Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Жасыл белдеу – елорда өкпесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екеніне айрықша тоқталып, бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды, сондай-ақ елорданың айналасындағы жасыл желектің ауқымын ұлғайтуды тапсырған еді.

Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі жиында да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы көгалдандыру жұмысы туралы пікір білдірген болатын.

– Қазір Астананы жасыл қала деп айта алмаймыз. Бізде қаланы көгалдандыру ісінің біртұтас тұжырымдамасы да жоқ. Әр әкімдік өз білгенімен әрекет жасайды. Шаһардағы жасыл желектің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Яғни жүйелі жұмыс жүргізілмейді. «Астана – көгалдандыру құрылысына» қарасты тәлімбақтың мүмкіндігі толық қолданылмай отыр. Дұрыс күтім болмаған соң, қала аумағындағы көшеттер қурап жатыр. Көгалдандыру кезінде отырғызылатын жасыл желектің 10 пайызы ғана көпжылдық өсімдіктер. Бір маусымдық гүлдерге жыл сайын шығындану – қаржыны желге шашу деген сөз. Әкімдікке 3 жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуді тапсырамын. Сіздерге нақты міндет қоямын: алдағы 5 жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек. Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдігіне Экология министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені дереу шешуді тапсырамын, – деп нұсқау берді Президент.

Астананың іргесіндегі «Жасыл аймақ» орманды алқабында жыл сайын 8 млн ағаш отыр­ғызылады. «Жасыл аймақ» – Қазақстан Республикасы астанасының іші мен оның маңайындағы аймақтарды абаттандыру жобасы. Қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру, оны сақтау мақсатында елорда айналасын қоршай бой көтерген жасыл белдеу бұл күнде қаланың таза ауамен тыныстауына мүмкіндік беретін «өкпесіне» айналды.

«Жасыл аймақ» орман алқабы 2000 жылғы 10 ақпанда құрылған. Ал ағаш отырғызу жұмысы 1998 жылдан бастап қолға алынды. Содан бері бұл аумаққа қарақат, қайың, шаған, үйеңкі, терек, жидені қамтыған 150 млн-ға жуық ағаш отырғызылды. Орман алқабының жалпы аумағы 90 мың гектардан асты. Топырағымызға тамыр жайған ағаштардың кейбірі шетелден әкелінеді.

Мамандардың айтуынша, орман алқабына отырғызылатын ағаш түрлері алдымен сол жерге бейімдеу процесінен өтеді.

«Бізде 2 питомник бар, сол жерде мамандар түрлі көшет отырғызып, зерделеп, сынақтан өткізеді. Ағаш отырғызу маусымы кезінде 1500-2000 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ өзіміздің кішігірім зертханамыз бар. Ол жерде біздің мамандар өсімдіктер тұқымының шығынын зерттейді. Әр ағаш түрі бойынша жеке мониторинг жүргізіледі. Содан соң ағаш түрлері сыныпқа бөлініп, одан әрі селекция орталығына жіберіледі. Ол жерде ағаштарға талдау жасалады. Соның қорытындысы бойынша қай жерде, қандай ағаш өсірген абзал деген тұжырымдама жасалады» деген еді «Жасыл аймақ» мемлекеттік республикалық кәсіпорнының бас директоры Мұхит Рамазанов өткен жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында.

«Жасыл аймақ» орман алқабы 2000 жылғы 10 ақпанда құрылған. Ал ағаш отырғызу жұмысы 1998 жылдан бастап қолға алынды. Содан бері бұл аумаққа қарақат, қайың, шаған, үйеңкі, терек, жидені қамтыған 150 млн-ға жуық ағаш отырғызылды. Орман алқабының жалпы аумағы 90 мың гектардан асты. Топырағымызға тамыр жайған ағаштардың кейбірі шетелден әкелінеді

Орман – далаға сән беретін, тіршілікке нәр беретін бағалы байлық қана емес, климаттың өзгерісіне де оң ықпал ететін, сондай-ақ ел қорғанысына да қалқан болатын қасиетті қорған. Елімізде орманның өсуі де әркелкі. Кейбір облыстарда сыңсыған сұлу орман жоқ. Климатымыз әр алуан, топырақ жағдайы да әртүрлі. Демек, Қазақ мемлекетінің алдында тұрған бір үлкен міндет бар. Ол – табиғи ормандарды қорғап, ағаш егіп, орман отырғызу, шөлейттенудің алдын алып, жасанды орман белдеуін үздіксіз ұлғайту. Осы тұрғыдан алғанда, Астананың жасыл белдеуін қалыптастыру мақсатында елорда төңірегіне 100 мың гектарға жуық аумаққа орман отырғызылғаны – қуанар­лық жағдай. Осы орман белдеуінің қалыптасуымен астананың ақырған аязының да беті қайтып, бораны бәсеңдеді. Жазда «Жасыл аймақтан» жидек теріп, нәпақа табатын отбасылар саны да аз емес. Жайқалған орманның арасында аң-құс та көбейіп, тамаша экология жүйесі қалыптасты. Демек, біз бұл орман белдеуінің экология­лық, экономикалық жағынан да тиімділігін көріп отырмыз.

Жақында Сенат депутаты Нұрлан Бекенов Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың атына көгалдандыру жұмысының қарқыны неге төмен болып жатқаны жөнінде депутат сауалын жолдады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылы 138 млн ағаш, 2022 жылы 280 млн дана ағаш отырғызылды, ал биыл 409 млн ағаш отырғызу жоспарланған. 409 миллион көшеттің кем дегенде 120 миллионы тамыр жая алмайды. Бұл бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау екені белгілі болып отыр. Сондықтан бюджет шығынын азайту керек. Өсімдіктердің тіршілігіне бақылау және талдау неге жүргізілмей жатыр? Мониторингтің, өсімдіктерге күтім жасаудың және суарудың заманауи жүйесі неге орнатылмаған? Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін жауапкершілік қайда?» деп сұрады Н.Бекенов.

Сондай-ақ сенатор ағаштарды кесу, қасақана от қою, сондай-ақ орманды жерлерді заңсыз басып алу және пайдалану, орман алқаптарында үйлер мен басқа да құрылыстарды салу проблемасына назар аударды.

«Өсімдіктер мен ағаштарды өсіру, сондай-ақ оларға күтім жасау тәсілдерін қайта қарау керек деп санаймын. Көшет отырғызатын мердігер ұйым­дарға ағаштарды одан әрі міндетті түрде күтіп-баптау мен жай-күйіне мониторинг жасау және ол туралы есеп беру тәртібі бекітілсін. Бұл міндет қызмет көрсету шартында көрсетіліп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік туралы талаппен бірге жазылуы керек» деді сенатор.

Сенатор бұл мәселені текке көтеріп отырған жоқ. Біз осыған дейін «Жасыл аймақтың» жетістігіне ғана назар аударып, оның қаржы тиімсіз жұмсалған тұсына назар аудармай келдік. Бұл өңірдегі орманды өрттен қорғау қуаты қаншалық деген мәселе де күңгірт. Оның үстіне «Жасыл аймақтың» көлемі үлкейгенмен, Арқа төсіндегі қыз кепешіне қадалған үкідей шоқ-шоқ боп шыққан табиғи өскен ағаштарды қорғауға мән берілмей отыр. Керек десеңіз, сол орманды алқаптардың арасын аударып, егін салып жатқан пысықтар да баршылық. Бұл да орман үшін үлкен қатер.

Жер бетіндегі барлық тіршілік иесі ауасыз өмір сүре алмайтыны ақиқат болса, сол ауаны сүзгіден өткізіп, тазалайтын, денсаулыққа залалды газдарды, шаң-тозаңды тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаратын құдіретті күштің бірі – ағаш. Экономикалық пайдасымен қатар, ағаштың адам денсаулығына да пайдасы мол екені баршамызға мектеп қабырғасынан белгілі. Мәселен, фотосинтез процесінде ағаш пен бұта-бүргендердің жапырағы шаң-тозаңның 72 пайызы мен күкірт қос тотығының 60 па­йызын сіміріп, бактерияларды өлтіретін биологиялық белсенді заттарды бөліп шығарады екен. Үндістанның Калькутта университетінің профессорлары 50 жыл көктеген бір ағаштың құны 31200 долларға тең келетін оттегі өндіріп, ауа ластануының алдын алуда 62500 долларды жарататынын есептеп шыққан.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button