Әлеумет

Жарыққа ұмтылған жандар…

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі түбегейлі шешілді деп айтуға әлі ерте. Астанада зағип жандарға арналған жалғыз кітапхананың жайын көріп, оған көзіміз анық жетті. Сонау 1970 жылы ашылған кітапхана қорында қазақ тіліндегі кітаптардың аздығы өз алдына, көзі нашар көретін азаматтардың бәрі сондағы бірлі-жарым көне техниканың көмегіне мұқтаж.

 

Қырық жыл ғұмырын кітапхана ісіне арнаған Ғалия Мырзағалиқызы сегіз жылдан бері зағиптарға арналған кітапханада жұмыс істеп келеді. Кезінде Сәкен Хайдаровтың бастамасымен ашылған оқыр­мандар үйінде бүгінде 22 мыңнан астам кітап қоры сақталған.
«Біздің мыңға жуық оқырманымыз бар. Көзі нашар көретін немесе мүлдем көрмейтіндер ғана емес, олардың отбасы мен жақындары да біздің оқырманымызға айналып кетті. Кітапхана қорында сұраныстағы кітаптар аз. Қазір азаматтардың көбі дыбысты кітаптарды іздеп келеді, сұрайды. Қолдағы бар мүмкіндігімізді пайдаланып, өтініштерін орындаймыз. Жастарға дыбысты кітаптардың электронды нұсқасын флешкаға жазып береміз. Әр дүйсенбі күні осында келген жандарға газет-журналдардан қысқаша ақпарат оқып береміз. Ал өз бетінше жүре алмайтын науқас азаматтардың үйіне айына екі рет барып, қалаған кітаптарын оқып беруге міндеттіміз» дейді Ғалия Мырзағалиқызы.
Қаланың бір бұрышында орналасқан кітапхана ғимараты тым ескі, жүдеу көрінеді. Бірнеше жылдан бері жөндеу көрмегені көзге ұрып тұр. Қызмет көрсету жағы да заман талабына сай емес. Соған қарамастан, мұндағы келушілердің қоғамға ешқандай өкпесі жоқ. Кітапхана үш бөлімнен, атап айқанда абонемент, оқу және өлкетану залынан тұрады. Біз абонемент залының бір бұрышында тұрған шағын техникалардың жұмысымен танысқымыз келді.
«Бұл аппарат дыбысты кітаптардың мәтінін брайль жүйесіне түсіріп, қағаз түрінде басып шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқырмандарымыз құлаққап арқылы арнайы бағдарламаның көмегімен дыбысты кітаптарды тыңдай алады» дейді кітапханашы Ғалым Нұрланов. Алайда тексеріп көргеніміз сол, жүйе іске қосылмай әбден әбігерге салды. Тым болмаса құлаққап арқылы дыбысты кітаптарды тыңдағымыз келіп еді… Өте баяу жұмыс істейтіндіктен, күтіп тұруға шыдамымыз жетпеді.
Бір білгеніміз, әдеби кітаптарды автоматты түрде дауыстап оқып беретін аппаратқа отыруға екінің бірі шыдай бермейді. Робот аударатындықтан, ешқандай эмоциясыз, бір сарынды баяндау жүйкені жұқартатын көрінеді. Оны тыңдауға таусылмас төзім керек дейді қызметкерлер.
Ашығын айту керек, брайль жазуымен әлем кітаптарын түгел оқу мүмкін емес. Бір ғана романның өзі 25-30 томды құрайды. Дыбысты кітаптың өзі ескі 5-6 кассетадан тұрады. Ал заманауи дискіге жазылған дүниелер кемде-кем. Нүктелі-бедерлі жазуды меңгеру үшін де көп уақыт керек. Луи Брайль жүйесі алты нүкте арқылы әліпбидің әрбір әрпін танытады. Саусағы сезімтал әрі есте сақтау қабілеті жоғары жандар ғана еркін меңгеріп кетеді.

«Брайль» бізді оқымайды

Иә, мұндағы оқырмандардың бірде-біреуі брайль жүйе­сінде қазақша кітаптарды сауатты оқи алмайды. Нүктелі-бедерлі жазудан тұратын әріптердің ішінде қазақтың төл дыбыстары жоқ. Сондықтан мұндағы аппарат та қазақ тіліндегі кітаптарды қатесіз қағазға түсіріп бере алмайды. Қиындықтан шығудың жалғыз жолы – дыбысты кітап. Өкінішке қарай, дыбысты кітаптардың табылуы қиын. Өйткені елімізде ондай кітаптарды тапсырыспен шығаратын бірде-бір мекеме жоқ екен.
«Біз келер жылдың жоспарына сәйкес дыбысты кітаптарға тапсырыс бергіміз келді. Ғаламтор арқылы қанша іздесек те, онымен айналысатын ұйым таба алмадық. Шымкент және Алматы қалаларында болғанымен, тапсырыс қабылдай алмайды. Тек оқырман ретінде алып, оқып, қайтадан өткізуіміз керек екен. Немесе флешкамызға жазып алуға болады. Бұл кітапхана үшін тиімсіз. Сондықтан біздің өз студиямыз болғаны дұрыс еді. Қазір техниканың дамыған заманы. Дискілердің өзі жарамсыз болып қалады. Мәселен, бір дискіні 5-6 рет айналдырып тыңдағанан кейін сызылып, соңында істен шығады. Егер жақсы техникамен жабдықтап, шағын студия ашуға көмек берілсе, біраз оқыр­мандардың білім жолындағы ізденісіне жол ашылар еді» дейді Ғалым Нұрланов.

Тифлопедагогтар тапшы

Жыл басынан бері аталмыш кітапханаға көзі көрмейтін кішкентай балаларын жетектеп бірнеше ата-ана келген. Мақсат – балаларына брайль әліппесін үйрету. «Кітапханаға ата-аналар жиі келеді. Шынымды айтсам, кейде жанымыз ашиды. Бізде тифлопедагог мамандар атымен жоқ. Соған қарамастан, кішкентай балаларға алғашқы санауды, жан-жануарларды, түрлі ойындарды үйретіп жібереміз. Бірақ ол алғашқы сатысы ғана. Баланы әрі қарай оқытып, білімін жетілдіру керек. Біздің кітапханада да арнайы курс өткізіледі. Бірақ оны нағыз маман жүргізбейді» дейді кітапханашы Ғалия Сенбаева.
Кітапхананың оқу залынан оннан астам оқыр­манды көзіміз шалды. Жасы да, жасамысы да бар. Екеуара шахмат ойнап отырғандарды да көрдік. Кейбірі шығармашылықпен айналысуда. Алайда күңгірт бөлмеде шығармашылықпен айналысуға шабыт беретін ештеңені байқамадық.
Ал мерзімді басылымдар сөресіне қазақ және орыс тіліндегі газет-журналдар қойылған. Кітапханашы Ғалия апай бір сөзінде қаржы тапшылығына байланысты алдағы жылдың жоспарынан 1-2 журналдың қысқарып кеткенін тілге тиек етті. Осы кезде кітапханаға атасын жетектеген кішкентай бала кіріп келді. Кітапханашының айтуынша, бұрыннан келіп жүрген Ербол Сүлейменов есімді оқырман екен.
«Кітапханаға жиі келемін. Тек дыбысты кітаптарды тыңдаймын. Бұған дейін қазақтың мақал-мәтелдерін, Мағжан Жұмабевтың «Жан сөзін», Мұхтар Шахановтың кітаптарын тыңдадым. Бүгін Мұқағали Мақатаевтың «Бүгін менің туған күнім» еңбегін және Ақышевтің «Жесірлер» романының дискісін алып кетіп барамын» дейді ол.
Айтпақшы, мұнда мүгедек арбасымен келетін оқырмандар да бар. Алайда кіреберісте құлағалы тұрған пандустың не себепті жөнделмей тұрғанын біле алмадық. Кітапхана – Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайтын мемлекеттік мекеме. Бірақ кіреберісте мемлекеттік рәміздерге деген құрмет байқалмайды. Ең болмаса еліміздің әнұраны жазылған тақтайша да жоқ.
Әрине, бұл кітапхананы өзге кітапханамен салыстыруға келмейді. Дегенмен елорданың төрі болғандықтан, көңілі жарым жандарға кәдімгідей көңіл бөлу қажет. Өздері айтпақшы, арнайы студия ашып, оқырмандардың сұранысына сай жылына ең болмаса оншақты кітап шығарса, қандай керемет болар еді. Олар да соңғы жаңалықтардан хабардар болғысы келеді. Тарих, медицина, спорт, саясат тақырыбындағы дүниелерді оқығысы келеді. Жаңа аудиокітаптар, жайпақ баспалы қаріптегі әдебиеттер, нүктелі-бедерлі кітаптарға қолжеткізгілері келеді. Көздері көрмейді екен деп мүлдем көңіл бөлгіміз келмей ме, қалай?!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button