Басты ақпаратМәдениет

Қаллекидің «бір түрлі» «Қыз Жібегі»



Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры екі күн бойы «Қыз Жібек» драмалық операсының премьерасын ұсынды. Жырдың Жүсіпбек Шайхысламұлының нұсқасын және Ғабит Мүсіреповтің операға жазған либреттосын Мирас Әбіл мен Ләззат Алпысбаева сахнаға лайықтап өңдеді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Әлібек Өмірбекұлы.

Ұлтымыздың көне мұрасы – «Қыз Жібекпен» қазіргі көрерменді таңғалдыру қиын. Лиро-эпостық дастанның қазақ сахнасына көшірілгеніне келесі жылы 90 жыл толады. Сол кезде опера түрінде көрерменге жол тартқан туынды содан бері түрлі жанрда сахналанды.

Арғысын айтпағанда, биыл Музыкалық жас көрермен театрында этно-фольклорлық мюзикл болып жаңғырды. Бірнеше жыл бұрын астананың «Жастар» театрында мюзикл, Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында жанры анықталмай, лиро-эпос болып ұсынылды. Басқа театрларда музыкалық драма, өзге де жанрларда көрсетілді. Ал Қаллеки театры драма және операны қосып, синтезделген нұсқаны ұсынуды жөн көрді.

Қаллекидің «Қыз Жібегін» көру үшін көрерменге ең алдымен шыдамдылық қажет. Үш актілі спектакльдің ұзақтығы – 4,5 сағат. Премьераға 50 актер, 36 оркестр мүшесі, техникалық және шығармашылық құрамды қосқанда, 120-дан астам адам тартылған. Премьераға дайындық жұмысы наурыз айында басталып, жарты жылдан аса уақыт жүргізілді. Бірақ түпкі нәтиже мінсіз болды деп айта алмаймыз.

Біздіңше, қойылымда басы артық көріністер бар. Жырда Базарбайда Төлегеннен бұрын тоғыз ұл болғаны айтылады. Олардың бәрі елге келген қалың дерт – обадан қайтыс болды. Бұл туралы баяндалғанда, Базарбайды сомдаған белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл бірінен соң бірін тоғыз бесікті сахнаға алып шығады. Бір-екеуін алып шығып, спектакльдің уақытын қысқартуға болар еді деп есептейміз. Бәлкім, қойылым авторлары көріністі толық бергенде кө­рермен әке қасіретін сезінсін деп ойлаған болар. Біз басы артық деп санаймыз.

Жалпы Қаллекиліктер ке­йінгі жылдары уақыты өте ұзақ қойылымдарды көрерменге ұсынып, экспериментке барып жүр. Былтыр осы театрда премьерасы өткен «Дон Кихот» трагикомедиясы 4 сағатқа созылған еді. Оны да сахналаған Әлібек Өмірбекұлы. Соған қарағанда, осы жас режиссер қолтаңбасының бір ерекшелігі – спектакльді осылай ұзақ етіп сахналау. «Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді» дегенді ескерсек, асқанда 2 сағатта айтар ойды беруге болар еді деп есептейміз.

Бас кейіпкерлерге келсек, спектакльде үш Төлеген – Жасұлан Ерболат, Олжас Жақып­бек, Бибарыс Орман, үш Қыз Жібек – Ақмарал Танабаева, Аяужан Малғаждарова, Амира Омарова бар. Осылардың ішінде бізге Жасұлан Ерболаттың Төлегенді беруі ерекше ұнады. Бекежан болып тәжірибелі актерлер Қуандық Қыстықбай мен Ержан Нұрымбет көрінеді. Жырдағы кейіпкерлер Шеге, Қамқа, Айгөз, Дүрия, Сансызбай, Қарлығаш та қамтылған.

Жыр желісі операдағы Евгений Брусиловскийдің музыкасымен көркемделген. Диалогтар қазіргі заман көрерменіне, дәлірек айтсақ, жастарға лайықталып жазылған сияқты. Арасында юмор кездеседі. Бірақ күлдіруден гөрі бүлдіру басым. Көпсөзділік көрерменді жалықтырады. Бірінші актіде қимыл-қозғалыс, динамика жоқ. Біз осы бірінші актіні көруге ғана шыдадық. Басы осылай болса, әрі қарай тамашалау қажетсіз деп шештік. Бұл спектакльді қабылдай алмай, «бір түрлі» «Қыз Жібек» екен деген шешімге келдік. Жалпы ұлттық мұраны сахналағанда абай болу керек. Қаллекиліктер өткен жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін заманауи нұсқада ұсынамыз деп бірталай сынға ұшырады. Жаңа сапаға көтерілу үшін ізденіс жолына түскен театр ұжымына репертуармен жұмыста ойланған жөн секілді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button