Ел тынысы

Қаһарман атындағы жарыс



Қорғаныс министрлігі мен Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен елордадағы колледждер арасында волейболдан турнир өтті. Жарысқа 16 команда қатысты.

Ашылу салтанатында «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев:

– Елдің тұңғыш Қорғаныс ми­нистрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шараның басты ерекшелігі – әрбір қатысушы команда Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры болған тұлғалардың атымен аталған команда сапында өнер көрсетеді. Осылайша жастарды халқымыздың қаһарман тарихымен таныстыруға тырыстық, – деп турнирдің негізгі идеясымен таныстырды.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-орын Астана халықаралық университеті педагогикалық колледжінің «Рақымжан Қошқарбаев» атындағы командасына бұйырды. 2-орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінің «Ысқақ Ибраев» атындағы командасы еншіледі. 3-орынға көлік және коммуникация жоғары колледжінің «Леонид Беданың» атымен өнер көрсеткен командасы көтерілді. Осы команданың өкілі Диас Жақыпов «Үздік шабуылшы» деп танылды. Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық колледж студенті Әмірхан Қасымов «Үздік байланыстырушы» атанды. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігі әскери колледжінің өкілі Досжан Ізтілеу «Үздік бұғаттаушы» деп танылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінің қызметкері Еламан Омаров «Үздік либеро» атанды. Құрылыс-техника колледжінен Бекзат Қадылбек, республикалық медицина академиясы медициналық колледжінен Әлімжан Елеусінов және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінен Дархан Қалиев турнирдің «Үздік ойыншылары» деп танылды.

Жарыстың соңында ҚР Қарулы күштері ардагерлері мен колледж командалары жаттықтырушыларының арасында жолдастық кездесу ұйымдас­тырылды. Көпшіліктің назарын өзіне аударып, өте тартысты өткен кездесуде отс­тавкадағы генерал-лейтенант Абай Тасболатов бастаған ардагерлердің «Сарыарқа» командасы жеңіске жетті.

С.Нұрмағамбетовтің мерейтойы алдағы жылы еліміз бойынша кең көлемде аталып өтеді. Демек, бұл даңқты батырға көрсетілер құрметтің, үлкен іс-шараның басы ғана.

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button