Қайсар қызы қазақтың
Ұлы Отан соғысының қанды майдан жылдарында от кешкен қазақтың қайсар қызы Шағила Әкімбайқызы Құсанова жақында тоқсан жасқа толды. От пен оқтың ортасынан оралған ардагер, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Шағила Әкімбайқызы – өз шәкірттеріне ғалымдығымен де, азаматтығымен де ұстаз бола білген тамаша жан. Оның әрбір күнді, әр сәтті тамаша жеңіспен жазатындай қайратын сезінеміз. Содан күш-жігер аламыз. Уақытты бағалауды, бейбіт ғұмырды қадірлеуді үйрендік.
Ата-анасынан ерте айырылған Шағила апай жетімдік пен жалғыздықтың ащы дәмін ерте татты. Балалар үйі мен интернатта тәрбиеленді. Табиғатынан қайсар, жаратылысынан табанды жан тағдырдың салған тауқыметіне мойынсұнбай орта мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих және филология факультетіне оқуға түседі. Бұл Шағила апай үшін ғылымның даңғыл жолындағы алғашқы баспалдақ еді. Алайда, ол университеттің бірінші курсын бітірген 1941 жылы маусым айында фашистік Германия тұтқиылдан Кеңес Одағына қарсы соғыс ашады.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде елімізден ер-азаматтармен қатар, қазақ қыздары да өз еріктерімен майданға аттанды. Солардың қатарында Шағила апай да болды. Әрине, қайсарлық пен қайраттылыққа өмірдің өзі тәрбиелеген Шағила Әкімбайқызының сол бір ел басына күн туған қиын-қыстау заманда басын өлімге тігіп, Отанды жаудан қорғауға аттануы, үлкен ерліктің белгісі болды.
1941 жылдың қыркүйек айында Ташкентте қысқа мерзімді байланысшылар курсынан өткеннен кейін, желтоқсан айында Қырым майданындағы Керчь қаласын азат етуге қатысқан десанттық әскер құрамында болды. 1942 жылдың мамыр айында 14-атқыштар дивизиясы құрамында Дон майданындағы, Степной және Сталинград майдандарындағы қанды шайқастарға қатысты.
Сталинград түбіндегі жеңістен соң, 14-атқыштар дивизиясы Оңтүстік-Батыс, І және ІІ Украин майдандары құрамына енгізілді. Шағила Әкімбайқызы Румыния, Польша, Чехославакияны азат етуге бағытталған батыл шайқастарда да майдандастарымен бірге Ұлы Жеңісті жақындата түсу үшін ерліктің тамаша үлгілерін танытты. Осылайша қайсар мінез иесі «Жауынгерлік еңбектері үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Қаһармандығы үшін» және т.б. медаль-ордендерімен марапатталды.
Ұлы жеңісті Берлинде қарсы алған Шағила Әкімбайқызы – сұрапыл соғысты, өлім мен өмір арасындағы қыл көпірді әрбір секунд сайын бар болмысымен сезініп, санасымен түйсінген қазақ жауынгері. Сондықтан да болар, өмірге, өмір сүруге деген құлшынысы ерекше, парқын біледі.
Шағила апай соғыстан кейін оқуын қайтадан жалғастырады. Кейіннен үлкен ғылым жолына түсіп, кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етті. Бірқатар монография мен жүз елуден астам ғылыми еңбектердің авторы. Ол – бірнеше ғылым докторы мен кандидаттарын даярлаған танымал ғалым, ұлағатты ұстаз. 1981 жылы педагогикалық саладағы үздік еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал 1995 жылы «Құрмет» ордені иегері атанды.
Қайсарлық, шыншылдық, қайраттылық, адалдық, табандылық сияқты қасиеттердің Шағила апайдың бойына туа бітуі, оның жан-дүниесінің тазалығынан, рухының биіктігінен дер едік. Өз шәкірттерін ғылым жолына бағыттағанда олардың жан-дүниесіне терең бойлай отырып, оларда адами болмыстың дұрыс қалыптасуына да ерекше көңіл бөледі. Оларға өз тәлім-тәрбиесін беруден еш аянған емес.
Шағила Әкімбайқызы мен отағасы Асылғазы Бекбайұлы үш бала тәрбиелеп, өсірді. Абай елінің тумасы Асылғазы Бекбайұлы кезінде мәдениет саласында бірқатар лауазымды қызметтер атқарған мемлекеттік қайраткер, Ұлы Отан соғысы ардагері. Өкінішке қарай, Асылғазы Бекбайұлы өткен жылдың күзінде өмірден озды. Адамгершілік қасиеттері мол, жаны жайсаң әз ағаның ғибратты ғұмыры мен елге сіңірген еңбегі ел жадында.
«…Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, – Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол» деп айтқаны бар данышпан Шәкәрім Құдайбердіұлының. Біз танып, халқы білген Шағила Әкімбайқызы, міне, осындай адам.
Теңгеш ҚАЛЕНОВА,
Дәметкен ТОЛҒАМБАЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценттері