәдениетке бет бұруда шешуші кезең болды.

Социализм құрылысы барысында пролетариат диктатурасы идеясын ұстанған әдебиет пен баспасөз біртіндеп идеологиялық қаруға айналды, «халық жауларын» іздеу мен табуға тартылды. Қазақстанда ұлтшыл, байшыл, алашордашыл деп әдебиет пен әдебиетшілерді айыптау, әшкерелеу мен қудалау жүргізілді. 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында айыпталып, қудаланған қазақ зиялылары 30-жылдар ортасында өз жазаларын өтеп елге келгеннен кейін де ұлтшыл, алашордашыл деп қудалау нысанасында тұрды. Атылып кеткен Ж.Аймауытов пен Ғ.Бірімжановты, айыпталып айдауға кеткен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т.б. атап, алашордашылардың өзі жоқ болса да, олардың жолын ұстанғандар бар. Кеңестік аппаратқа бүлдіру ниетімен кіріп кеткен агенттері бар. Олар өз ниеттерінен бас тарқан жоқ, Кеңес жағына өз қателерін мойындап толық шыққан жоқ деген пікір басым болды. Баспасөзде оларды сынау, іздеу толастамады, жаңа қарқын алды. Ақиқатында, айдауға кеткен қазақ зиялылары бұрынғыдай ел мүддесі үшін араласқан қоғамдық істен ғана емес, өздерінің негізгі кәсіптері – шығармашылық жұмыстан да қол үзді. Қудалау, үздіксіз сынау әрі тұрмыс тауқыметі оларды жаншып тастады. Солардың бірі әрі бірегейі – М.Жұмабаев. Көрнекті ақын айдаудан босап, елге қайтқан кезде де оған алашордашыл зиянды элемент деп сенбеу әлі де басым болатын.
М.Жұмабаев босап, елге қайтар алдында бұрын оны ұлтшыл, байшыл, алашордашыл деп сынаған С.Мұқанов ақынды дұрыс бағаламағандығын түсінді ме, әлде басқа да себептері болды ма, оған хат жазды. Ғалым Т.Кәкішевтің жазуынша, оған 1959 жылы С.Мұқанов «1934 жылы 2 қарашада Мәскеуде Қызыл профессорлар институтының соңғы курсында оқып жүрген кезінде Беломорканалында айдалып жүрген Мағжан Жұмабаевқа хат жазғанын айтқан. Хаттың негізгі мазмұны – таяуда түрмеден шығасыз, сонда қай жақта боласыз, зорлық-зомбылықты кек тұтпай шығасыз ба, советті жақтайсыз ба? «Тоқсанның тобы» мен «Толғауда» совет идеологиясына қарай ойысқан негізгі сюжетін дұрыс түсінгенімен, дер кезінде оның жақсы қасиеттерін бағалауда кемшіліктер жібергенімді мойындаймын деп алады да, біз үшін қазақтың қасиетті поэзиясының келешегі үшін Сіздің совет жағына шыққаныңыз үлкен олжа болар еді деген ойларын айтыпты». Ақиқатында, М.Жұмабаевтың Кеңес өкіметіне қарсы шықпағаны белгілі. Бірақ оны Кеңес өкіметі мен пролетариат сыншылары алашордашыл, ұлтшыл деп шеттетті, сенімсіздік білдірді. Шығармаларынан Кеңес өкіметіне қарсы ілік іздеді. Мағжан «мен көппен біргемін, тоқсанмен біргемін» деп ағынан жарылып, «Тоқсанның тобы» шығармасын жазғанда да оны жақын тартпай, талқыға салды.
Ал С.Мұқановтың М.Жұма­баев­қа хат жазғандығы жөніндегі деректі жазушымен кездес­кен Ж.Бектұров та келтіреді. С.Мұқанов оған «Мағжанның ақындығы да, кісілігі де ерекше бөлек еді. …Мен Мағжанға 1932-1933 жылдары Мәскеуде оқуда жүргенімде ГПУ-ден рұқсат алып, оған лагерьге, Мурманск жағына хат жазып жібердім» деген.
Бірақ, өкінішке қарай, мұра­ғатта С.Мұқановтың М.Жұма­баевқа хат жазғаны, ақшалай көмек көрсеткендігі жөнінде ешқандай мәлімет сақталмаған.
Он жылға сотталған М.Жұма­баев М.Горький мен оның зайыбы Е.Пешкованың араласуы­мен 1936 жылы босанып, елге оралды. Бұл кезеңде Қазақ­станда шығармашылық интеллиген­цияның бірін-бірі сынауы, әшкерелеуі, саяси айыптар тағуы өршіп тұрғанына қарамастан, елге оралған М.Жұмабаев «Өз жазамды өтедім. Енді маған ешкім тиісе қоймас» деген ниетпен тағы да қателескеніне кешірім сұрап, өзін сыртқа итермей, Жазушылар одағына қабылдауды, көмек көрсетуін сұрап, С.Мұқанов басқарып отырған Қазақстан Жазушылар одағына хат жазады.
Хатында: «Өзімнің кінәма лайықты жазамды өтедім. Еңбектің қара қазанында қайнап, адасулар мен арам ойлардан мәңгілікке арылдым. Мен бұрынғы ойларымнан арылып, бай мен ұлтшылдардың жолынан бас тарттым және жаңа жолға, еңбекшілер жолына бет бұрдым. Еңбекші табы әдебиетінің жетекшісі – Жазушылар одағы басқармасы менің өткен кезеңдегі адасушылығымды қатал сынға ала отырып, сыртқа теппей, өзіне тартып, Жазушылар одағына мүшелікке қабылдап, жетекшілік етуін, көмек беруін сұраймын. Мағжан Жұмабаев. Петропавловск қаласы, Дзержинский көшесі, №19 үй» деп мекенжайын да көрсетіп, шын ниетімен жазғанымен, айдаудан арып-ашып келген, келген соң да көзтүрткі болып, тұрмыс тауқыметін тартқан ақынға қол ұшын беріп, жақын тартқан ешкім табыла қоймады. Бірақ ақынды пролетарлық өкімет жарылқамады. Жарылқағаны 1937 жылдың 30 желтоқсанында Мағжан қайта қамалды.
1936-37 жылдары Кеңес Одағын елеңдеткен бірнеше саяси айыптауларға негізделген сот процестері өтті. 1936 жылы 19-24 тамыз аралығында КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы «Антисоветтік біріккен Троцкийшіл-зиновьевтік орта­лықтың» ісін қараған ашық сот процесі өтті. Ал 1937 жылы қаңтарда «антисоветтік троц­кийшіл орталықтың» ісі қаралды. Олардың кеңес өкіметіне қарсы іс-әрекетін айыптауға Қазақстан жазушылары да тартылды. Троцкийшілерді, оларға пікірлестерді әшкерелеу, іздеп табу, айыптау мен жазалау шаралары Қазақстанда да жүрді.
Осы 20-жылдардың екінші жартысы мен 30-жылдары А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытовты, т.б. қазақ зиялыларын ұлтшыл, байшыл, алашордашыл деп сынаған, танымал кеңестік сыншылардың бірі саналған, кезінде Голощекин қолдауына ие болған Ғ.Тоғжанов та троцкийшіл уклонмен айыпталды. Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты қорында Ғ.Тоғжановқа қатысты мынадай құжат сақталған: «Тоғжанов әдебиет пен өнер ұйымының басшысы бола отырып, басқарма жұмысына ешқандай араласқан жоқ және әдебиет жөніндегі кітаптарында толып тұрған, өзінің троцкийшіл ұлтшыл қателіктері жөнінде бір ауыз да сөз айтқан жоқ. «Абай» кітабында қазақ халқының қас жаулары – Байтұрсынов, Бөкейханов, Дулатов есімдері аталып, оларды қазақ әдебиеті негізін қалаушы Абайдың заңды мұрагерлері ретінде көрсетеді. Осылай істеу арқылы алашордалық шайкаға Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің қозғаушы күші деген жалған рөлін таңады. Ол алашордашыл жазушыларды қылмыспен пара-пар түрде дәріптейді, Жазушылар одағы жұмысын бүлдірді, сынды тежеді… бандитка Г.Серебрякованың «Маркстің жастық шағы» кітабын бастырды» делінеді.
М.Ақынжанов Ғ.Тоғжановтың «Абай» атты кітабын «алашордашыл контробанда» атады. Шоқан мен Ыбырайға да дұрыс баға бермеді. «Абайды қосақтап отырған Уәлихановы – барып тұрған реакцияшыл хандардың бірі, предатель екенін, Алтынсаринның Орынбор генерал-губернаторының жалдама тыңшысы болғанын Тоғжанов айтпады» деп сынады.
1937 жылдың 7 қыркүйегінде Алматыда ақын-жазушылардың кезекті «Әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестік істері­мен күресу және жас кадрларды өсіру» жөніндегі жиналысы өтті. Жиналысқа С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов қатыспады. І.Жансүгіров бұл кезде тұтқындалды. Баяндаманы М.Қаратаев жасады.
Сонымен қатар, С.Сейфул­линнің «Тар жол, тай­ғақ кешу», С.Мұқановтың «Адас­қан­дар», «Бай баласы», «Шы­ғар­­маларының І томы», Б.Май­линнің «Шығармаларының І-ІV томы», І.Жансүгіровтің «Шығармаларының І томы», М.Әуезовтің «Өткеннің кө­леңкесі», «Қараш-Қараш оқи­ғасы», Ғ.Тоғжановтың «Абай», Ж.Сәрсеновтың «Әке баласы», «Тоғжан» шығармалары зиянды деп саналып, таралымнан тез арада жинап алуды талап етті.
Пролетариат жазушылары саналып келген Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов те қудалануға түсті. Жазушылар ұйымында өткен жиналыста олардың шығармашылығын тек қана сынау, қателіктері мен кемшіліктерін көрсету емес, саяси көзқарасының солқылдақтығын, тұрақсыздығын әшкерелеп, Б.Майлинді ашық түрде «халық жауы» деп айыптады.
Қудалану мен сынға ұшы­рау­­дан Абай, М.Жұма­баев және Ж.Аймауытов шығар­маларын алғаш­қылардың бірі болып сына­ған Ғ.Тоғжанов та тысқары қалмады.
Сынау мен әшкерелеу, халық жауларын іздеу мұнымен тоқтамады. Көрнекті қазақ жазушыларына жала жабу жалғаса берді. 1937 жылы жас жазушылар атынан Петр Магер деген біреу «белгілі қазақтың пролетариат жазушылары ұлтшыл-фашистер және олар қазақ социалистік әдебиетін дамуына саналы түрде зиян тигізіп отыр» деп жазды. Бұл қазақ зиялыларын тағы бір айыптау, жазалау шарасына қадам басу еді.
Қазақстан коммунистік большевиктер партиясының 1938 жылдың 28 маусымындағы шешіміне сәйкес қазақ, орыс тіліндегі 97 кітап пен брошюра зиянды, жау әдебиеттер ретінде қолданыстан алынып тасталды. Негізінен, С.Асфендияров, Ғ.Әлібаев, О.Беков, Ә.Байділдин, Ә.Қоңыратбаев, І.Жансүгіров, Ғ.Тоғжанов, Н.Нұрмақов, Т.Жүргенов, І.Құрамысов, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ж.Сыздықов, Қ.Сармолдаев, С.Сейфуллин, Т.Шонанов, М.Жолдыбаев шығармалары алынып, жойылды. Бірақ бұл бәрі емес. Тез арада пайдаланудан алынуға тиісті, қазақ тілінде әндер жазылған граммофон пластинкаларының тізімі де айқындалған еді.
Отызыншы жылдары Қазақ­стан шығар­машылық интел­лиген­циясының қоғамдық-саяси санасында, рухани танымында дағдарыс туды. Қоғам секілді жеке тұлғалар да тарихтың жол айрығында тұрды. Диктатураға, террорға негізделген пролетарлық идеология мен ұлттық тәуелсіздік пен бостандық идеологиясы арасында бітіспес көзге айқын байқалмайтын күрес жүрді.

Құрманғали ДӘРКЕНОВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button