Sport

Қазақ боксының Қанаты



Кеше Алматыдан Астанаға Қанат Ислам мен бапкері Нельсон Лопес келді. Олар 9 қыркүйекте өтетін жекпе-жекке дайындалу үшін елордада бір ай бойы дайындалатын болады.

Бокс кешінің ең басты кездесуі Қанат Ислам мен Брэндон Кук арасында өтеді. Боксшылар 1-ші орта салмақ дәрежесінде WBA Inter-Continental және WBO-NABO нұсқасы бойынша титулына жұдырықтасады.

Қанат Исламның айтуынша, алдағы уақытта өтетін жекпе-жекте ел намысын қорғайтын боксшылар тыңғылықты дайындалып жатыр. Мәселен, ол осыған дейін бір ай бойы жігіттер Алматы қаласында дайындалғанын тілге тиек етті.

– Алматыда біз «Астана арландарының» жігіттерімен бірге жаттығып, біраз тәжірибе жинадық. Қазіргі таңда таудағы жаттығуларды аяқтап, Астанаға ат басын тіреп отырмыз. Енді бір ай бойы осында дайындалып, байрақты бәсекеде барымызды салсақ деп отырмыз. Өйткені бізге мұнда елорданың ауа райына бейімделіп, бой үйрету керек болып отыр.

Сондай-ақ осында тек қана спарингтер өткізіп, 9 қыркүйекке дейін дайындық жұмыстарын жалғастырамыз. Өйткені бұл жолғы шаршы алаңда кездесетін қарсыласым оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Мәселен, Брэндон Кук бұған дейін бірде-бір рет жеңілмеген тіс қаққан спортшы. Жалпы, өз басым кез келген кездесуге сақадай сай болып дайындалып шығамын, – деді боксшы.

Айта кетейік, 9 қыркүйек күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегі ғимаратында кең ауқымда бокс кеші өтеді. Жекпе-жекке Жанқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0, 2КО), Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев (2-0, 1КО) сынды боксшылар да шығады.

Серік Жолдасбай




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button