Басты ақпаратЕл тынысы

Жазушылар мен журналистер жарысы

Астанада Республика күніне және Астана қаласының 25 жылдығына орай «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің ұйымдастыруымен журналис­тер мен қаламгерлер арасында бильярдтан дәстүрге айналған турнир өтті. Жарысқа бильярдтан екі дүркін әлем чемпионы Ернар Чимбаев төрешілік етті.

Жарыстың ашылу салтанатына қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов қатысып, турнирге қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, ойындарына сәттілік тіледі. Қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов шараға арнайы келіп, ұлттық мерекені ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған турнирдің сәтті өтуіне тілеулестік білдірді.

Биыл екінші мәрте өткізіліп отырған бұл турнирге жазушы, тарихшы Қойшығара Салғараұлы бастаған елімізге белгілі ақын-жазушылар, Парламент депутаттары, журналистер, медиаменеджерлер, баспасөз өкілдерінен құралған 32 ойыншы қатысты.

Тартысты өткен бәсекеде I, II, III орындардан бөлек, биыл еліміз бойынша мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақтың қабырғалы қаламгерлері Кемел Тоқаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей атындағы арнаулы сыйлықтар табысталды.

Күні бойы өткен тастаяқ жарысында белгілі айтыс ақыны Еркебұлан Қайназаров I орын алып, 300 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Оған жүлдені Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров тапсырды. II орынды ақтық сынға дейін шебер ойын көрсеткен белгілі журналист, жазушы Талғат Ешенұлы қанжығасына байлап, 200 мың теңге жүлде алды. Тартысты өткен жекпе-жектер қорытындысында III орынға жазушы, журналист Сәдібек Түгел мен белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы ие болып, жеке-жеке 100 мың теңге жүлде берілді.

Кемел Тоқаев атындағы арнаулы жүлде жазушы, тарихшы Қойшығара Салғараұлына, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлде қазақ спорт журналис­тикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлына және Оралхан Бөкей атындағы арнаулы сыйлық белгілі қаламгер, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіпке берілді.

Турнир  ұйымдастырушы­лары, аталған арнаулы жүлделерден бөлек, қосымша үздік ойын көрсеткен қатысушылар үшін  4 номинация  тікті. Қазылардың шешімімен «Алыстан ат терлетіп келген ойыншы» аталымын Алматы қаласынан арнайы келіп, турнирге қатысқан қазақ журналистикасының ардагері Қайнар Олжай, «Мәдениетті ойыншы» номинациясын белгілі жазушы Шархан Қазығұл, «Алғашқы шар» номинациясын күйші Секен Тұрысбек иеленді. Сонымен қатар «Мерген ойын­шы» сыйлығымен ардагер журналист Кенже Жұмағұлов, «Шебер ойыншы» ретінде журналист Әлімжан  Сабыржанұлы лайық деп танылды. «Үздік дуплет» аталымымен журналист Жандос Дүйсекеев марапатталды. Марапат иелеріне бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлде берілді.

– «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің журналистер мен қаламгерлер арасында бильярдтан турнир өткізіп жатқаны қуана құптайтын бастама болды. Турнирдің еліміздегі мәртебелі мереке – Республика күніне туралануы және оған Астана қаласы әкімдігінің қолдау көрсетуі бильярд спортын дамытуға жасалған үлкен қолдау. Бильярд – жай ғана ойын емес, спорт. Жалындаған жастардан бастап қалтылдаған қарттарға дейін қызығатын бұл ойын түрі Қазақстанда да жақсы дамып келеді. Әрине, бильярдты әркім ойнайды, әртүрлі жарыс өтуі мүмкін, бірақ бүгінгідей қалам ұстаған ақсақалдарымыз­дың, ағаларымыздың додаға белсене қатысуының мәні зор. Қаламгерлердің бильярд ойнайтыны – бұрыннан келе жатқан үрдіс, Ғабит Мүсірепов­тен тартып, кешегі Ақселеу Сейдімбекке дейін бильярдтың шебері болған. Осы тұрғыдан алғанда, Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан бұл жарыс болашақта «Астана кубогына» айналса, тіпті нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі жарыс өте тартысты өтті, күні бойы шаршағанымызды ұмытып, ойынның қызығына баттық. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді Сәдібек Түгел өз ықыласын білдіріп.

Марапаттау рәсімінің соңында қорытынды сөз алған «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің директоры Олжас Сыдықбек жарысқа қатысқан барша ойыншыға алғыс білдірді.

«Турнирдің мақсаты – Респуб­лика күні мерекесін ұлықтау, елордадағы қаламгерлер мен журналистер арасында сұхбат алаңын қалыптастыру, бұқаралық спортты насихаттау. Өткен жылдан бастау алған турнир алдағы жылдарда да дәстүрлі түрде жалғасын табады. Бүгінгі ойынның қызықты да тартымды өтуіне үлес қосқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын!» деді Олжас Сыдықбек.

Айта кетейік, «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі жақында Рес­публика күніне және Астана қаласының 25 жылдығына орай оқушылар арасында «Ел жүрегі – Астана» шығармашылық байқауын өткізген болатын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button