Басты ақпаратСұхбат

Полигон зардабы әлі жойылған жоқ



Тарих беттерін парақтасақ, қазақ халқының басынан өткерген қиындықтарының аз емес екенін бағамдаймыз. Солардың бірі – Семей полигоны қасіреті. Ұлылардың мекені 1949 жылы ядролық сынақ полигонына айналды. 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен отты доп аспанға көтерілген. Қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған дауыл әп-сәтте жан-жаққа таратты. Таяу жерлердегі ауылдарда тұратын адамдар дірілдеген жермен бірге теңселіп, жарты аспанды алып кеткен от-жалынға үрейлене қарап тұрған. Жер бетінде жалғыз түп шөп қалмаған. Жан тәсілім алдында жанталасқан тышқандар, қарсақтар, кесірткелер қаптап жатыр. Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Осыған орай, полигон зардабын шеккен, «Семей ядролық полигоны» қоғамдық қорының, «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек ӘБДІКӘРІММЕН әңгімелескен едік.

– Болатбек Исаұлы, халқымыз үшін қасіретке толы сынақтың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2500 есе көп деседі. Тарихқа шегініс жасасақ, осы жылдарды қалай еске аласыз?
– 1949 жылдың 29 тамызы – қазақ халқының басындағы ең қайғылы күн деп санауға болатын тарихи кезең. 1949 жылдың 29 тамызынан 1989 жылдың 19 қазанына дейінгі 40 жыл аралығында қазақ елінің, жерінің, халқының, жан-жануар, табиғатының сол кездегі бодандықтың салдарынан ядролық сынақ алаңының зардабын тартып келгені ақиқат. Бұл туралы Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Бахия Атшабаров, Меңдіғали Сужиков, Кешірім Бозтаев, Медеу Сәрсеке айтып жазған. Медеу Сәрсекенің «Семейдің қасіреті» деген үш тілде жарық көрген кітабында толық ұғынықты жазылды. Мен ол кезде Аягөз қаласында тұрдым. Полигонның ошағындағы Абыралы, Шұбартау жерлеріне 13-14 жасымнан барып шөпте жұмыс істедім. «Семейдің қасіреті» – бұл Жапонияға тасталған атом бомбасының зардабы мен Чернобыль апатының салдарымен салыстырғанда 2500 еседен асып түсетіні – ғылыми-тарихи түрде дәлелденген шындық.
1989 жылдың 19 қазанында ең ақырғы атом бомбасының сынағы Семей ядролық сынақ алаңы тарихындағы ең соңғы сынақ болып тарихта мәңгі қалды. Ғалымдардың айтуынша, оның зардабы 24 мың жылдан 100 мың жылға дейінгі ұрпақтарға жалғаcатын сияқты.

– 1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингі өткізілді. Кейін Елбасы да бұл қозғалысты қолдап, әлемде бірінші болып атом ядролық қаруынан бас тарттық. Сіз осы қозғалысты қолдадыңыз ба?
– Иә, әрине, сол кездегі зардап шеккен халықтың барлығы да полигонның жабылғанын қолдады. Және сынақ алаңының жабылғаны ең бірінші сол халықтың табандылығының арқасы деп білемін. «Невада-Семей» анти­ядролық халықаралық қоғамдық қозғалысы 1989 жылғы ақпанда пайда болғанмен, 2007 жылға дейін полигон зардабын тартқандардың әлеуметтік мәселелерін шешуге әрекет жасамады. Міне, осындай жағдай себеп болып, 2007 жылы «Семей-ЯП» қоғамдық қорын ашуға тура келді.
Семей ядролық сынақ алаңының жабылуына облыстық комитеттің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың еңбегі зор. Бірақ соңғы жылдары ол кісінің еңбегі еш еленбей келеді. Туған жері Аягөздегі бір мектепке бірнеше жыл бұрын Кешірім Бозтаев есімі беріліп, ескерткіші орнатылып еді. Бірақ қазір сол мектеп лицейге айналып, ұлт үшін туған ердің мүсіні ғана қалыпты. Халқы үшін еңбек еткен азаматтың есімі тарихта қалуы керек деп ойлаймын.
Семей полигонының әлі де жыры көп, шешілуге тиісті мәселесі жетерлік. Полигон зардабын қазақтың талай қара көз балалары әлі тартып келеді. Осындай жағдайдың бар екені бүкіл әлемге белгілі, біздің биліктің де білмеуі мүмкін емес. Алайда олардың ешқайсысы полигоннан зардап шеккендерге көмек қолын созғысы келмейді. Жан-жағымызда шешілмей жатқан проблемалар көп болып жатқанда бізге үлкен концерттер, шетелдік әртістер, зәулім ғимараттардың қажеті қанша?.. Полигоннан зардап шеккен балалар балалықтың тәтті кезеңін сезіне алмай, төсекке таңылып, іштей қор болып жатыр. Мұнайдан түскен ақшаға жасалғаны – жасанды декорация! Еліміздің қай бұрышына барсаң да жалт-жұлт еткен жылтырақтар мен құр ұрандарды көресің. Ал алыс Семейде полигонға жақын ауылдарда радиациядан зардап шеккен балаларға, халыққа көмек қолын созуға ниетті азаматтарды көрмейсің… Полигон аймағында туып, жарық дүниенің есігін мүгедек болып ашқанына балаларымыз кінәлі ме? Жоқ! Олардың осындай жағдайға душар болуына ең алдымен біз кінәліміз! Оларды мүгедек еткен – біздің кез келген нәрсеге үндемей келіскеніміз, қорқақтығымыз, жалтақтығымыз! Бұл – шындық!

– Семей жұртының әлі де сынақтан зардап шегіп келе жатқаны жасырын емес дедіңіз. Мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетілуде?
– Естіген адамға тек қорқыныш сезімін ұялатып, үрей тудыратын атышулы ядролық полигонды ашу үшін еліміздің ең шұрайлы жерлерінің бірі саналатын және аты әлемге әйгілі қазақтың ғұлама біртуар данышпандары – Абай, Шәкәрім, Мұхтар бабаларымыз­ды өмірге әкелген қасиетті Семей өңірінің Абыралы, Саржал, Шыңғыстау, Дегелең тауларының баурайы және онымен іргелес Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтығаны белгілі. Айта кеткен жөн, бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген сынақтар ашық аспанда, жер бетінде жасалды. Семей полигоны маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңнан астам адам осы сынақтан азап шекті. Бізде полигоннан зардап шеккендердің барлығын бірдей астанадағы емханалар қабылдай бермейді. Тек мүгедек болуы қажет деп санайды. Осы мәселені бірнеше рет көтеріп жүріп шештік. Семей қасіретінің зардабын шеккендердің жағдайын республика деңгейінде ғана емес, халықаралық деңгейге дейін көтеруіміз керек. Қарапайым мысал, полигоннан зардап шегушілердің көбі үй кезегінде 10-20 жылдап тұрып келеді. Мен де осы істің басы-қасында жүрсем де әлі үй алмадым.
Негізі, Семей полигонының территория­сында туризмді дамытуға болады. Дегелең тауындағы жарылысты көрсетіп әлемге насихаттасақ, осы оқиғаға қызыққан шетелдік, отандық қаншама турист келетін еді. Біз бұл мәселені де шет қалдырып отырмыз. Сосын 1949 жылға дейін қанша халықтың тұрғаны туралы әлі де зерттеулер аз. Полигонды зерттеушілер 1949-1989 жыл аралығында қанша адамның қырылғандығы туралы да нақты дәлелдер ұсына алмай келеді. Семей жерінде әлі де радиация сақталған. Оны пайдалануға болмайды. Қасіретті көзімен көрген үлкендердің барлығы азайып кетті. Ал жастар полигонға әлеуметтік мәселе деп атүсті қарайды.

– 2007 жылы полигон зардабын тартқандардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған «Семей-ЯП» қоғамдық қорын аштыңыз. Қор қандай жұмыстармен айналысуда?
– Семейге бара қалсаң, әсіресе, полигонға жақын ауылдарға жолыңыз түссе, соқыр, ауру, мүгедек боп қалған талай адамды көруге дәтіңіз шыдамайды. Біз шұрайлы жерімізден ғана емес, тұтас бір ұрпақтан айырылдық. Міне, осындай зардабын сәл де болса жеңілдетіп, көмек қолын созу мақсатымен 2007 жылы елордамызда полигон зардабын татушылар тарапынан «Семей-ЯП» қоғамдық қорын құруға тура келді. Бұл біздің әлеуметтік мәселелеріміздің толық шешілмеуінің салдарынан туындады. Қордың атын неге «Семей-ЯП» деп қойдым? Бұл ең бірінші «Семей ядролық полигоны» деген мағынаны білдірсе, екіншіден «я – пострадавший» дегенді білдіреді. Білген адамға мен де зардап шегушімін деп айтамын. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас дейді. 2007 жылдан бері қордың жұмысын жалғыз өзім істеп келемін. Қор ашылғаннан бері алдыма талай адам жағдайын айтып келді. Мен «сұрамасаң, өзің ізденбесең, ешкім саған көмектеспейді» деймін. Қазір қор республикадағы полигоннан зардап шеккен азаматтар мен мүгедектерді, көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек берумен айналысады. Осындай азаматтар үйде қол қусырып бос отырмасын деп тігін цехын, баспахана аштық. Әр азаматқа айына мемлекеттік бағдарламамен 84 мың теңге айлық төлеп отырмын. Жылына 20-30 адамды жұмыспен қамтудамыз. Сонымен қатар қайырымдылық іс-шараларын да өткізіп тұрамыз.
Қазір әлемді жайлаған індетке байланысты көптеген мәселелер ушығып кетті. Қиындықты бірлесіп шешу үшін қайырымды азаматтарды мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып, қолдау көрсетуге шақырамыз. Мемлекеттік мекемелермен бірігіп, полигоннан зардап шеккендердің әлеуметтік жағдайын шешсек дейміз. Емдеу орталығын ашқымыз келеді. Жапондық емдеу тәсілдерін қолдануды қолға алсақ. Ядролық полигонның залалын шеккен соңғы адамды оңалтып шығарма­йынша, полигон тақырыбы ашық қала бермек. Полигонды жапқан кезде зардап шегушілерге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге қыруар қаржы бөлінді. Бірақ оның ешқайсысы игерілген жоқ. Қайда жұмсалғаны да әлі күнге белгісіз.

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button