Әлеумет

Қамсыз келешекке бағдарлайтын қор



Өмір бойы еңбек етіп, ақша тауып, қартайғанда сол бейнеттің зейнетін көру үшін Бірыңғай ­жинақтаушы зейнетақы қорына бәріміз де салымшы боламыз. Ал «БЖЗҚ» АҚ-ның Астана ­қаласы бойынша филиалының 2 бөлімшесі бар. Біз сол филиалдың біріне бас сұғып, операциялық бөлім жұмысымен танысып қайттық.

Елорданың оң жағалауындағы Талғат Бигелдинов көшесінде орналасқан бөлімшеде келімді-кетімді халықтың аяғы үзілмейді. Оның үстіне биыл 1 шілдеден бастап ­Әлеуметтік кодекс күшіне енгелі келетіндер қатары екі есе көбейген екен. Аталған кодексте зейнетақы жүйе­сіне қатысты бірқатар өзгеріс қарастырылып, салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілген. Жалпы филиал бойынша күніне орташа есеппен 200-ге жуық адам келіп, Қордың қызметіне жүгінеді. «Қордың жүрегі» саналатын операциялық залға кіріп, біз де көппен бірге талон алдық. Сөйтіп, зейнетақы қорындағы қаржымыздың көлемін білуге бекіндік. Бөлімнің негізгі міндеті – жинақтаушы зейнетақы жүйесі аясында жеке және заңды тұлғаларға сапалы қызмет көрсету. Арнайы құрылғыдан кезек талонымды алған соң, көп уақыт өтпей мені №6 үстелге шақырды. Бөлім қызметкері Сәуле Әмірқұлова дереу жеке куәлігімді сұрап, Қордағы зейнетақы шотымда мерзімінен бұрын алуға болатын қанша қаржы бар екенін және оны қандай мақсатта жұмсап, қанша көлемде алуға болатынын айтып, тұшымды ақпараттар берді.

– Бұл ақпаратты сіз БЖЗҚ-ның қосымшасын ұялы телефоныңыз­ға жүктеп алу арқылы да кез келген уақытта біле аласыз. Оған жеке сәйкестендіру нөміріңіз бен электронды-цифрлық қолтаңбаңыз арқылы кіруге болады. Сол жерде ай сайынғы төлемдер, Қорға түсіп тұрған жарнаңыздың көлемі туралы да ақпараттарды табасыз. Дегенмен кейбір егде жастағылар бұл қосымшаны біле бермегендіктен немесе басқа да сұрақтар мазаласа, осында өздері келеді. Әрине, келетіндердің дені – зейнет жасындағылар, сонымен қатар, жұмыс істеп жүрген азаматтар да баршылық. Олар қазіргі кезде Қордағы ең төменгі жеткіліктілік шегінен артық ақшасын мерзімінен бұрын алу, оны қандай мақсаттарға, қалай алуға болатыны туралы сұрақтармен келеді. Осы және өзге де мәселелер бойынша қызмет көрсету үшін біздің бөлім таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді, – дейді бөлім маманы.

Бөлімшеде салымшыларға бірнеше бағытта қызмет ұсынылады. Бұл кейбір азаматтардың өтінімі бойынша олардың тұрғылықты жеріне жол тартатын барып қызмет көрсету тобы, жерлеу, мұрагерлік және мүгедектерге берілетін төлемдер жасау сияқты мәселелерді қамтиды. Бөлім қызметкерлері келушілерге зейнетақы калькуляторы, яғни «инфокиоск» құрылғысының да жұмысын көрсетіп отырады. Бұл ретте тұрғындар жеке деректерін енгізу арқылы келешекте алатын зейнетақысының мөлшерін есептей алады. Мен де өзімнің 2044 жылы зейнетке шыққанда шамамен 400 мың теңгеге жуық зейнетақы алатынымды осы калькулятордың көмегімен анықтадым. Ол үшін, әрине, әлгіндей мөлшердегі зейнет­ақы алу үшін сол жасқа дейін бүгінгідей тұрақты жұмысымды жалғастыра беруім керек…

Қор, сонымен қатар, Еуразия­лық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім бойынша уәкілетті оператор болып саналады. Бұл құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қатынастарды реттеуге бағытталған. ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет осы одаққа мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыруға арналған құқықтарды өз азаматтарына берілетін құқықтар көлеміне тең көлемде ұсынылуына кепілдік беруі тиіс.

– Салымшылар бізге келіп, өздерін мазалайтын түрлі сұраққа жауап алады. Біріншіден, зейнет жасына жеткен азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жинаған қаржылары туралы ақпарат алып, оның ай сайын қалай бөлінетінін біледі. Сонымен қатар І, ІІ топтағы мүгедектігі мерзімсіз деп танылған адамдардан үйіне барып қызмет көрсетуге орай сұранымдар түседі. Сондай-ақ, жұртшылық біздің жүйенің электронды қызмет көрсету серверіне қосылу туралы кеңес алуға келеді. Бүгіндері электронды-цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азаматтың Қор сайты арқылы жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініш беруге, жеке зейнетақы шотынан көшірме алуға, өзі туралы, яғни телефон нөмірі, мекенжайы ауысқан жағдайда өзгеріс енгізуге мүмкіндігі бар, – дейді операциялық бөлім бастығы Жанар Жұмашева.

Қордың ең маңызды қызметінің бірі – зейнетақы жүйе­сіндегі өзгерістерді дер кезінде халыққа жеткізу. Екінші қызмет түрі – өзгерген мекенжайларды, мерзімі өткен құжаттар мен телефон нөмірлерін енгізу. Сондай-ақ, қайтыс болған салымшыларды жерлеуге арналған біржолғы қаражатты алу мақсатында қажетті құжаттар мен мұрагерлікті ресімдеуге байланысты тиісті құжаттарын қабылдау.

– Зейнетақы қорының қыз­меттері онлайн режимде де жүзеге асырылады. Электронды-цифрлық қолтаңба арқылы Қор сайтына кіріп, әр азамат өз зейнетақы шотындағы қаржыны көре алады. Бұл салымшыларымыздың 24 сағат бойына ақпарат алуына мүмкіндік береді. Өз кезегімізде олардан салымдарын тұрақты түрде бақылап отыруын сұраймыз. Салымның тұрақты болуына қарай еңбек өтілі қалыптасады. Базалық зейнетақы да, жалпы еңбек өтілі де соған байланысты болады, – дейді бөлім басшысы.

Қор өкілдерінің айтуынша, жарна аударудың үш жолы бар. Біріншісі, міндетті жарна, бұл ай сайынғы табыстың 10 па­йызынан жиналады. Екіншісі, кәсіптік жарна, бұл зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің жұмыс берушілері аударатын жарна. Үшіншісі, ерікті жарна, оны қанша мөлшерде және қай уақытта аударуды салымшылар өз қалауымен анықтайды.

Жалпы Қор жұмысын жетілдіру барысында жаңашылықтың көп екеніне бұл жолы да куә болып қайттық. Қызметтердің басым бөлігі цифрлық жүйенің арқасында қашықтан көрсетіледі. Мұның бәрі әсіресе қартайған немесе мүгедек жандардың үйден шықпай-ақ, Қор қызметін пайдалануына мүмкіндік беріп отыр.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button