Руханият

Қанатты жылдар жемісі



Ғафу Қайырбеков – артына үлкен әдеби мұра тастап кеткен қанатты ақын. Ол өлең сөздің ұлағатты ұясы болып саналатын Торғай топырағында 1928 жылы 15 тамызда дүниеге келген. Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Жетім бала санатында болғандықтан, Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматыдағы № 9 қазақ мектеп-интернатын 1966 жылы бітірген болатынмын. Сол жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетіне түспек ниетім болғанымен, ол жылдары құжаттар тапсыру үшін екі жыл еңбек өтінімі қажет еді. Неге екені белгісіз, филология факультетіне түсуге ниет білдірмедім. Ақыры, әрі ойлап, бері ойлап, Қазақстан Жазушылар Одағына жол тарттым.

Ондағы ойым, сол жерден ақын ағамыз Кәбдікәрім Ыдырысовты тауып алу. Қадамым сәтті болды. Кәбдікәрім ағамыз Қазақстан Жазушылар Одағының екінші хатшысы екен. Ол кісі мені өзіне көмекші етіп жұмысқа қабылдады.

Жазушылар Одағында еңбек етіп жүрген кезімде талай танымал әдебиет майталмалдарын көрдім.

Жасы үлкен, қызметі жоғары болса да, бір көргеннен-ақ жатсынбай жаныңа өзі келетін, жайдары шырайлы жан – белгілі ақын ағамыз Ғафу Қайырбеков болатын. Ол кісі мінез-құлқымен де үлгі-өнеге беретін. Көзім көрмесе, араласпасам олай деп айта алмас едім. Қашан байқасам: Ғафу ағамыз Жазушылар Одағының екінші қабатындағы фойедегі диванда жас талапкер ақындармен әңгіме құрып отыратын. Ол кісінің қамқорлығын көрмеген жас ақын бірен-саран шығар. Ағаның адамға деген, әсіресе жастарға деген жүрек жылуы бірден сезілетін.

Көп жазушылардың арасынан Ғафу Қайырбеков ағаны көру маған қатты әсер қалдыратын. Ол кісі өзінің қарапайым мінезімен, сыпайы сөз әлпетімен қатты ұнайтын. Көрген сайын қалімді сұраумен шектелмей:

– Балақай, өлең жазып жүрсің бе? – деп сұрайтын.

Өмірдің өзі қызық екен! 1970 жылы мен Москвадағы М.Горький атындағы дүние­жүзілік әдебиет институтына түскенімде, Ғафу ағаның баласы Бақытпен бірге оқитын болдым.

Бастапқыда Бақытты ақын ретінде танысам, кейін оның бойында көптеген дарын тұнып жатқанын ұқтым. Бұл жанұяның, әке мен баланың бір-бірінің жырларын аударғандарын білдім. Ғафу аға қазақша жазса, Бақыт орысша жазатын. Бұл да бір таң қалатын жайт.

Танымал ақын, Қазақстанның белгілі жазушысы Ғафу Қайырбековті білмейтін қазақ кемде кем. Ол әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген.

Ақынның публицистика саласына қосқан үлесі де зор. Қаламгердің «Ақжелкен», «Жел қайық» атты публицистикалық жинақтары – публицистика саласындағы классикалық қорға енген мұралар. Бүгінгі жас тілшілерге үлкен әдістемелік оқу құралы болары анық.

Бәдеш анамыз ақын ағаға тұрарлық жар еді. Олар қашанда бірге жүретін. Ағамыз қайда барса Бәдеш анамызды қасынан тастамайтын. Олар – қырық жылдан астам уақыт қос аққудай жарасып өмір сүрген жандар.

Ағамыздың жан жары: «Ғафу жүрегіме ақындығымен, ерекше сабырлылығымен жол тапты» дейді. Әкесіз өскен қыз жарының анасына жасаған жақсылығын ұмытқан емес. Ғафу ағамыз Бәдеш анамыздың анасын өз анасындай сыйлап өтсе, Бәдештің анасы Ғафу ағамызды баласындай қатты жақсы көрген. Бәдеш анамыз еңбекқор ақын ағамыздың таптырмас көмекшісі бола білді. Ақынның жазғандарын машинкаға басатын да, жазған жырларын алғашқы болып оқитын да өзі еді.

Бабаларымыз: «Атадан ұл туса екен, ата жолын қуса екен» деп бекер айтпаса керек. Бақыт Ғафуұлы Қайырбеков – ақын, режиссер, сценарийші. Ол Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын, КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлер жоғарғы курсын тәмамдаған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Лауазымды қызметтер атқарса да шығармашылығын ұмытқан жоқ. Қаншама жыр кітаптары, деректі фильмдері дүниеге келді.

Ресей жазушысы Георгий Пряхин: «Бақыт шығармасын орысша жазса да, бірақ одан қазақи болмысы көрініп тұрады» деген екен. Айтса айтқандай. Бақыттың «Күзгі сырласу», «Өмір сүремін деп айт» сияқты оншақты поэтикалық жинақтарында шын мәнінде қазақтың иісі мүңкіп тұр.

Бақыттың ақындығына қоса аудармашылық қыры да ерекше. Қос тілді шебер меңгерген ол ІV-ХХ ғасырдағы жыраулар поэ­зиясын, Абдолла Жұмағалиев, Мұқағали Мақатаев, Оразақын Асқар, Есенғали Раушанов сынды ақындардың жырларын аударды, әкесінің эпикалық поэзиясын орыс тілінде әдемі жеткізді.

Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты тарихи еңбегін келістіріп аударып шықты.

Бақыт, сонымен қатар, деректі фильмдерді түсірудің шебері. Олардың сценарийін де өзі жазады, түсіретін де өзі. Ол түсірген деректі фильмдер халықаралық кинофестивальдерде үздік шығып отырды. Отыздан астам деректі фильмдердің жасалуына атсалысқан өнер қайраткері. Бұған қоса Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық етеді.

Бақыттың алғашқы деректі фильмі әкесіне арналды.

Қаламгердің қыры көп, ол туралы айтсақ, жеке мақала болар еді. Бақыт – әке жолын жалғастырған, әке аманатына адал жан.

Ғафу ағамыз биыл 95 жасқа толар еді. Ол кісі – өз жырлары мен шығармалары арқылы арттағы ұрпаққа көп сыр қалдырған қаламгер.

Баянды ӘЛПИ,

журналист-жазушы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button