Қала мен Сала

Ерекше жандарды жұмыспен қамтыған

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грантқа ие болғандардың бірі – «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының жетекшісі Эмин Әскеров. Елордалық кәсіпкер сегіз жылдан бері әлеуметтік маңызы бар жобалармен белсенді айналысып, бұл үрдісті бүкіл ел бойынша сәтті дамытып келеді.

Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғыз­ілікті аналар, балалар үйінің түлектері, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандар сияқты халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар арасында жұмыссыздықтың жоғары деңгейі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Дәл осы мәселені шешу үшін 2015 жылы «Green Tal» кәсіпорны құрылған болатын. Міне, сол уақыттан бері әлеуметтік кәсіпкер әртүрлі жастағы балалардың дамуына арналған сан алуан ағаш ойыншықтармен бірге жиһаз, кәдесый және тігін өнімдерін өндірумен айналысып келеді. Сонымен бірге кәсіпорын жанында IT-қызметтер көрсету бойынша әлеуметтік шеберхана және полиграфия да бар.

Біз келгенде шеберханада қызу жұмыс жүріп жатты. Ағаштан түйін түйген шеберлердің барлығы дерлік ерекше жандар екен. Олардың әр детальды асықпай егеп, бір ғана ойыншықты құрастыру үшін қажетті бірнеше бөлшекті келесі адамға дайындап беру ісін көзімізбен көрдік.

– Қазіргі таңда мұндай ойыншықтарды көп ешкім шығармайды. Себебі оны жасау өте қиын. Естеріңізде болса, мұндай ойыншықтар бұрын тек кеңестер одағы кезінде шығарылатын. Өйткені ағашты кескеннен кейін оның қырын ерекше ыждаһатпен егеп, ерінбей тегістеп, ретке келтіру оңай шаруа емес. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл жұмыстар еш қиындық тудырмайды. Олар сегіз сағат бойы бір орында тапжылмай, әр детальды ерекше шыдамдылықпен тегістеп шыға алады. Біздің жұмысымыздың басты ерекшелігі де осында болса керек, – деді Эмин Әскеров.

Таза ағаштан жасалған ойын­шықтар көздің жауын алады. Мәселен, мына бір жүк көлігі балалардың архитектуралық дағдыларын дамытуға арналған. Ойыншық 200 элементтен тұрады.

Бұл цехта сондай-ақ кәдімгі тойларда кәдесый ретінде тойбастарға таратылып жүрген ағаш қобдишалар да шығарылады екен. Жеке кәсіпкердің айтуынша, ойыншықтар мен жиналмалы жиһаздарды негізінен балабақшалар мен мектептер және жеке тұтынушылар тапсырыс беру арқылы, көбіне әлеуметтік желілер арқылы немесе бірінен-бірі естіп, келіп сатып алып жатады.

Біз тігін цехында да жұмыстың қызған шағына тап болдық. Алдыңғы қатарда орналасқан тігін машинкасында кіріп-шыққан адамдарды елең қылмай, өз бетімен іс тігіп отырған жас қызды әңгімеге тарттым.

– Бұл – менің алғашқы жұмыс орным. Екінші топтағы мүгедекпін. Сондықтан да болар, бұған дейін еш жерге жұмысқа алмады. Тек, осыдан екі жыл бұрын қалалық Жұмыспен қамту орталығы арқылы осы шеберханаға жұмысқа орналастым. Қазір қолға ұстайтын сумкалардың қажетті бөлшектерін тігіп жатырмын. Ұжымым өте жақсы. Жұмысым да өзіме ерекше ұнайды, – деді елордалық Нұркеш Байсалбаева.

Қазақстанға Монғолиядан 2007 жылы көшіп келген Ағзам Қамар болса осы цехтағы ең тәжірибелі, он саусағынан өнер тамған нағыз шеберлердің бірі екен. Осы кәсіпорында 2019 жылдан бастап «қандастар» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп келеді. Бүгінде жүннен жасалған маталарға бізбен өрнек тігудің хас шебері тапсырыспен түрлі күртеше, шарф, тіпті пальто да тігетінін жеткізді.

Жалпы, тігін цехында қазіргі кезде 14 адам жұмыс істейді екен.

– Әлеуметтік кәсіпкерлер – бұл кез келген әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпорындарды құратын адамдар. Мысалы, өз басым 2015 жылы «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының негізін қаладым. Біз әлеуметтік санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін шешеміз. Біздің жоба шеңберінде қазіргі таңда шеберханада барлығы 45 адам еңбек етеді, олардың 95%-ы – әлеуметтік санатқа жататын азаматтар. Әрине, біз жастарға назар аударуға тырысамыз. Өйт­кені олар ойлағанын іске асыра алмай шектелсе, қиналатынын түсінеміз, – деді Эмин Әскеров.

Расында да, кейінгі кездері өкінішке қарай, Қазақстанда шизофрения мен аутизм ауруы бар балалардың саны өсіп бара жатыр. Диспансерлік есепте тұрған балалардың жұмысқа қабілеті болатынын барлық жұмыс берушілердің бірдей ескере бермейтіні шындық. Бұл ретте «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы таптаурынды түсінікті бұзып, дәл осы санаттағы азаматтардың тең мүмкіндіктерге лайық екенін дәлелдеумен келеді.

– Қазақстанда 300-ге жуық әлеуметтік кәсіпкер бар. Ал Ұлыбританияда олардың саны 70 мыңнан асады. Ол елдегі әлеуметтік кәсіпкерлердің салықтық түсімдерінен түсетін сома ЖІӨ-нің 10%-дық үлесін құрайды. Әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді шешіп қана қоймай, мемлекеттік бюджетті толықтырады, – деді Эмин Әскеров.

Бүгінде «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының Павлодар және Екібастұз қалаларында филиалы бар. Онда бас бостандығынан айрылып, колонияда отырған және бұрын сотталған адамдарға арналған цех жұмыс істейді.

Қазіргі таңда жалпы саны 45 адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер бізбен қоштасарда келешекте зауыт ашсам деп армандайтынын, сол күнге аман-есен жетсе, әлі 100 шақты әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмыспен қамтамасыз еткісі келетінін жасырмай айтып қалды. Қаржыны көбейту үшін емес, айналасына қайырымдылықты көбірек насихаттап, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қоғамнан алшақтатпай, керісінше оларды өздеріне лайықты жұмыспен қамту арқылы жігерлендіріп жүрген жанның діттегеніне жетер күні алыс емес-ау. Лайым солай болғай!

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button