Руханият

Қаламгердің ескерткіш-тақтасы



Астанада көрнекті ақын, жазушы, публицист, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораз тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Жеңіс даңғылы, 2 мекенжайындағы бұл үйде қаламгер ширек ғасырдан астам уақыт, 1985-2012 жылдары ғұмыр кешті. Ашылу салтанатына қалалық мәслихат депутаттары, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері, ақынның отбасы қатысты.  

Алғашқы сөзді алған қалалық мәслихат депутаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтжан Әбдіров Нұрғожа Ораздың өнегелі өмірі мен шығармашылық жолына тоқталды. Соның ішінде 1965 жылдан 1991 жылға дейін Жазушылар одағының Целиноград қаласындағы әуелі өлкелік, кейін бірнеше облысты қамтитын облысаралық бөлімшесін басқарғанын атап өтті.

– Нұрғожа Ораз Астана қаласының мәдени және қоғамдық өміріне белсене атсалысты. 1997 жылы елорда көшіп келгенде Мемлекеттік рәміздерді қарсы алу кезінде қаланың символикалық кілтін тапсыру салтанатындағы жеті адамнан тұратын делегация басшысы болды. Ұлттық руханиятымыздың аламан бәйгесіне алпыс жыл бойы ат қосып, алғадай топтың кеуде тұсында жүрді. Бірнеше жыл бойы Астанада ономастика, экология комиссияларының, Президент жанындағы рақымшылық жасау комиссияның белсенді мүшесі болды, – деді Айтжан Әбдіров.

Биыл туғанына 90 жыл толған қаламгердің қаламынан 50-ден астам кітап туғанын атап өткен мәслихат депутаты шығармаларының негізгі арқауы ел мен жер тағдыры болғанын айтты. Еңбегін ескеріп, қала әкімдігі мен қалалық мәслихат ескерткіш-тақта орнатуға шешім шығарғанын жеткізді.

– 1963 жылы Алаш қайраткерінің ұрпағы Әнуар Ипмағамбетовтің шақыруымен Ақмолаға келіп, «Тың өлкесі» газетіне орналасты. Сонда осы қаланың мәдениетіне, өнеріне, біліміне 53 жыл бойы қызмет етті. Целиноград пединституты, Целиноград ауылшаруашылық институтында «Қазақ әдебиетінің көне тарихы», «Балалар әдебиеті», «Көшпелілер және Батыс өркениеті» тақырыптарында дәріс жүргізді. Оның қаламынан туған «Талқандалған тарихат» кітабында біздің сонау сақ-ғұн заманынан бергі ұлттық тарихымыз, мәдениетіміз, өнеріміз, бүкіл жыраулар, жыршылар, әңгімешілер, сал-серілер тарихы айтылды, – деді қаламгер-ғалым Серік Негимов.

Жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Журналистика академиясының академигі Қайсар Әлім «ескерткіш-тақтасы бар үй – тарихи үй» деген ойын айта келе, ескерткіш-тақтаны орнатудың тағылымына тоқталды.

– Алдағы уақыттарда да осы Астананың бойынан тұрған үйлердің тарихқа енуіне әлі де үлес қоса беруіміз керек. Қаншама тұлғалар, қаншама өнер, еңбек адамдары бар. Солардың тұрған үйлеріне осындай тақта орнатса, артық болмайды.

Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы қаламгермен танысқан күндерді еске алды.

Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Толымбек Әбдірайым тың өлкесі құрылғанда Нұрғожа Ораз қазақ тілі, діні, салт-дәстүрі сақталуы үшін күрескенін атап өтіп, жазушы-публицист, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайыл, қаламгерлер Әскен Нәбиев, Жомарт Әбдіхалық, Октябрь Әлібек, Жылқыбай Жағыпарұлы бәрі топтасып өнерге, әдебиетке, мәдениетке өлшеусіз үлес қосқанын айтты.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button