Мәселе

Ақтүбекті түлеткен

Қорғалжын деген атауды естігенде елең етпейтін қазақ баласы жоқ деп ойлаймын. Кешегі тың және тыңайған жерді игеру науқаны кезінде, облыста қазақ халқының саны он пайызға дейін төмендегенде, қаймағы бұзылмай, біздің ұлттың өкілі шоғырланған осы Қорғалжын өлкесі болатын.

Қатардан қалмай, егін егіп, мал ша­­­руа­шылығын дамыта білді. Тек қана көл мен су тоғандарының саны 150-ден асатын. Негізгі көлдер: Қорғалжын, Теңіз, Есей, Қоқай, Есенкелді, Асаубалық, тағы басқалар. Ал осы көлдерді мекен еткен құстардың түрі 294-ке жетеді. Қорғалжын елінің ғажап кереметтігі – бүкіл қазақ еліне мақтаныш, әлемде өте сирек кездесетін, дүниежүзілік қызыл кітапқа енген қызғылт қоқиқаз мекен етеді. Көктемде ұшып келіп, ұя салып, балапан өсіреді, күзде қызғылт қоқиқаз аспанға көтерілген кезде, көл айдыны қызыл алау өрттей лаулап, ерекше бір шұғылаға бөленеді. Бұл өлкені құсбегілер мақтанышпен «Құс базары» деп атайды. Қыста Иран, Үндістан жерін мекен етеді.

Міне, осындай тамаша елді мекенде талай абзал азаматтар еңбек еткен. Солардың бірі – осы елді мекенде туып-өсіп, барлық өмірін осы өлкенің халқына қызмет етуге арнаған беделді ақсақал Ошақбай Тығынбайұлы.

Жастық шағында, сол уақыттағы қиын заманда тағдырдың маңдайына жазған қиындықтарына шыдап, шыңдалып, бекем болып өсті.

Әскерге шақырылып, қатарынан қалмай, шынығып өскен Ошекең жауынгер міндетін адал атқарды. Көрші Моңғолия мемлекетімен шекаралас жерде әскери қызметін атқарып жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталды. Өзінің майдандас жолдастарымен Ошекең қан майдан соғыстың ортасында болды, бірнеше рет жараланды. Майдангер Ошекең Смоленск, Витебск, Минск, тағы басқа қалаларды азат етуге қатысты. Кеңес Одағының ең басты ақпарат құралы – «Правда» газетінің 1944 жылғы бір санында былай жазылған: «Гданьск қаласының маңында бір топ неміс жаяу әскері қарсы шабуылға шықты. Жанында алты-жеті адамы бар аға сержант Ошақбай Тығынбаев оларға күйрете соққы берді, ал өзі жеті немісті о дүниеге аттандырды. Нәтижесінде жау әскері шегінуге мәжбүр болды». Соғыс кезіндегі бұл мақала – Ошекеңнің майдан даласындағы көзсіз ерлігінің дәлелі және Отанға деген сүйіспеншілігінің белгісі. Осындай жан алысып, жан беріскен майдандағы еңбегі жоғары дәрежеде бағаланып, «Қызыл жұлдыз», Отан соғысының І-ІІ дәрежелі ордендерін және көптеген медальдарды кеудеге тақты.

Ошақбай Тығынбайұлы соғыс­тан 1946 жылы босап, туған елі – Қорғалжын жеріне келіп, бейбіт өмірге араласады.

Зейнет жасына дейін «Қорғал­жын» кеңшарының бөлімшесі – Ақтүбек елді мекенінде басшы болып қызмет атқарады. Шағын ғана ауыл Ошекеңнің еңбекқорлығы мен ұйымдастыру қабілетінің арқасында керемет өзгерді. Мектеп, мәдениет үйі, кітап­хана, сауда орны, тағы да халыққа керек қызмет орындары ашылды.

Ел азаматтары қой шаруа­шылығымен айналысып, мал басын 5600-ден 20000-ға дейін өсірді. Ақтүбек ауылы барлық көрсеткіш жағынан Қорғалжын ауданында алдыңғы қатарда болды.

Басшы Ошекең ауылдағы барлық мәселені өзі шешетін, жатты жақындастырып, аразды татуластырып жүруді өзіне міндет санайтын. Жастарға қамқоршы бола білді, олардың үйлену тойын өзі ұйымдастыратын, қуаныш пен қайғыға ортақ болып жүретін елгезек жан еді.

Өзінің өмір сүрген, еңбек еткен Ақтүбек елді мекенін құрметтеп, бәрінен жоғары бағалайтын.

Біздің Ошақбай Тығынбайұлымен танысуымыз 1982 жылдың жаз айында болды. Бұған қуанышты себеп – інім Әбілмәжиттің мың жылдық құдалық рәсімі.

Жолды кездескен адамдардан сұрап, көп жүріп, түс ауа шаршап-­шалдығып Ақтүбек ауылына жеттік. Ауылдың ортасында, басқа үйлерден жобасы бөлек, еңселі, биік үйдің алдына келіп тоқтадық. Есік алдында бізді иманжүзді күлімсіреген бейнесімен, алпыс жасты еңсерген, көргені мол, тоқыған ойы көп ел ағасы қарсы алды. Елден шыққаннан бергі мазасыз ойымыз су сепкендей басылды. Ақ көңілді, аңқылдаған қазақ баласымен дастархан басында одан сайын жақындай түстік. Ошекең сөзге шебер, дарынды, көкірегі кең, сөйлеген сайын тынысы кеңейіп, алыстан орағытып, ата-бабасының тарихынан біраз мағлұмат берді. Ал атақты Байдалы бидің әңгімелерін біз Ошекеңнің аузынан естіп, тәнті болдық. Текті адаммен құда болу осындай екен-ау деп марқайып қалдық.

Ошекеңнің перзенті – Алтын біздің шаңыраққа келін болып келгеннен кейін әкемнің шаңырағына құт-береке келді, інім Әбілмәжит жиырма үш жасында аудандағы ең үздік кеңшардың бас есепшісі болып тағайындалды. Алтын келініміз әке-шешейге Мәдина, Мәди, Әліби есімді немере сыйлады. Інім мен келінім әкеміз бен шешемізді алақанға салып қамқор болды.

Ошекең мен Бибіжамал шешеміз тоғыз бала өсіріп, бәріне жоғары білім беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Аллаға шүкір, бүгінде Ошекең балалары түгел «ата-әже» деген құрметті атаққа ие…

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ, Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button